• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 10:25:42
Алматы
+35°

20 Қараша, 2017 Әлеумет

Құдайдан қорыққан қазының әділдігі...

Атақты ғалым әл-Кәусари "Хусн әт-тақади" (Қазылықтың жақсылығы) атты еңбекте имам Әбу Юсуфтың төсек тартып, өлім халінде жатқанда айтып берген оқиғасы.

Имам Әбу Ханифаның ең танымал шәкірті Әбу Юсуф ұстазы Әбу Ханифаның ілімін одан әрі дамытып, ханафи мазһабының ғылыми негізін жетілдірген, өзінен кейін талай ғалымдарды тәрбиелеген ғалым ретінде елге танымал. Ол өз заманының талай ғалымдарының ілімінен сусындаған, көптеген ғалымдардың мұраларын келер ұрпаққа жеткізген ұлы тұлғалардың бірі. Имам Әбу Юсуф, сонымен қатар, Һарун әр-Рашидтің заманында Ислам халифатының бас қазысы қызметін де атқарған. Ол туралы, оның басынан өткен талай оқиғалар ауыздан-ауызға тарап, ел ішінде жыр болып айтылып жүрді. Сондай ғибратты оқиғалардың талайы хатқа да түсірілді. Біз оның өмірінен өнегелі бір оқиғаны сіздерге жеткізуді ниет еттік.

Атақты ғалым әл-Кәусари "Хусн әт-тақади" (Қазылықтың жақсылығы) атты еңбекте имам Әбу Юсуфтың төсек тартып, өлім халінде жатқанда айтып берген төмендегі оқиғасын келтірген.

Әбу Юсуф: "Аллаһтың атымен қасам ішіп айта аламын: Мен ешқашан зина жасаған емеспін, ешқандай үкім шығарғанда әділетсіздікке бой алдырмадым. Бұған қатысты өзім үшін қорықпаймын. Тек бір үкім ғана мені үрейлендіреді", – деген. Сонда одан ол үкім жайлы сұралады. Ол: "Һарун әр-Рашид маған адамдардың арыздарын оның көзінше оқып, қол қоюымды талап ететін. Мен түскен арыздарды бір күн бұрын бір қарап шығатынмын. Бірде менің қолыма бір христианның мүміндердің әміршісі Һарун әр-Рашидтің үстінен түсірген арызы түсті. Ол өзінің затын Һарун әр-Рашидтің одан тартып алғандығын айтып шағым түсірген екен. Оның шағымын оқып болғаннан кейін одан нақтылап: Сен жоғалтқан затыңды кімнің қолынан көрдің?" – деп сұрадым. Ол: "Мүміндердің әміршісі Һарун әр-Рашидтің қолынан көрдім", – деп жауап берді. Мен одан: "Ал ол заттың пайдасын кім көруде?" – деп сұрадым. Ол: "Мүміндердің әміршісі Һарун әр-Рашид", – деп жауап берді. Мен одан қанша рет мүміндердің әміршісінен басқа бір адаммен даулас деп ұсыныс тастасам да ол өз райынан қайтпай қойды. Содан амал жоқ оның шағымын басқа шағымдарға қосып келесі күнге әзірлеп қойдым. Шағымдарды қарайтын күні адамдарды бір-бірден шақырып, олардың арыздарын Һарун әр-Рашидтің алдында оқи бастадым. Бір кезде кезек әлгі христианға да келіп жетті. Мен оны шақырдым да шағымын мүміндердің әміршісіне оқып бердім. Шағымды тыңдап болғаннан кейін Һарун әр-Рашид: "Бұл зат бізге тиесілі. Оны Мансурдан мұраға алғанбыз", – деп жауап берді. Мен әлгі христианға: "Жауапты естідің ғой. Сенде ол заттың саған тиесілі екендігіне дәлелің бар ма?" – деп сұрадым. Ол: "Жоқ. Алайда мен ол Құдайдың атымен ант ішпейінше, мен ол затқа қатысты ақымнан бас тартпаймын", – деді. Мен Һарунға: "Уа, мүміндердің әміршісі! Ант ішесіз бе?" – деп сұрадым. Ол: "Әрине", – деп жауап беріп, ант ішті. Осыдан кейін әлгі христиан кетіп қалды. Әбу Юсуф: "Мен тек осы мәселеден қорқамын", – деді. Сонда оған адамдар: "Мұның несіне қорқасың? Сенің ісің жөн емес пе?" –  деп сұрады. Әбу Юсуф: "Мен Һарунды айыпталушы ретінде дауласушының қатарына отырғызбадым", – деп айтқан екен.

Пайдаланған әдебиет

  1. Найф Мағруф. Тараиф уа науадир. – Бейрут: Дәр ән-нәфәис. 2011. 2-том. 74-б.

 Р.С. Мухитдинов

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің доценті

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір