• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 09:58:39
Алматы
+35°

19 Шілде, 2018 Әлеумет

«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының ашылмаған сырлары

Қазақ әдебиеті мен тарихының тамыры тым тереңде болып, бір ғасырдан бері біз оны қанша бұтарласақ та, ашылмаған сырлары әлі көп

Қазақ әдебиеті мен тарихының тамыры тым тереңде болып, бір ғасырдан бері біз оны қанша бұтарласақ та, ашылмаған сырлары әлі көп. Сол телегей теңіздің бірі «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жыры төңірегіндегі әпсаналар.

Арғы бет әдебиетінде де оқтын-оқтын тілге тиек етіліп қалатын бұл тақырып әлі де болса зерттеуді қажет етеді. Біз сол зерттеулерге мұрындық болар деген оймен Қарабайдың Қара Ертістегі іздеріне азырақ үңіле кетпекшіміз.

Осы тақырып аясында алғашқы сөз қозғаушының бірі – жазушы, тарихшы Асқар Татанайұлы. Ол кісінің 1987 жылы Шынжаң халық баспасынан жарық көрген «Тарихи дерек, келелі кеңес» кітабындағы «Беген шабылған Қарасеңгір оқиғасы» (89-бет) атты мақаласында мынадай жолдар бар:

«Атадан қалған аңыздарда Қарасеңгір Сарыбай ханның мекені делінеді екен. Сарыбай ханның бейіті ол кезде құлаған болса да, ескі орны бар болғандықтан осы жерді таңдап алған Беген бай: «Сарыбай ханның сансыз малы сиған жерге менің мың сан қарам неге симасын?!» – дейді екен». А.Татанайұлы секілді ескі көздердің қалдырған дерегі бойынша сол дәуірдегі Өр Алтайға жеткен қазақ көшінің қариялары: «бұл жерде Сарыекең жатыр еді» деп жер болған ескі төбелерге құран оқып еді делінетін.

Жалпы, Асқар Татанайұлы тарихи шындық тұрғыснан жалған дүдәмалға бармайтын кісі. Көргенін, естігенін әлде неше қарияның айтуы арқылы, ескі жазбалармен бекітіп, екшеп, сұрыптап көпке ұсынатын. Олай болса жоғарыдағы әңгіменің мәні де бар, дәні де бар.

Айтылымдардағы айырмашылық – бұл өңірді біреулер Сарыбайға, енді біреулер Қарабайға телиді. Екеуінің жасаған жері ретінде де айтылады.

Біз аңызға толы Алтайда туып өстік. Сол аңызды өлкенің ескі хикаясында сақалы беліне түскен ұлы кәрілер: «Қарабай Ертісті өрлей көшкенде, Баянның әпекелері «Қозы соңымыздан іздеп келсе белгі болсын» деп қонған жұрттарына білезігін тастапты. Енді бір көшкенде жұртына алқасын тастапты. Қазіргі Алтайдың Қабасындағы «Алқабек», «Білезік» деген өзен аттары содан қалған екен. Буыршын деген өзен аты да Баянның буыршынын әдейі қалдырған жер екен» деседі.

«Қозы Көпеш-Баян сұлу» жырында:

«Баян қыз көк буыршынға мінді дейді,

Сол өлген кісіні алды да жүрді дейді» деген жолдар кездеседі. Мұндағы буыршын – түйе түлігі емес Баян мінген жүйрік аттың есімі ретінде де аталады. Алтайдың Жеменей-Сауыр өңірінде «Қырық құдық» деген жер аты болса, Алтай қаласына қарасты Қызылжар өңірінде «Қырық құдық», «Қурайты» аталатын жерлер бар.

Көктоғай ауданының Тұрғын ауылының Шалғыр деген жерінде «Қозы Көрпеш-Баян сұлудың бейіті» аталатын жерге айналған ескі қорымдар бар. Аталған қос ғашықтың бейіті делінетін жердің басында құстың суреті салынған қос құлпытас тұр. Тастың бірі тік тұр, биіктігі екі жарым метр, жалпағынан көлденең ені қырық сантиметр. Қыр ені жиырма бес сантиметр. Әр қырына қазақтың сыңар мүйізді өрнегі айшықталып, жалпақ бетіне бес құстың кеудесінен жоғарғы суреті түсірілген.

Бұл жайында Шынжаңдық әдебиетші, ғалым Бексұлтан Кәсейұлы «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты кітабының 1-том (Шынжаң халық баспасы, Үрімжі, 1996жыл) 441-бетінде, сол маңда туып өскен, халық ауыз әдебиетін, шежіре-деректерін көп жиып, жадына сақтаған фолклоршы Рабхат Ниғыметұлының жоғарыдағы деректерді айта келіп: «халық аңыздарында Қарабай «жетім қалған Қозыға қыз бермеймін» деп Арқадан ауа көшкенде, жолда қатты жұт болады. Сол жұттан ығып, көше-көше байыздаған жері осы Шалғыр жайлауы екен. Осы маңдағы мазардың жанында тегінде қалың қайың болған. Оны жұрт «Белқайың» деп атайды. Қарабайдың қойшысының таяғынан өскен қайың деседі. Бұл арада «Қарабайдың бейіті» делінетін ескі мола да болған. Қазір осы арадағы су қоймасының астында көміліп қалды. Ол жылқының жал-құйрық қылын қосып балшық илеп жасалған, аса мықты бейіт еді. Біреулер кезінде оны шабамыз деп сайманның тісін батыра алмапты. Алтайдағы бес қыл бейіттің ең ескісі сол еді. Осы ауыл маңында «Шоқ қамыс» деген қамыс болған. Ол Қозы мен Баянның кезегіп тұратын тұрағы екен. Ауылдың батысында биік шоқыдан тай қазанның үлкендігіндей тас қазан тас ошақта асулы тұр. Жұрт оны «Баянды іздеп келгенде Қозы сол тауда жатып ет асып жеген қазан» дейді» дегенін тілге тиек етеді.

Кейіннен аталған құлпытастың фото суретін жариялаған, жазушы-зерттеуші Баяхымет Жұмабайұлы да бұл деректерді растай түсіп, 1940 жылдарға дейін жылқы қылы араласқан көне зираттың қасынан өткен адамдар, аттан түсіп құран оқып, жоқ дегенде: «Ассалаумағалейкум, Қарабай ата!» деп сәлем беріп өтетінін жазады. («Шұғыла» журналы, 1986 жыл, 8-сан. 125-126 беттер).

Бір қызығы зерттеушілердің пайымынша аталған екі ескі кешенде түркі дәуіріне жақын келеді екен. Және де бұл хикаяны шертушілердің көбі оқиғаны қазіргі ШҚО өңірінен қарастырады. Тіпті қытай Алтайы деген күннің өзінде бір өзеннің – Ертістің бас-аяғы ғана. Бір-біріне аса шалғай емес. Аталған дарияның оң қапталындағы ат аяғы еркін жететін 500-600 километр аумақта боланының баяны көп. Соған қарағанда аңыз бен ақиқаттың арасы да бір-біріне жақын келеді.     

Мен (Жәди Шәкенұлы) «Қаралы көш» атты тарихи роман жаздым. Осы кітапты жазу барысында өте анық болмаған, бірақ аңыз түрінде әр кімдер жағынан қайталанатын бір ескі әңгімеге қайран қалғаным бар. Атап айтқанда, 1895-1900 жылдар шамасы Бөке батыр Жырғалаңұлы қазіргі ҚХР-дың Чиңхай өлкесіндегі Көккөлдің (моңғолдар: «Көкнұр», қытайлар: «Чиңхай көлі» деп атайды) бойына келеді. Сонда ескі әңгіменің елесін қуған кәрілер көл бойынан керегенің ескі сағақтарын тауып алады. Біреулер мұны: «Уақ Еркөкшенің елінен қалған екен» десе, енді біреулер: «Қарабай мен Сарыбайдың ұрқынан қалған белгі екен» дейді. Осы өңірге осыдан кейінгі келген көлемді көш Елісхан Әліпұлының бастауымен 1937-1938 жылдар келген. Сол көш бойында болған үлкендердің айтуы бойынша кей жерлерден тасқа қашалған ескі араб, шағатай үлгісіндегі жазуларды көргені сөз болады. Әлгі жазулар да: «Біз Қарабайдың ұрқы едік. Кейінгі ұрпағымыз осы елге сіңіп кетті» деген мазмұндағы сөздердің бар екенін аңыз етісуші еді. Тіпті сол өңірдегі тұрғылықты халықтар арасында: «аталарымыз өзге жұрттан келген мұсылмандар екен» деп Құран Кәрімнің қиқымдарын көрсеткені де көп айтылатын.

Осы жайлар сөз болғанда қытайдағы жазушы Шәміс Құмарұлы: «Ақсайлық жазушы Қабылқақ Күлмесханұлының айтуынша сары ұйғырлардың ішінде қазаққа жақын бір руы бар екен. Олар өздерін біз Қарабай мен Сарыбайдың ұрқымыз дейді екен. Бір қызығы оларда қазақ сөзі дерлікке жуық таза сақталған екен» дегенді айтады (Ш.Құмарұлы «Әдебиет және шындық», 1999 жыл, Іле халық баспасы, Күйтүн. 186-бет).

«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырындағы:

Әзіреттің тауынан аса көшіп,

Шолақ қорған Қара көл жерге кетті, – дейтін жолдарды еске алсақ, тамыры белгісіз болған талай тарихтың сорабы көрінеді. Әсіресе, мұндағы «Әзіреттің тауы», «Шолақ қорған», «Қара көл» деген жер аттары қазіргі Шынжаң аймағының Шынжаңның солтүстігінен ұйғырлар мекендеген оңтүстік Шынжаң өңіріне, одан ары Гансу-Чиңхай териториясына өтетін жерлерге меңзес келетіні кісіні қызықтырды. Гансу мен Чиңхайдың шекарасында «Қаракөл» деген көл аты да бар.

«Қозы Көрпеш – Баян сұлу жырының» енді бір нұсқасында:

Дамыл аял көрмейді көзі терлеп,

Өзге жақпен жүре алмас малы кернеп.

Дамыл жоқ та, тыным жоқ көше беру,

Өне бойы жағалап Ертісті өрлеп» – деген жолдар бар.

Жоғарыда ауызға алынған «Қаралы көш» романындағы оқиғалар мен  Халифа Алтайдың «Алтайдан ауған ел» дерегі бойынша қазіргі Шығыс Қазақстан аумағынан Ертісті өрлей көшкен көш осы өзеннің басына дейін барып, одан оңтүстікке ойысып, Бәйтік, Қаптық, Баркөл, Құмыл өлкелері арқылы Тибет үстіртінің бауырына дейін жылжиды. Енді қараңыз, аңыздағы Қарабайдың көші де осы ізді тұспалдап тұрғандай. Толық айғақталмаған дерек бойынша Қарабайдың елі сары ұйғырлар арасына сіңіп кеткен болса, кейінгі қазақ көші осы жолды басып өтіп, Гималай асады. Үндістан-Пәкістан арқылы Түркияға жетеді.

1950 жылдан кейін оңтүстік Шынжаң өңірінің Шәршен, Шақылық, Лопнұр, т.б. жерлеріне әр түрлі қызмет бабымен барған көз қарақты кісілердің айтуынша, өздерін «қазақтардың ұрқымыз» дейтін ескі ауылдардың тарпы көп болған екен. Бірақ тіл, салт-дәстүр жағынан жергілікті халықтарға барынша сіңісіп, ұлттық ерекшеліктерінің дерліктей жойылғанын айтатын.

Жырда Баянды іздеген Қозының алпыс күндік шөлден өткені баяндалады. Қазіргі Аякөз өңірімен есептегенде ол маңда ешқандай 60 күндік шөл жоқ. Алтай өңірінен қарастырғанда бірі «Құбының құмы» аталатын Жоңғар ойпатына, екіншісі Такламакан шөліне ұқсайды. Такламаканнан көрі Алтаймен қанаттас жатқан Жоңғар құмдығы шындыққа бір табан жақын.

Енді бір аңызда Өр Алтайға көшіп келіп құм жайлаған ескі ауылдың хикаясы шертілетін. Сол ауылдың бір жігіті түйе киіктің киелі бурасын өлтіріп алып, бүкіл ауылы зауалға ұшыраған екен десетін. Құм төбенің үстіндегі бураның басы неше күндей боздап, сол өңірді жайлаған ел торғайдай тозып, қырылатыны қырылып, ауатыны ауып кетіпті десетін сол әңгімеде.

Осындай     сан тараулы аңыз-әпсаналарға қарағанда, қалайда елдің Алтайға қарай қайта қоныстана бастаған 1760-1800 жылдарынан көп бұрын, мүмкін, бірнеше ғасыр бұрын, осы өңірде қазақтардың болғанын көрсетеді. Олар Сарыбай ауылы ма, Қарабай ауылы ма, ол жағы беймәлім. Алтай, Тарбағатай өңірі жоңғардың өтінде болғандықтан аталған көшпелі ауылдардың оңтүстікке қарай ойыса көшуінің де себебін жоққа шығаруға болмас. Біздегі қазақ хандарының алғашқы кезеңдерімен сабақтасатын бұл оқиғаның түпкілікті мәнінің өзі көптеген соны, белгісіз, жұмбақ тарихқа жетелейді.

Сол көп сауалдың бірі Қозыға жау болған Қодар кім? – деген сұрақ. Қытайлық қазақтанушы ғалым Су Бихай өзінің «Қазақ мәдениетінің тарихы» (Шынжаң халық баспасы, 2005 жыл, Үрімжі, 691-бет) кітабында: «... Мұны естіген торғауыт батыры Қодар Баянды алу үшін Қарабайдың малын шөлден құтқарады» дейді. Демек, Қодар – моңғолдың торғауыт руының батыры болғаны. Олай болса қазақтар мен торғауыттар қай жерде қоңсылас отырды? – деген тағы бір сауал қылаң береді де, тағы да «төсекте басымыз бір, төскейде малымыз бір» болған ежелгі түркілік дәуір еске түседі. Осымен үндес тағы бір жай В.В.Радыловтың «Қозы көрпеш-Баян сұлу» кесенесін моңғолдар салған болуы мүмкін деген дерегі. Тіпті моңғол дәуірінен көп бұрын салынған деген күннің өзінде ол тағы да тамырласқан түркі-моңғол дәуіріне тура келеді екен. Онан тереңдегенде де арғы бабаларымыз сахарада бірге жасаған һұн дәуіріне тіреледі.

Осындай ойлардың жүлгесінде, жоңғарлар «бізді қуды, қырды-жойды» деген заманның өзінде солардың малшы-қосшысымен қоңсылас қазақ ауылдарының аңыз бен ақиқат арасында өмір сүріп, еркін көшіп жүруі сынды тереңдей зерттеу таппаған тағы бір тақырып бой көрсетеді.

Жырдағы жер аттары ғана емес, салт-дәстүр, тұрмыстық өзгешеліктер мен дінни наным-сенімдердің өзі індетіп ізденуді қажет етеді.

Енді жырдың жазылуы мен таралуына азырақ аялдай кетсек, оның халық арасында кең тараған түрлерін айтпаған күннің өзінде «жыр тарихта қазіргі Ертіс бойындағы Алтай, Тарбағатай өңіріндегі қазақтар арасында көбірек жырланған және таралған» (Б.Кәсейұлы «Қазақ әдебиетінің тарихы», 1-том. 408 бет. Шынжаң халық баспасы, Үрімжі, 1996жыл).

Қазақстан жағында да жыр хақында талай-талай еңбектер жазылып, жырдың 16 нұсқасы барлығы сөз болады. Кейіннен зерттеушілер оның санын 26-ға жеткізген. Көбі 1827-1900 жылдар аралығында ел аузынан жазып алынғандар. Жырдың жазылу мерзіміне аялдағанда біреулер оны 1550 жылдар төңірегінде жазылды десе, енді біреулер 1700 жылдар ішінен қарастырады. Енді біреулер ежелгі түркі дәуірінде туғанын айтады. Соншама көп нұсқалылығына қарағанда межелерді терістеудің де мүмкіндігі аз. Соның ішінде қазақ хандығы дәуірінің алды-артында туғанына да құрметпен қараған жөн сияқты. Аталған жыр әлемнің жиырма неше тіліне аударылып, біз түгілі шетел әдебиетшілері мен зерртеушілерінің де назарына ілігіпті.

Шынжаң жағында жырдың Жанақ ақын жырлаған нұсқасы 1980 жылы «Шалғын» (4-сан) журналында жарияланған.

Жырды зерттеушілердің барлығы оны қос ғашықтың еркіндігін, теңдігін іздеген адал махаббаты және оның құрбандары тұрғысынан қарастырады. Шын мәнінде бұл жерде ежелден келе жатқан дала заңының бұзылуына деген қарсылық та бар еді. Анығын айтқанда һұн, түркі дәуіріндегі көшпенділердің қатал заңын бұзушы Қарабай қызын бесікте атастырған, жетім Қозыға бермей қашады. Уағданы – заңды бұзады. Осы жолда арпалысқан екі жас опасыздыққа деген қарсылықты өз өмірлерімен көрсетеді. Кіршіксіз махабатқа ұмтылу ғана емес, ата-бабадан келе жатқан ескі салтты қорғап құрбан болудай екінші мәні бар. Мұнда ежелгі түркінің жазылмаған заңдарының алтын парақтары жатыр. Және де мұсылмандыққа, исламға саятын тұстары мен шамандық белгілері де аз емес. Тағы бір жағдай Қарабай Қозыдан тек қана қызымды алып қоймасын деп қана қашты ма дейтін сауал. Мүмкін, Сарыбайдың буаз маралдың кисесіне ұшырап пәлеге жолығуын, дінни тұрғыда да аса қатерлі «кие атқан», «жын жайлап, пері соққан» деген секілді қарғыс жайлады деп білді ме, кім білсін?!

Тағы бір назар аударарлық түйін Баянның күймесі немесе шатыр жапқан арбасы хақында. Ежелгі дәуір көшпенділерінің, соның ішінде қазақтардың ата-бабаларының «шатыр жапқан арбаға отырған ұлт» аталғанын еске алсақ, қазіргі Тарбағатай, Алтай тауларында сондай жолдардың сорабының әлі жатқандығында. Біздің ауылдың кәрілері оны «Әмірсана құңтайжының арба жолы» дей салады. Кеңдігі жағынан қазіргі даңғылдармен парабар сол жолмен киіз үйлі арбамен көшетін болған. Сол ескі жолдың сорабы қазіргі ШҚО өңірінен бастау алып, Ертісті қиялай өрлеп, қытай Алтайын басып, Моңғолия жеріне өтеді. Алтай тауларындағы жартастарда арбаның суреті әліге дейін тұр. Бұл арада Қарабайдың сонша ұзақ жол басып көшуі, Баянның күймемен жүруі, әрине, даңғыл жолдың болғандығын көрсетсе  керек.

Баяндалған барлық жайларға үңіле отырып, бұдан бұрынғы зерттеушілердің «рулық», «феодалдық», «ғашықтық», «таптық» терминдері төңірегіндегі зерттеулерін қайта қарастыру керек деген ой туады.

Осының бәрін сабақтастыра келгенде, Қара Ертісті өрлей көшкен Қарабай ауылының елесін көргендей боламыз. «Аспанда құдай, жерде түркі» болған бағзы териториямыздың картасы көлемінде көшіп-қонын жүрген қазақ байы – Қарабайға таңданудың да қажеті болмас. Кеңестік дәуірдің илеуіне көбірек түскен тақырып болғандығы себепті, жаңа қазақтың, мұсылман түркінің көзімен қарау қажетттілігі де туындайды. Мұның бәрі зерттеушілердің мойнына түсетін ауыр жүк.  

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір