• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 10:06:07
Алматы
+35°

16 Шілде, 2018 NEWS

Қоқысқа көмілген Бали аралын құтқарып қалған екі қайсар қыздың оқиғасы

Биыл Бали аралында пластикалық пакеттерге толықтай тыйым салмақ

Экология - бірінші орында тұрған ғаламдық мәселе. Заманның техникалық жағынан ілгері дамуы жақсы-ақ, алайда заман қаншалықты дамыса, экология да соншалықты құртылуда. Мұның артында үлкен апаттар тұрғаны да баршамызға мәлім. 

Бүгінде күнделікті өмірде қолданып жүрген заттарымыздың басым көпшілігі пластик заттардан жасалады. Оның қаншалықты зиян екенін білсе де, көптеген адамдар демалуға барған жерлерінде кез келген жерге тастап кетуде. Көптеген аралдар мен жағажайларды қазіргі таңда пластик қоқыстар басып қалған.

Биыл Бали аралында пластикалық пакеттерге толықтай тыйым салмақ. Мұндай шешімді қабылдауға екі бойжеткеннің ықпалы зор болды. Мелати және Изабель Вийсен есімді апалы-сіңлілер Bye Bye Plastic Bags кампаниясын бастағанда небәрі 10 және 12 жаста болған. Олар өздері тұрып жатқан аралды ластауға қарсы тұрды, өздеріне жұрттың назарын аударту үшін, тіпті, аштық та жариялаған.

Бали

Индонезияда әдемдегі пластикалық қалдықтардың ең көп бөлігі өндіріледі. Бір ғана Бали аралы 680 текше метр қоқыс шығарады: көлемі бойынша 14-қабатты мекемемен тең. Оның тек 5 пайызы ғана қайта өңделеді. Қолданылған пластикалық заттардың басым көпшілігі мұхитқа тасталып, жаңбырлы немесе желді күндері қоқыс жағажайға шығып қалады. Бали және 17 мыңнан астам индонезиялық аралдар пластикалық заттармен көмкеріліп қалып жатады.

Бали

Мелати мен Изабель Вийсен Бали аралында туып өскен Өздерінің сүйікті аралының қоқыспен көміліп жатқанына шыдамаған апалы-сіңлілер 2013 жылы өткен әлемдік көшбасшылар туралы сабағынан кейін өздерінен: «Өзіміздің арал үшін дәл қазір не істей аламыз?» деп сұрақ қойып, қоқыс мәселесіне назар аудара бастайды. Осылай Bye Bye Plastic Bags идеясы туындайды.

Бали

Олардың алғашқы қадамы – пластик заттарға тыйым салу туралы губернаторға жазылған петиция болды. Олар 100 мыңнан астам адамның қолын қойдырғанмен, губернатор ол қыздардың айтқан мәселесіне құлақ аспай, петицияны қарамаған. «Қоқыс – ол әдеттегі жағдай» деп жауап берген. Сол кезде апалы-сіңлілер олардың сөзіне құлақ аспайынша тамақ жемейтіндерін айтып, аштық жариялаған. Пластик заттарға тыйым салудың аса қажет екендігіне ата-анасын, мұғалімдерін, достарын және туыстарын көндіріп, таң атқаннан кеш батқанға дейін нәр татпай, әлеуметтік желіде қайта-қайта осы мәселені көтеріп жазып отырды. Бір тәуліктен кейін екі қызды мектептен полиция қызметкерлері алып кетіп, губернатордың офисына келген. Губернатор апалы-сіңлілерге өз алғысын жеткізіп, 2018 жылы Бали аралында пластик заттарға толығымен тыйым салу жөніндегі ресми құжатқа қол қойған.

Қыздар, әрине, тек петициямен шектеліп қана қойған жоқ. Олар өздерінің жақтастарын жинап, жағажайды тазарту жұмыстарын бастап кеткен. Кейіннен 12 мың адамнан құралған волонтерлер жағажайдағы қоқыстарды жинауға кірісіп, үлкен нәтижеге қол жеткізді.

Бұл екі қыздың қайсарлығы мен оқиғасы бүкіл жұртшылыққа үлгі боларлықтай екені сөзсіз. Біздің елімізде де тазалық жағынан соңғы орындарда тұратын қалалардың экологиялық жағдайы кімді де болсын алаңдатуы тиіс. 1000 жылдық тарихы бар, көпшіліктің сүйікті қаласына айналған Алматы да экологиялық жағдайы нашар қалалардың көшін бастап тұр. Ауа сапасының нашарлығымен қатар қаладағы қоқыс мәселесі өршіп тұр. Мұның шешімі жоқ деп қол қусырып отыруға да болмас.

10-12 жастағы қыздардың қолынан келген нәрсе біздің де қолымыздан келері анық. Сол себепті, әркім тазалықты өзінен бастап, қолына қолғап киіп қоқысты жинамаса да, айналасын ластамай жүрсе екен дейміз!

Nazerke Labihan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір