• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 12:26:16
Алматы
+35°

02 Ақпан, 2018 Әлеумет

Қор болған өмір: Мұндайды ешкімнің басына бермесін

Кәмелетке толмаған қыздардың 39%-ы 18 жасқа дейін тұрмыс құрады

Орталық Африкада қыздарды ерте жастан тұрмысқа береді. Соның кесірінен қыздар мектеп бітіре алмай, жоқшылықтың зардабын шегіп, тұрмыстық зомбылықтың құрбаны болады.

Camfed қайырымдылық ұйымы қыздар үшін орта білімнің қаншалықты маңызды екенін Орталық Африка халқына түсіндіру жолында еңбек етіп жүр.

Әйел

Camfed-тің Малави, Замбия, Танзания, Зимбабве мен Ганадағы өкілдері қыздар мәжбүрліктен ерте тұрмыс құратынын айтады.

- Ерте тұрмысқа шыққандардың көбі ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар. Қарттар жоқшылықтан қыздарын күйеуге береді. Олар үшін бұл қиын жағдайдан шығудың ең тиімді жолы, - дейді Африкадағы Camfed ұйымының директоры Анжелина Муримирва.

Айта кетейік, Орталық Африкада қыздардың тек 8%-ы ғана орта мектепті бітіреді.

Жоқшылықтан арылу

Африкада 125 миллион кәмелетке толмаған қыз тұрмысқа шыққан. Кәмелетке толмаған қыздардың 39%-ы 18 жасқа дейін тұрмыс құрады.

Орталық Африка тұрғындарының көбі қызды жастайынан тұрмысқа беру арқылы қаржылық қиындықтан арылуға болады деп ойлайды. Алайда, ол жағдайды ушықтыра түседі.

Кедей аудандарда ата-ана барлық тапқан-таянғанын ұлының біліміне жұмсайды. Олардың ойынша, ұлдардың білім алуы өте маңызды. Және балалардың жұмысқа тұру мүмкіндігі қыздарға қарағанда жоғары әрі оларды мектепке жіберу қауіпті емес. Осылайша олар қыздарына білім алуға мүмкіндік бермей, қыздарының болашақта отбасына әкелетін қаржылық көмегінен айырылады.

Әдетте әйелдер қолындағы ақшасын отбасына жұмсайды. Мәселен, қаржыны балаларының, сіңлілері мен інілерінің немесе жақын туыстарының біліміне салады. Бұл дегеніміз, білім алған қыз отбасын жоқшылықтан алып шыға алатынын білдіреді. 

Қыздардың көбі неке білім алуға жағдай жасайды деп үміттенеді. Алайда, олар жүкті болып оқуын тоқтатады немесе оларды үйде құл ретінде ұстайды.

Қыз

Орталық Африкада қыздардың 75%-ы бастауыш сыныпқа барады, бірақ тек 8%-ы ғана орта мектепті аяқтайды.

ЮНИСЕФ-тің есебі бойынша, кәмелет жасқа толмаған қыздарды күйеуге беруге қарсы ешқандай шара қолданылмаса 2050 жылы "кішкентай қалыңдықтардың" саны екі есе өседі.

12 жастағы тұрмыстағы әйел

Глорияның (есімі өзгертілген) әкесі қайтыс болғанда оның жасы 12 еді. Анасы 10 баламен жесір қалды.

Олар Замбияның ең кедей ауылында тұрған. Онда жұмыс орындары жоқтың қасы.

- Мен тұрмыс құруға дайын емес едім. Ол уақытта отбасы құрудың не екенін  білмедім. Қатты қорықтым, - деп еске алады Глория.

Глория тойдан кейін мектепке бармады. Үй шаруасымен айналысып, қосымша жұмыс іздеді.

Тұрмыс құрғанына жарты жыл толғанда Глория бала көтерді. Күйеуі кенеттен қайтыс болғанда оны күштеп қайын ағасына тұрмысқа берді. Глория тұрмыстық зомбылықтан көз ашпайтын. Соның салдарынан баласын жоғалтып алды.

Бірнеше жыл өткеннен кейін Глория қайта жүкті болды. Ол уақытта екінші күйеуі қайтыс болды.

- Қалай босану керек екенін білмедім. Мен үйде босандым. Үйде ешкім жоқ еді. Менің даусымды естіген көршілер көмекке келді, - дейді Глория.

Басқа миллиондаған қыз секілді Глория жоқшылықтан құтыла алмады. Себебі оның білімі жоқ.

Camfed Assоciation арқылы білім алған қыздар ұйымға Глория туралы айтқан.  Camfed-тің көмегімен алғаш білім алғандардың бірі Анжелина Муримирва. Ол Camfed Assоciation-ді құрғандардың бірі.

- Бастауыш сыныпқа жыртық көйлекпен баратынмын. Тойып тамақ жеген кезім есімде жоқ. Ата-анам маған мектепке қажеттіні сатып алу үшін жүгері сатқанда өзімді кінәлі сезінетінмін. Бір қалам үшін мұғалімнің ыдысын жуатын кезім болған, - дейді Анжелина.

Ол Зимбабведе туылды. Анжелинаның емтихан нәтижесі ел бойынша ең жақсы көрсеткіштердің бірі болса да ата-анасы оны орта мектепке беруге жағдайы келмеді.

- Анам менің жоғары сыныпқа өтуімді қатты қалады. Алайда, ол үшін ақша болмады, - дейді Анжелина.

1993 жылы Анжелина Зимбабведегі Camfed ұйымдастырған мектепке ең алғашқылардың бірі болып түсті. Содан бері ол аталмыш ұйымнан кеткен емес. Қазір Camfed-тің атқарушы директоры.

Қайырымдылық ұйымы 2 миллион қызға білім алуға көмектесті. 2020 жылы бір миллион қызға орта білім беретін мекемеде оқытуды жоспарлап отыр.

Мектеп

Camfed қамқорлығындағы адамдардың оқу ақысын төлеп, оқулық, мектеп форма мен гигиеналық заттармен қамтамасыз етеді.

- Біз көмекке мұқтаж адамдарға қол ұшын беруге тырысамыз. Көбіне кішкентай қыздар көмекке зәру. Олардың өмірде қорғаны жоқ. Қыздарды ерте тұрмыс құруға мәжбүрлейді. Білім – барлығын түбірімен өзгерте алады. Білімді ана балаларын оқытады. Мұндай әйелдер үшін барлық есік ашық, - дейді Comfed директоры.

Мектеп

17 жастағы Глория соған мысал. Ол қазір білім алып жатыр. Оқуын аяқтағаннан кейін дәрігер мамандығын игермек.

- Мен дәрігер болғым келеді. Біздің ауылдағы ең алғашқы дәрігер атанамын, - дейді Глория.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір