• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 13:19:19
Алматы
+35°

21 Қараша, 2017 NEWS

Қырғызстан өкілі БҰҰ-да: Шекарадағы қиындықты Қазақстан қолдан жасап отыр

Қырғызстанның Нью-Йорктегі БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдігі ұйымға мүше елдерді қазақ-қырғыз шекарасында қалыптасқан жағдайдан хабардар етті.

Қырғызстанның Нью-Йорктегі БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдігі ұйымға мүше елдерді қазақ-қырғыз шекарасында қалыптасқан жағдайдан хабардар етті, деп Qamshy.kz ақпарат агенттігі Азаттыққа сүйене отырып жазады.

Қырғызстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі 17 қарашада БҰҰ штаб-пәтерінде Бас Ассамблеяның екінші комитетінің отырысында экономикалық, экологиялық және қаржылық мәселелерге қатысты бірсыпыра қарар қаралғанын хабарлады.

«Бір жақты экономикалық шаралар - дамушы елдерді саяси және экономикалық тұрғыдан мәжбүрлеу шаралары ретінде» деп аталатын қарарды талқылау кезінде Қырғызстан өкілі Миргүл Молдоисаева Қазақстанның 10 қазаннан бастап шекарада «адам, көлік пен тауардың еркін өтуіне қолдан кедергі жасап отырғанын» мәлімдеген.

«БҰҰ-ға мүше елдер қазақстан-қырғызстан шекарасында қалыптасқан жағдайдан, Қырғызстан экономикасына зиян келтіру үшін және елдің инвестициялық әрі туристік тартымдылығына нұқсан келтіру мақсатында экономикалық және транспорттық блокада қолданылып жатқанынан хабардар етілді» делінген сыртқы істер министрлігінің хабарламасында.

Қарарда бір де бір мемлекет басқа мемлекетті өзіне тәуелді қылу мақсатымен біржақты экономикалық, саяси я басқа қандай да бір шараларды қабылдай алмайтыны айтылған. Қырғызстан делегациясы құжат қабылданса ол елдің орнықты дамуына нұқсан келтіріп, ынтымақтастықты бұзатын кедергілерді жоюға түрткі болатынынан үмітті екенін білдірген.

Қырғызстан аталған қарардың қабылдануын қолдап дауыс берген.

7 қазанда Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев президенттікке кейбір кандидаттар мен Қазақстан билігінің атына қатар сын айтқан. Осыдан көп ұзамай, 10 қазанда Қазақстан Қырғызстанмен шекарада тексеруді күшейтіп, шекараның қырғыз жағында жүк көліктерінің кезегі пайда болған. Тараптар 19 қазаннан бастап жолаушылар көлігі мен жүгі бар жолаушыларды өткізуді жеңілдетуге келіскен болатын.

Астана шекарадағы тексеруді Қырғызстаннан келетін «контрабандамен күресу үшін» күшейткенін айтады. Бішкек Қазақстан шекарада «қолдан кедергі жасап отырғанын» айтып, Дүниежүзілік сауда ұйымына және Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) жүгінген.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір