• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 10:48:42
Алматы
+35°

18 Қазан, 2017 Экономика

Қырғыз-қазақ шекарасындағы шиеленіс екі ел экономикасына қалай әсер етпек?

Бүгін «Rixos Almaty» қонақ үйінде жетінші «Сауда, көлік және жеміс-көкөніс секторының өсу келешегі» атты Орталық Азия сауда форумы өтті.

Бүгін қазанның 18-і «Rixos Almaty» қонақ үйінде жетінші «Сауда, көлік және жеміс-көкөніс секторының өсу келешегі» атты Орталық Азия сауда форумы өтті. Форумға Орталық Азия, Азия және Еуропадағы компания басшылары, мемлекеттік сектор өкілдері мен сала сарапшылары, жалпы 500-ден аса делегат қатысты. Екі күнге созылатын сауда форумы әлемдік саудада бәсекеге қабілеттілікті нығайтуға және де Орталық Азия аймағында жаңа жұмыс орындарын құру мақсатында орын алды. Компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін көтеру мәселелерін талқылау форумның басты мақсаты.

Форумға өндірушілер, жеміс-көкөніс өнімдерін сатушылар және сатып алушылар, көлік-логистика секторының өкілдері, сауда желілері мен мемлекеттік органдар өкілдері, инвесторлар, халықаралық ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысуда. Бұл туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігі тілшісі хабарлайды.

Баспасөз конференциясына АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джордж Крол, Raimbek холдингі директорлар кеңесінің төрағасы, Райымбек Баталов, «KAZLOGISTICS» Қазақстан көлік қызметкерлері одағы төрағасының орынбасары Лавриненко Юрий және Өзбекстанның Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Махмудова Гульнора ханым қатысты.

Конференция барысында Райымбек мырза бұл форумның Орта Азия мемлекеттері арасындағы байланысты жақсартып, тәжірибе алмасуға өте тиімді іс-шара екендігін атап өтті.

Баспасөз мәслихатында тілшілер «қазіргі саяси жағдайдың қазақ-қырғыз сауда-саттығына әсер етуі мүмкін бе?» деген өзекті мәселені көтерді.

Қырғыз-қазақ шекарасындағы шиеленіс сауда-саттыққа қалай әсер етуде?

qamshy.kz

«Эксклюзив» журналының тілшісі Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы шиеленістің сауда-саттыққа қалай әсер етіп жатқандығын сұрады.  Саясаттың экономикалық қарым-қатынастарға араласуы дұрыс па?-деген сұраққа Лавриненко Юрий мырза жауап берді:

«Шекарадағы жағдайдың саясатқа қатысы жоқ және оны бақылауда ұстауға болады. Мұндай бақылау тек қазақ-қырғыз шекарасында ғана емес, барлық шекараларда іске асырылып жатыр».

qamshy.kz

Лавриненко Юрий мырзаның сөздері дәлелді болуы үшін Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі форум аясындағы көрмеге өз тауарларын ұсына келген қырғызстандық өкілдердің бірі Гүлжан Аракеевамен тілдескен болатын. Одан Атамбаевтың Қазақстан туралы айтқаны мен шекарадағы мәселелер жөнінде сұрағанда ол:

«Қазақ пен қырғыз өткен замандардан бері бауырлас халықтар. Қазіргі саяси жағдай жөнінде пікір білдіргім келмейді. Әрине виза алу қиындықтар туғызғанмен, Қазақстан бізді өте жылы қарсы алды. Біз Қырғызстаннан кеше ұшып келген болатынбыз. Қазақстанға екінші рет келуім, ұйымдастырушыларға және ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығымды білдіргім келеді»,- деді.

Форумға өздері жасаған қолөнері мен жеміс-көкөністерін ала келген қырғызстандық азаматтар екі ел арасындағы сауда-саттықты нығайтуына және тығыз байланыс орнатуға үмітті екендіктерін жасырмады.

Бүгінгі 7-ші Орта Азиялық «Сауда, көлік және жеміс-көкөніс секторының өсу келешегі» форумы аясында болған баспасөз мәслихатында «Қазақ сауда сөрелеріндегі қытайлық тауарларды қазақстандық өнімдер қашан  алмастырады?» деген сұрақ талқыланған.

Бұл өзекті сұрақ Алматы қаласындағы дүкендерде сатылатын сапасыз қытайлық көкөністер мен жемістер жөнінде болды.

«Қазақстандық сауда сөрелерінде қашан тек қазақстандық өнімдер сатылатын болады»?,- деген сұраққа Райымбек Баталов мырза жауап берді:

«Қазіргі таңда елімізде белгілі бір нарықтың қалыптасқаны рас. Елімізде көктемгі, жазғы және күзгі мерзімде Орта Азияда және Қазақстанда өсірілген көкөністер мен жемістер саудаланса,  қыста бұл өнімдер көбіне Қытайдан әкелінуде. Оның себебі, көкөністерді өсіретін жылыжайлардың аздығы. Оған қоса, біздің елде жылыжай салу Қытай мен Өзбекстанға қарағанда әлдеқайда қымбат. Дегенмен, бүгінгі күні бұл мәселенің шешімі табылып келе жатыр, өйткені жылыжайлар салуға көптеген инвестициялар салынуда», - деді.

«Қазақстанда жылыжайларда өсірілген тауарлар жеткілікті болған күннің өзінде, қыс мерзімінде олар Ресей мен Сібір аймағына экспортталады. Өйткені онда өнімдерді қымбатқа сатуға болады. Осы арада тепе-теңдіктің бұзылуына көз жеткізуге болады. Ішкі нарықта өндірілген тауар сыртқы нарықта қымбатырақ бағаланады. Сондықтан, өндірістік саланы барынша дамыту қажет, сонда ол ішкі де, сыртқы да нарықты қамтамасыз етуге жетер еді».

Қытайлық өнімдерге келсек, Райымбек мырза, бұл тауарлардың қазақстандық сөрелерден жойылмайтындығын айтты. Оның себебін еліміздің ашық нарықта, ашық сауда қарым-қатынас жасағысы келетіндігімен түсіндірді.

«Менің ойымша, қазақстандық жеміс-көкөніс өндірушілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуді аямау керек. Назар салсақ, алматы қаласының өзінде тек бірнеше ірі жылыжайлар ғана тұрақты жұмыс істеп тұр. Осы мәселе бойынша, Өзбекстаннан үйренер нәрсе өте көп. Алайда Оңтүстік Қазақстан облысында шағын кәсіптің дамып келе жатқаны белгілі. Жылдан жылға бұл беталыс дами түседі деген үміттемін».

Сонымен қатар, Баталов мырза қазақстандық сауда-саттықты жүйеге келтіріп, сауда орындарының санын арттыруды ұсынды.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір