• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 14:05:50
Алматы
+35°

22 Қаңтар, 2018 Әдебиет

Қытайдағы қандастарға хат

Алдыңда Атажұртың бар: азанда көш, бесін көш.

 

Тағдыр ма, әлде заман ба

маңдайға сызған таңбасын,

Жазбайын десем жанға ауыр,

айтпайын десем арға сын.

 

Жатқа кеткен жерімде,

жан бауырым бар еді,

Қылбұрау түсті-ау мойныңа,

қытайда қалған қандасым!

 

Атажұрт - алтын бесігің,

шаршасаң сүйер арқаңды,

Арқардай алшаң бастырған

маңырап жеткен марқаңды.

 

Ұзын арқан, кең тұсау

болар деп бейқам жүрдің бе,

"Туған жер - алтын тұғыр" деп,

қия алмай алтын Алтайды?

 

Жылдарға көміп сағыныш,

жүрекке шерін тағады Ай,

Жәнібек алған Қара Ертіс

буынып, жылап ағады ай.

 

Бөрілер жортқан боз дала ең,

қаптады-ау қара құмырсқа,

Уыстан шығып өр Алтай,

қайырылмай кетіп барады-ай!

 

Жүректі немен жұбатам,

уақыт, өзің айт емін,

Ештеңеге қарамай,

есің барда қайт, елім!

 

Темір ноқта киіліп,

діл мен тілден ажырап

- жәудіреген қара көз

"ханзу" боп кетсе қайтемін?..

 

Саясат деген сайқалдың

түйіні бар ма шешілмес?

Алдыңда Атажұртың бар:

азанда көш, бесін көш.

 

Сен жоғалтсаң біздерді,

біз жоғалтсақ сендерді,

Балбал тас болып сөйлейтін,

кәрі тарих кешірмес!

 

Тағдыр ма, әлде заман ба

маңдайға сызған таңбасын,

Жазбайын десем жанға ауыр,

айтпайын десем арға сын.

 

Күйіңді көріп күйінем,

үніңді естіп егілем,

Хатымды оқып елге жет,

қытайда қалған қандасым!

 

 

Ербол Бейілхан. 21.01.2018 ж.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір