• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 16:50:16
Алматы
+35°

25 Сәуір, 2018 Әдебиет

Қыран қалықтаған күн (әңгіме)

Мамырдың мамыражай шуақты күні бір қалыпты атып келеді екен. Бабалық қария аспанда бидайық ұя салардай шөкім бұлт бар екенін байқады.

Мамырдың мамыражай шуақты күні бір қалыпты атып келеді екен. Бабалық қария аспанда бидайық ұя салардай шөкім бұлт бар екенін байқады.

Мосқал жасты, сақалы бурыл тартқан бүркітші қолына қамшысын ұстап, қыстан күйлі шыққан, оттықта тұрған күрең қызыл жылқысын шешті. Ақсақал үзеңгіге аяқ ілдіріп, атқа қонғанда үйден Жанат немересі атып шықты. Қария шылбырды тартпай, кеспелтек денесімен бұрылған.

- Ата, қайда барасыз? – деп Жанат аңға шыққандай жасанып шыққан атасына көз тастады.

- Тау-асты шарлап келейін деген, балам!

-Ата, мен де барайыншы!

- Саған болмайды, балам. Биік құздар бар, қауіп көп.

- Тауға не үшін барасыз, ата?

- Тауда жайылып жүрген жылқыларды көріп келсем бе деймін. Кезіксе, саған бір бүркіттің балапанын алып келем.

- Ой, жақсы болар еді, - деп немересі қуанып қалды.  – Жолыңыз болсын, ата!

  Бабалық ауылдың шетіне ілінгенде өзіне қарай желдіртіп келе жатқан күрең төбел атты жүргіншіні көрді. Қария тізгінді тартып, суыт жүріске таңырқап, тосырқап қалды. Шүңірек көзінің нұры таяйын деген бе, әлде елең-алаңның әсері ме, әйтеуір жүргіншінің кім екенін шырамыта алмады.

   «Шоқытып келе жатқан кім болды екен?» деді күбірлей. Қарияның бет-ажарында таудың жақпар тастарындай қызыл күрең бар. Осылай қарай салт келе жатқан жігітке мойын бұрмай жүре беруді ар санап, қабағын түйіп, үнсіз ойға батты. Күрең төбел жылқының маңдайы мұнарды қақ жарып, төбе көрсетті. «Апырай-ай, лепіріп келе жатқан кім болды екен?», - деді қария тыжырынып.  – Таң сәріден атқа қонған кім болды екен? Кім де болса бұйымтай сұраған біреу болды ғой».  Бұл тапал бойлы, төртпақ денелі ауыл малшысы Есенғара екен. Оқта-текте жолыққанда ұшырасып, ләм-мим деп тіл қатқаны болмаса, шүйіркелескені некен-саяқ.

   Күн сәулесі жанарын жасауратып, жанға жағымды самал еседі. Өзіне қарай ағызып келе жатқан адамға сақалды қарт көзін сығырайтып, әжім торлаған жүзінің бұлшық етін жиырғаны болмаса, дауыстаған жоқ.

- Бабалық аға! – салт атты жақындап қалған екен, жіті желіген күреңнің ер-тұрманы шылдырлады. Балаққа жабысардай болған сазды жерді керте басқан тұяқ дүбірі құлаққа анық жеткен. Бұл мезетте Есенғара да жақындап, ат үстінде қол алысып, аман-саулық сұрасты.

- Аға, тауға бет алдыңыз ба? – деді алып-ұшып жеткен Есенғара бірден бұйымтайға көшпек болды.

- Иә, оны қайдан естіп алдың?

- Әлгі немереңіз... Жанатты айтам. Сиыр қосуға келгенде «Атам тауға бара жатыр, маған бүркіт әкеп береді» деп еді.

   «Е, баласы бар үйдің ұрлығы жатпайды деген осы екен-ау» деп ойлады Бабалық.

- Аға, тауға барсаңыз, етектегі Керімбекке менен дұғай сәлем айта барасыз ба? Өткен жылы көктемде екі-үш жылқы қосып едім, соны көре келсеңіз.

- Жақсы, шырағым, амандық болса жетерміз, - деп қария көп бөгелмей, күрең аттың дағдылы бүлкілімен тауға қарай тартты.

   Бұл кезде Тарбағатай тауының шығыстағы желке тұсына ілінген күннің көкжиегі қызыл арайға малынып, шартарапқа шашырады. Бабалық келе жатқан жасыл қырат, тақиялы дөңдерге індете енген сайын биіктеп, шөптердің жұпар иісі мұрынға ұрды. Кәрі бүркітші әр өскіннің басын бір шалып, байқастаған. Жауыннан соң шөп басындағы шық мөлдіреп тұр. Сүрлеу жолдың тақырлау жеріне келгенде, тастақтан өткенде ат тұяғына бауырмал балшық ілесе кетеді. Аякөз өзені мен Хабар асуына дейін созылып жатқан тауды жас күнінде талай шарлаған. Қария Үржар өзеніне көз жүгіртіп, Тастау шыңына қарай бет алды.  Алтай мен Жетісу Алатауының аралығында орын тепкен таудың өзіне көптен таныс бөктері мен сайларын шолып келеді. Тауға жақындаған сайын буалдыр, әлде шаңыт бар ма, бозарған ауа сан құбылып тұр. Шөбі сорая түскен бұталар желмен тербеліп, беті жалтырап жатқан қойтастар қоңырқай кейіпте міз бақпайды. Аспанда, түу биікте шарбы бұлттар қалқып барады. Көктемнің жаймашуақ күні туып келеді. Қозыкөш жерді еңсеріп тастағанда сандықтастардың жырым-жырым, ирек-ирек шұңқырына су көлкіп тұрғанын көрді. Терең тілімделген гранит тас молынан ұшырасты. Тау ішіне кіргенде жанға да, атқа да жайлы салқын самал есті.                  

   Бүркітші таудың солтүстік беткейі оңтүстікке қарағанда жатықтау, оңтүстігі тік келген, шатқалды екенін білетін. Етектегі жусанды бетеге, бұталар артта қалып барады. Жолдың екі бойында жабайы алма түйіндеп үлгеріпті. Аңғарларда көк тіреген көк терек пен тау шалғыны мол ұшыраса берді. Бабалық бүркіттер ұясын көбіне биік ағаштардың басына, болмаса тау жақпартастарына салатынын білетін. Жас күнінде осы өңірден бүркіт ұшырып, талай түлкі, елік, қасқыр аулаған.

  Қария тау аңғарларын бажайлап қарап, ұшқан құстардың орынын ұзақ зерттеді. Әне, анау тұстан аналық бүркіт аспанға көтеріліп, қанатын құлаш сермеп, батысқа қарай жөнеп кетті. Кәрі бүркітші ұяның орнасқан тұсын нысанаға алып келеді. Ат жүре алмайтын болған соң, жүгенді талға байлап, өзі жаяу тартты.  Кәрілік келген соң жоғары көтерілген сайын екі өкпесі алқынып, екі-үш рет тоқтап дем алды. Кенет құлағына таныс үні естілді. Дыбыс шыққан жаққа жақындағанда бір ұяны көз шалды. Жалғыз ұя жақпартасқа салынған екен. Жалқы балапан. Бабалық әжім торлаған қолдарын ұяға соза берді. Қанаты қатайып қалған балапанды алып, қапқа салды. Атына мініп, шығысқа қарай қиыстай өтіп, жылқы жайып жүрген Керімбекке жолықты

- Уай, ақсақал, жол болсын! – деді қулығы басым, қуақы тілді Керімбек. – Қайдан келесіз?

- Өмір бойы саят құрған адам үйде құр жата алмайды екен. Атқа мінсем, сырқырап қақсаған денемнің құрысы жазылып, өзімді жақсы сезініп қалам. Жас емеспіз, жас келген соң күтінбесе болмайды екен, - деді Бабалық.

- Ауылдан осыншама жер жүріп келгеніңізге қарағанда бір маңызды шаруамен жүрсіз-ау! – деді Керімбек кеңкілдей күліп, қарттың келген мақсатын білмекке құмартты.

- Қазір адам жай жүруші ме еді? Жақсыбекке жылқыларымды қосып едім, малдың қоңын көріп қайтайын деп шыққам. Қыстан сүйектерін сылдырлатып шыққан мал еді. Айтпақшы, әлгі ауылдың малшысы Есенғара малымды көріп келіңізші деп, саған мынаны беріп жіберді, - деп қанжығадан жап-жаңа қамшыны суырып, қолына ұстатты.

- О, мынау деген тоғыз өрімді қамшы екен! Қамшым ескіріп қалып еді, жақсы болды, - деп Керімбек қуанып қалды. – Есенғараға малы дін аман деп айтарсыз. Дегенмен, балаларды жұмсай салатын іске тауға өзіңіздің келуіңіздің сыры бар шығар? – деп қазбалай сұрады.

- Е, шырақ, не сыр бар дейсің? Өмір бойы бүркіт ұстап, аң ауладым. Кейін қатты ауырған соң бүркіт түгіл бас қайғы болды. Кеше телебізірден бүркітшілердің аң аулап жүргенін  көріп, делебемнің қозып кеткені-ай! Диваннан тұрып, көк сандықтың алдына барып тұрып алыппын. Әлгі үйдегі Жанат немерем «Ата, былай тұрыңызшы, бізге көрінбей қалды» деген соң ғана селк етіп, орныма балып отырдым емес пе?

- Оу, ақсақал, бұл салт-дәстүр деген сіздің қаныңызға әбден сіңіп кеткен ғой. Тау-тасқа балапан іздеп шықтыңыз ба? - деді Керімбек. Астындағы маңғал қасқа жылқысы пысқырып қалды. Қарт бүркітші бұл сауалға аңырап қалды да, ешбір күдік күтпестен:

- Е, қолға бір балапан түсті-ау, әйтеуір! – деді.

- Ой, жақсы болған екен, - деп Ерімбет құдды құсты өзіне әкелгендей лепірді.  Ажары айшықтала түсіп, маңдайы жазылып, қуанып қалды.

- Ақсақал, балапанды көрсем бола ма? – деп еді, қария:

- Е, ол деген қазір бір жапырақ құс қой, көретін несі бар? – деді жақтырмай.  Қош айтысып, жылжымақ болды. Керімбек қызыл күреңнің шылбырын ұстап, жалынғандай болып:

- Ақсақал, құсыңызды маған қиыңыз. Сізге екі ауыз мылтығымды берейін,  - деді.

- Өй, сенде бір! Бұл менің аңшылықтан түскен олжам емес саған қиып тастап кететін. Немереме апарып, бүркітті баулап, ата кәсіпті үйретсем бе деймін.  Сенің қилігуінің реті жоқ, қарағым! Мылтығың да керек емес. О бәле аң-құс біткеннің зәресін алып, орманды жаңғыртады. Суқаным сүймейді со бәлені.  Шіркін, бүркіт ұшырып, тазы жетектеп, аңға шыққанға не жетсін! – деді қарт бүркітші. Керімбек артық кеткенін түсініп, үндемей қалды.             

  Бабалық келген жолын қиыстай өтіп, Жақсыбекке жолығып, жылқыларының жай-күйіне қаныққан. Керімбек екеуінің арасындағы әңгімені айтқанда:

- Өй, сол да, көрсеқызар неме екен, баланың құсына таласып несі бар? - деп Жақсыбек кейістік білдірген. 

   Бабалық кеш қарая ауылға жеткенде алдынан он бір жастағы Жанат немересі жүгіріп шықты.

- Ата, тауға қалай барып келдіңіз? Жылқылар аман ба екен? – деді Жанат атасын қолтығынан демеп, аттан түсірді. Қария қанжығаға қол созды. Қап ішіндегі құс тыпыршып, болмашы сыбдыр естілді. Жанат атты оттыққа қойып жатып, бейтаныс дыбысты құлағы шалып қалды.

- Бұл не, ата? – деді таңырқай тосылып қалып.

- Балапан ғой. Бүркіттің балапаны. Саған әкелдім,  - деді атасы. - Қолбаланы ұшуға таяу кезімде ұядан алдым, ақүрпек кезінде алсам, ержеткенде тұра алмайтын тілерсек дертіне ұшырайтын еді.

    Жанаттың қуанышы қойнына сыймай кетті. Ақсақал қап ішіндегі қолбаланы алып, көрсетті. Құс саңқылдаған дауысына ауладағы иттер елең етті. Әсіресе, құмай тазы тілін салақтатып, тесіле қарап қалды.

   Ертеңінде қария мен немересі қолбаланы жемдей жүріп, шақырып үйрете бастады. Балапанды арнайы жасалған үйшікке бос қойып, алдына су қойып, төбесінен саңлау шығарып қойды. Қолбала қарақанаттанған кезде екі артқы тегеурініне баулық тақты. Жанат атасы екеуі темірден айлансоқ байлап, сазды жерге шымнан жертұғыр жасап, ит пен мал бармайтын оңашаға ұзын арқанмен мықтап арқандаған. Кептер, шіл, басқа да құстардың етін ұзын жіпке байлап, көкке лақтырып жіберді де, балапанды жемтігін қағып түсіруге үйретті. Тұғырға отыруға тақаған кезде томаға кигізіп, балақ бау тағып, қолға қондырды. Бауды бірде оң аяғына, бірде сол аяғына алмастырған.

- Ата, бүркітті қолыма ұстап көрсем бола ма? – деді Жанат. Бабалық атасы:

- Әрине, ұстай ғой. Міне, мына биялайды киіп ал, әйтпесе құстың қарулы, тарамыс тырнақтары білегіңді бұтарлап жібереді.

  Жанат қолына құсты қондырды.

- Өзі кішкентай болса да, салмағы ауыр екен, - деді немересі.  – Ата, мен өскенде бүркітші болам.

- Боласың балам, боласың.

   Аз күнде балапан ұшуға жарап, Бабалық етке қант бүркіп, оны қоян, түлкінің, кейде қарсақтың терісіне орап, шыжыммен сүйретіп жүріп жегізіп, «шырға» тартты.

   Бабалықтың құрдасы Ерімбеттің ұлы Ереймен де бүркітші еді. Ол үлкен кісінің тілегін жерге тастамай, олжалаған көжек, түлкінің бөлтірігін тірідей әкеп беретін. Қолбаланы үйреткенде тірсегі қиылған түлкіге салды. Жас бүркітке осы әлжуаз аңдарға салып, тірідей шоқытып, ауыздықтандырып жүрді. Осының бәрін қалынан қалыс қалмай бақылап жүрген немересі әжептеуір тәжірибе жинақтап қалған.

   Арада үш айға жуық уақыт өтті. Шіліңгір шілдеде қария мен немересі атқа қонған. Баптаған бүркітін үшырып, қанжығаларын майламақ болды. Бұл кезде Ақбалақ атанған қолбала кәдімгідей өсіп, аң аулауға жарап қалған.  

  Ажары шоқтай жайнаған Ақтанау тай мінген Жанат көкке қалықтаған қыранды көріп, тамсана таңырқаумен болды. Аңшылық тәжірибесі жоқ, үміті үлкен жас бала қыран көкке көтерілсе болды, ұшқан құс, жүгірген аңды іледі деп ойлаған.  

- Ата, қазір Ақбалақ аң іле ме? – деп сұрады Жанат.

- Өй, балам, бүркіт ұшырсаң болы, аң іледі деп кім айтты саған? – деп кәрі құсбегі жас немересінің аңқаулығына тыжырынып қалды.

   Бұл кезде Ақбалақ кенеттен дүр сілкініп қалды. Жылқы исі сіңді иіс-қоңыстан арылып, саф ауаға сүңгіп кетердей сергіп, қанат жазады. Тотыққан мыстың көк-жасыл ажарындай қатпарлы қауырсындарын қатты сілкіп-сілкіп қалды. Қанаттары оқыс соққан желден ыққан қу қамыстай судыр-судыр етті.    Ақбалақтың қанат қағуына бой үйреткен жылқылар құлақ қайшылағанымен, үрке қойған жоқ. Аялдаған жердегі тізеден келетін шөптің басын кертіп, ауыздығын шылдыр-шылдыр шайнап тұр.

   Қолбала бүркіт аяғымен қара томағасын қағып, тыным бермейді. Ол сабырсыз, тентек құс емес, еркіндікті аңсайды. Жарық дүниені жалаңбас көруге құмар.  Мазасызданып томағасын қағып түсіріп, жанарына дөңгелеген дүние жарқ ете қалғанда тыншыды.

- Жанат, балақ бауын қымтап ұстап! Бұл бәлекетке томағасын қақтырып қойсаң, дәнігіп кетеді, - деді Бабалық.  

- Жарайды, ата!

    Осы кезде жандарына Ереймен шауып жетті. Қатты жүрістен еті қызып, тершіген жарау беймарал тұра алмай, ауыздығымен алысумен болды. Бұлаңдаған күйі жер сүзіп, қозғалақтап бір орнында байыз таппады. Көлбеңдеген бедеуді Ереймен жөнге салмақ болып ауыздығын тарта түсті.

- Ақсақал, Жанат екеуіміз дүрбелең салайық, - деді Ереймен. Қария балдағындағы бүркітін қондырып, тізгінін босатын жәберуге әркеттене қойған жоқ. Далдасы көп жотаға шықса, айналасы алақандай көрінеді. Бабалық басын изеп:

- Жә, жөнеліңдер, - деді. Тазылар балақ адырларды қағып шықты. Ереймен мен Жанат дауыстап, қиқулай шапты. Жыңғыл-жықпылдың арасына жасырынған аң жан-жаққа бытырай қашты. Бабалық бүркітті ұшырды. Алғашқы екпінмен ұшқаны осы болса да, қанатын жазып, көсіле түседі. Осы қарқынмен бір кішілеу түлкіні ілді. Жанат мәз-мәйрам болып, сойған түлкідей ыржиды. Бұл кезде Тарбағатай тауының сайында екінші түлкі төбе көрсетіп үлгерді. Тазы мен түлкінің арасы таяқ тастам жер. Бабалық бүркітін қайта ұшырды. Дәніккен Ақбалақ оны да шеңгеліне ілді. Түлкінің жотасына құстың өкше бармағы – тегеурін аса бата қоймағанымен, екі ойық арасындағы сұқ бармағы  - жембасар мен орта бармағы  - сығым батып кетіпті.  Шынашақ – шеңгелі жарым-жартылай теріге кірген екен.

    Ереймен де қалыс қалмай, қысырдың дағдылы бүлкегіне салып, шоқыта жөнелді. Қолындағы Найзатас бүркіті ерекше құс болатын. Үңгірлене біткен биік қабағы, астында оттай жанған сұсты жанары болды. Қауырсындары біртүсті қарақоңыр болатын. Ереймен аңды көзі шалғанда жасайтын машықпен саңқ етті. Таныс үнді құлағы шалған Найзатас Ерейменнің балдақ ұстап тұрған қолын серпе теуіп, ытқып кетті. Әккі құс жемтігін көріп ұшқан секілді, етпетінен түскендей болған. Найзатас шатынаған көзімен сұқтана қарап, қанатын қағып- қағып жібергенде шапшаң сермей түсіп, қайқаңдап биікке өрледі. Алаңқайға қашқан түлкіге қарай тұтқиылдан тап-тап беруге оқталып, ту биіктен азынай құйғытып, төменге шүйлікті. Құс биіктен қалқи ұшып, орағыта қашқан түлкінің алдынан қиыс өте беріп, қайта айнала соғып, аңды тырнақтарымен емес, табанындағы бүршіктерімен бүріп-бүріп жіберіп, буындырып өлдірді.  

   Осынау кереметке таңырқап, ауызын ашып қалған Жанат қолында құстың жоғына жабырқап қалып еді.

- Ата, Ақбалақты бере тұрыңызшы, мен ұшырып көрейін, - деді сеніммен. - Мен де түлкі ұстағым келеді.

- Жақсы, мықтап ұста! – деп кәрі бүркітші құсты қолына қондырды.

    Бұл кезде күн бесінге тақап, аспандағы алтын шапақтың қызуы көркейе түскен. Үш аңшы жүрген жер бөктер, шалғыны мол төскей болатын. Жанат қолындағы құсын ұшырды.  Тепсінген Ақбалақ тасадан сумаң еткен түлкіні көз шалып, құйғыта жөнелді. Бабалық астындағы атын тепсініп, шоқының басынан ылдиға түсті. Қос жанары Ақбалақтың қимыл-қозғалысын бақылаумен болды. Жанат лекітіп шауып бара жатты. Түлкі әлі көріне қойған жоқ.  Сандықтастардың арасынан бой көрсетпей, бұта-жырамен зытып бара жатқан секілді. Ақбалақ ызғып, бірде төстиіп, сопаң етіп өрледі де, көктен жарқ етіп, оқыс төмен зулап, құлай кетті. Жанат шұғыл шауып, дөннің арғы бетіне өтті.

   Қырдың қызыл түлкісін көрді. Түлкі болғанда сондай үлкен, ірі болатын.  Бабалық «Қалай болар екен, тепсініп қайта ұмтыла ма екен, әлде екеуі айқаса кетер ме екен?» деп ойлап үлгергенше, қос түз тағысы айқаса кетті. Кенет Ақбалақ саңқ етіп, зарлы, ащы дауыс шығарды да, зау көкке көтеріліп, орманға сіңіп жоқ болып кетті.

- Қап! – деп санын бір соқты Бабалық. – Құстан айырылдық-ау!

  Айқасқа түскен түлкі бүркіттің аяғын тістеп алған еді. Құс шошынып қалды ма, әлде жарақатын ауырсынды ма, әйтеуір қайтып оралмады. Түлкі құйрығын бұлаң еткізіп, бұта арасына сіңіп кетті. Жанат құсынан айырылып қалғанына сене алмай, аңырап тұрып қалып еді. Жанына атасы келіп, сабырлы кейіппен арқасынан қақты.

- Бас аман болсын, балам, құс табылар! – деді жұбатып. – Үйге қайтайық.

  Немересі аттың басын ауыл жаққа қарай тартуға селқостық танытқан. Құдды қолынан ұшырған құсы қайтып келердей. Бірақ арада сүт пісірім уақыт өтсе де, құс қайтып оралмады.

- Күтпей-ақ қой, Ақбалақ енді келмейді. Бүркіттің есте сақтау қабілеті мықты, ол аяғын бір рет шайнатып алды ма, екінші рет аңға аттап баспайды, - деді Бабалық көңілі түсіп кеткен немересін жұбатып. Бұл кезде Ереймен өлі түлкінің тілін суырып, Найзатасты қызылдатуға көшіпті. Кәрі бүркітші аттан түспей:

- Біз қайттық, саятшылықтан сән салмады, - деді. Сонда ғана барып Ереймен қария мен немересінің құстан айырылып қалғанын көрді. Тіпті, олжалаған үш түлкі, екі қоян да көңілге медеу бола алмады.  

   Ауылға көңілсіз оралған Жанаттың есінен Ақбалақ кетпей-ақ қойды. Балалар «Бүркітің қайда?» деп сұрағанда «Орманға ұшып кетті» деп селқос жауап берген. Жанаттың Ақбалақтан айылғанын сынаған ауылдастары кәрі бүркітшінің құсты дұрыс баптай алмауынан көрді.

- Е, Бабалық қартаяйын деген екен. Құсы айтқанына көнбей, ұшып кетіпті, - десе, қарияны жақтай сөйлегендер:

- Кәрі түлкі тістемегенде бәрі басқаша болар ма еді? Жас қыран ғой. Айыққан соң қайтып оралар, - десті. Бүркітті баптап жүргендердің бірі мырс етіп күліп:

- «Құстың жүрегі құстың көзінен көрінеді» деуші еді үлкендер. Түнеукүні баланың бүркітін көріп едім, жанары ұнамап еді. Қарашығы тұнық емес, қайратсыз құс болған-ау, - деді.  

   Бұл оқиға көктемде бүркітке көзі түскен жылқышы Керімбектің құлағына да жеткен.

- Құсын менен аяп еді, енді не істер екен? – деді айызы қанып, есесі кетіп, кегін алған адамдай.

    Арада ай сырғыды. Сол күннен кейін Жанатты көңілсіздік басты Үйді сырт айнала бере ұшып кеткен құсын сағынып, «Шіркін, Ақбалақ қайтып оралса ғой. Сені көрер күн бар ма екен, Ақбалақ? Күзде Аякөзде бүркітшілер сайысы өтеді дейді. Соған сені баптасам ғой. Сонда сенің аңнан қаймықпайтын қайсар құс екеніңді бәріне айтар едім. Түлкі іліп, бәріне көрсетер едік. Сен болсаң құлашыңды қайта сермеп, аңға азынай шүйілер едің» деп іштей армандай бастады. Амал қанша, құсы болмаған соң Жанат бұл сайысқа қатыса алмады.

   Ақбалақ жоғалғалы Жанаттың көңіл-күйі нашарлап, сабағына селқос қарады. Әкесі Қасым «Әй, құста басың қалсын, басың қалғыр! Одан да сабағыңды оқымаймысың?! Әкем мені кезінде құсқа баулымақ болған, бірақ менің бүркітші емес, пионер, комсомол болғым келді. Содан жаман болдым ба, жаман болғаным жоқ. Міне, қазір білдей бір бульдезерді жүргіземін» деп ақылын айтты. Жанат үндемеді.

   Бабалық немересінің іштей мүжіліп кеткенін көргенде үнсіз күрсінді.  Ерейменді шақырып, бір істі аманаттаған. Екі күннен соң үйге сау етіп бүркітші кіріп келді. Дастархан басында отырған Бабалық пен кемпірі Ақлима, Қасым мен әйелі Жанаргүлге сәлем беріп:

- Жанат, жүр, мен саған не әкелгенімді көрсетейін, - деді Ереймен. Ол өзі бір пысық, еті тірі жігіт болатын. Жанат үстел басындағы туыстарына бір қарап, бетін сипады да, Ерейменмен ілесе сыртқа шықты. Ереймен аттың еріне қонып отырған, аяқ бауы байланған, томағалы құсты көрсетті.

- Аға, бұл қандай құс? - деп сұрады Жанат.

- Қандай құс болушы еді, түз құсы ғой. Найзатас сияқты. Бұл менің саған әкелген  сыйлығым, - деді күлімсіреп.

- Рахмет, аға! – деп Жанат Ақбалақ қайта оралғандай қуанып қалды. – Өзі өжет сияқты ма, қалай?

- О, бұл құстың мінезі бар. Көресің әлі, бұл құс түлкі тұрмақ, қасқыр алады.  Айтпақшы, қасқыр демекші, жақында бүркітшілердің керемет әңгімесін естідім.

- Бүркіт туралы ма?

- Иә, мына Моңғолияда Қапан Бүркітханұлы деген бүркітші бар. Соған буряттың Қасбатыр деген миллионері келіп: «Бүркіт пен қасқырдың табиғатта жан аямай шайқасын бейнелейтін бейнефильм керек. Бүркітіңді жаңа ұстаған, ауызы ұстарадай қасқырға салайық. Егер бүркітіңді қасқыр жеп қойса, моңғолдың ақшасымен миллион тургик берем, егер зәуде бүркітің қасқырды алса, екі миллион тугрик беремін, - депті. Ақшаға қысылып жүрген бүркітші амалсыз келісіпті. Бірақ түнімен құдайдан «Бүркітімді аман қыла гөр!» деп жылап, жалбарынып таңды атырыпты. Сөйтіп, бүркіті қасқырмен жан алысып, жан берісіп, айқасқа түсіпті. Бүркітшінің тілегі қабыл болып, қасқырды шеңгеліне іліпті. 

- О, ол кісінің бүркіті мықты екен,  - деді Жанат таң қалып, басын шайқады.

- Сенің де бүркітің мықты болады. «Бүркіт қонды, бақ қонды» деген жақсы ырым бар.  Құтты болсын! – деді Ереймен.

- Көп рахмет, аға! Айтқаныңыз келсін! – деді Жанат дән риза болып.

- Ақбалақты ойлап еңсең түспесін. Ол құсың бабы келіспей, жүрексіздік танытқан шығар. Ал, мына қыран қарулы, сіңірлі, қайратты болады. Қыран көк аспанда нүктедей ғана болып ұшып жүрсе де, жер түстес жорғалаған саршұнақты көріп қояды.  

- А-а, сонда қыран қозғалысты ғана көре ме, аға?

- Иә. Жанат, мына  сенің қолыңдағы қасқыр алатын бүркіт шыңда кездеседі.

- А-а, мына қыран қасқырда ала ма? Мен түлкі, қарсақ, қоян ғана алады деп ойласам.

- Ой, бабы келіскен қыран мәлін, суыр, елік, тауешкі, қарақұйрық, ақбөкенді де алады.

- Иә, атам ылғи қазақтар қыран бүркітті ерекше қастерлепті деп айтады.

- Сен оны айтасың, ертеде қаған, хан-сұлтандар, бай-бағыландар қырандарына арнап үй тіккен. Ал кедейлер, ортаңқол құсбегілер қыранын отбасының бір мүшесі көріп, киіз үйінің оң босағасына тұғыр жасап, отырғызған.

- Мен мұндайды естімеппін, - деді Жанат. – Атам да бүркіт жайлы қызықты оқиғаларды айтады.

- Мен сенің атам секілді көпті көрген емеспін ғой. Қартайып тұрған ештемем жоқ, - деп күлді Ереймен. – Бірақ мен кітапты көп оқимын. Сосын бүркітшілермен әңгімелесемін. Жақсы, мен жүрейін. Құсыңды жақсылап бапта!

   Жанат басын изеді. Ереймен атына мініп, жүріп кетті.

   Сол күннен кейін Жанат атасы екеуі бүркітті баптауға кірісіп кетті. Түз құсын жуасытып, ырғаққа отырғызған. Ойнақтаған селкілдекте жығылып қалмас үшін бүркіт қарманып, тыртысып отырып алды. Үш-төрт күн өткен соң ұйқысы қашып, болдырып, мең-зең күйге түскен. Көп ұзамай адамға үйір болып, жуасып, қарсыласуын қойды.

- Ата, Ереймен ағаның бүркіті біздің бүркітке ұқсамайды ғой, - деп тосын сауал тастады.

- Әй, Жанатжан-ау, адамдар да бір-біріне ұқсамайды, құс та сондай жаратылыс иесі ғой.

- Сонда қалай?  -  деді немересі таңырқап. – Ермеймен аға біз секілді «қансоқта», «жылы-жұмсақ», «қызыл тоят» дегенді мүлде бермейді екен. Ереймен ағаның өзі айтты.

- Е, оның бүркітіне артық салмақтың қажеті жоқ қой.  Бүркіт арық болса, әлжуаз болады. Семіріп кетсе, салмағы ауырлап, аңға шаппайды. Бабы келген бүркіт не арық, не семіз болмауы керек, сонда дұрыс болады. «Тартпа», «толарсақты» турап асып, бір-екі рет суға сөлін алып бүркітке берген абзал.

- Ал, Ереймен аға туралып, суда сығымдалған етті береді екен. 

- Е-е, ол «сары бөртпе» ғой. Құстың етін бір қалыпта ұстау үшін қажет. Туралған суға сығымдалып, қан-сөлі алынған етті «ақ жем» дейді. Ол құстың етін төмендету және ашқарақтануы үшін беріледі. 

- Ата, бүркітті қашан аңға шығарамыз? - деді Жанат.

- Бір-бір жарым жыл керек. Түз құсы оңай көнбейді. Аңға шығу үшін бүркіт бабында болуы керек, - деді Бабалық қария. Немересі екеуі қыранға әртүрлі жем беріп, «қайыру» жасады. Қайыр кезінде бүркітке мұсатыр жұтқызып, ішін шайды. Енді бірде аршаның бүрін жұрқызып қоюлатты. Қыр құсы саптыаяқты салдырлатпай, туралған етті қарпып отырды. Бабалық ірі қара малының иленбеген терісінен тігілгін биялайды киіп, тамақтанып болған соң қолына қондырған құсқа жақсы, жағымды сөздер айта бастады.

- Ата, бүркіт бізді түсіне ме? – деді Жанат ауызы ашылып.

- Айтқан сөзді түсінбесе де иесінің айтқан жағымды тілегін естіп, мерейі өсіп қалады. Асы да жақсы қорытылды. Ал, Жанатжан құсынның атын кім деп қоясың?

- Маған Кершолақ деген ат ұнайды. Аты - Кершолақ болсын!

- Әп, бәрекелді! Тамаша ат екен, құйрығы шолақтау ғой, солай-ақ болсын! – деді кәрі бүркітші.

  Кершолақтың қанаты өсіп қатайып, «қылышы» айқасқан соң ұшуға талпынды. Балапан кезінен бапталған Кершолақ бір жыл дегенде әрең мал мен жанға үйренісіп, қан түбіт болған. Жанаттың да бойы өсіп, жасы екіге келіп, бозбала болып қалған.  Бұрынғыдай бүркітке қатысты әбзелдерді сұрай бермейді.

   Қараша айы да келіп жетті. Есік алдында қырбақ қар жауып тастапты.  Бабалық пен немересі түнде жауған қардан кейін ақ түске боялған даланы кезіп, қансонардың қызығына батпақ болды. Бабалық жас күнінде талай рет Тарбағатай тауының жазығында ат өксітіп, шапқанын есіне алды. Кәрілік келген соң оң қолы салмағы ауыр бүркітті ұстауға көп шыдас бермейді екен. Кершолақты ат үстінде алып жүруге қолы шаршамас үшін жасалған тіреу болар айыр басты ағаш таяныш -  балдаққа отырғызған.                     

      Аспан шайдай ашық. Аяқ астындағы қырбақ қар қытырлап, күн сәулесіне шағылысып, хрусталдай сықырлап, жарқ-жұрқ етеді. Бетке болмашы ызғарлы жел еседі. Қос аңшы қанша жүрсе де көзге аң шалынбады. Құмай тазы қар бетіне түскен ізді иіскеп келеді.

- Әй, Жанатжан, мен осы саған он тоғызыншы ғасырдың аяқ шенінде өмір сүрген, осы Тарбағатай өңірінде бүркітші болған Былғақ жайлы айтып пе едім? – деді атасы. Жанаттың ұзақ үнсіздіктен зерігіп келе жатыр еді, бірден қағып алып:

- Айтқан жоқсыз, ата, - деді құсбегі жайындағы қызықты әңгімені естуге құмартып.

- Е, сол Бұлғақ осындай қансонар күні аңға шығайын деп жатқанда әкесі қайтыс болыпты. Жұрт қайғы жамылып жатқанда түзге шығып аң аулауға шығып бара жатпай ма? Ағайын-туысы таңырқап: «Оу, Бұлғақ, әкең өліп, қайғыдан құса болып жатқанда бұл қайткенің?» десе, Бұлғақ: «Атан түйе сойылар, атам өлсе қойылар, мұнда бізге қансонар күнде қайдан табылар?!» деп шаба жөнеліпті.

- Қызық адам екен, әкесі өлсе де аң аулаға шығып кеткені несі, ата?

- Е, қансонар аңшылық үшін маңызы зор ғой, Жанатжан, - деді қария ойға шомып.

   Қарияның қолындағы қыран қыбыр қылмай, жансыз заттай, түнере мелшие қалыпты. Ат үстінде келе жатқан екі аңшының құлағына тынық, таза ауаның лебі есе түседі. Бірде шым-шым етіп, үздіксіз соғып, қайта баяулайды.

   Бабалықтың қолындағы қыран саңғырды. Қария құстың саңғырығы таза, аппақ екенін байқады. Қыран қоңыр тұмсығын көтеріп, қарсы соққан желге түшкіріп алды. Санасы сергіп қалғандай томағасы сыпырылмаса да жан-жағына алақтай қарады. Қос аңшы тау етегіне тірелгенде қатты жүрістен іркіліп, аяңға салып, аттың басын солтүстікке – жазыққа  қарай бұрды. Жұп-жұқа қар астынан қылтиған сояу арасынан таныс із көрінді. Иісшіл тазы әлденені сезгендей тұмсығымен тіміскілеп, алға оза берді. Жотаның үстіне шыққанда алаңқай далиып, ашыла түсті. Жанат дауыстай айғайлап, қиқулай маңайға әлек салды. Тазы жыңғыл-жықпылды адалап жүр. Кенет бір сарғыш жүнді түлкі қаша жөнелді.

   Кәрі бүркітші осы сәтте қыранның томағасын тарқан еді. Көзі жайнай ашылып, қабағын бір қаққан қыран дүр сілкініп, қызыл шегір көзі «түлкі қайдасың?» дегендей қанат қақты. Бабалық қыранның шыжымын жинап, белдігіне қыстыра салды да, Тарбағатайдың етегіндегі биік жотадан алаңқайға көз жүгіртіп, жағалай қарап тұрды. Ермейменнің қандыкөз Найзатас қыраны секілді көп қайыру тілемейтін, есесіне Кершолақ аспанда қалықтап жүріп жердегі ұсақ-түйекке дейін көретін  қырағы болды. Көз алдында көктен қалың көлеңке түсіре түлкіге төне түскен қыранды көрді. Ақбалақтың жанарындай жәудіреген емес,  Кершолақтың көзі шырадай жанған көз еді. Қыран айқасқа түскен жоқ, бірден тарамыс аяқтарымен тепсініп қалды. Түлкі бірер қадам аттап, домалап түсті. Қарт бүркітші мен жас бүркітші қатарласа шауып жетті. Ақсақал аттан секіріп түсіп, жантәсілім болған түлкінің желкесінен ұстап:

- Қыраның жарады, Жанатжан! Міне, көрдің бе, теуіп түскенде белін сындырып жіберіпті, - деп жайраған түлкінің екі бүктетілген белін қысып көрді.

- Олжалы болдық, ата!  - деді Жанат немересі қатты қуанып, құсын биялайына қондырды. Ақбалақтан айырылғалы қатты қуанып тұрғаны осы. Осы күнді талай күтті-ау! Ақбалақ секілді «пүштектеп» шақырып жатпайсың, Кершолақ айтқаныңды екі айтқызбай ұғады.

- Бәрекелді! Қыранды өздігімен ұшып жүріп, аңды өзі қағатын қылып баптадық. Бұл сенің арқаң, - деп Бабалық немересенің арқасынан қағып, мерейін өсіріп қойды. Түз құсының осыншалық ұзақ ұшатынын жас бүркітші жіті байқап, «шүу» десе болды, шырқау биікке самғай жөнелетініне кәміл сенді.

  Қансонардың қызығына батқан екі аңшының жүздері жадыраңқы. Мөлді ауаны қанша жұтса да, құмары қанбатындай. Жанат қыранын қызылдатып жатыр еді, қарт бүркітші: «Көп берме, жас қанға тойса, бабы бұзылады» деді.

- Қанағат! Ауылға қайтайық, - деді Бабалық. Атқа ұзақ отырмағалы көп болыпты, белі шыдас бермей, ашытып келеді. «Әй, кәрілік-ай! – деді іштей. – Жас күнімде қансонарда азаннан кешке дейін жүруші едім».

  Екеуі елдің өсегін еңсерер жеңіспен оралып келеді. Енді ешкім Бабалықтың бүркіті ұшып кетіпті деп айта алмайды. Бүгінгі жүріс аттарды қансорпа қылып терлетіпті. Омырау мен сан, тілерсектері терден шылқып, айғыздалып қалған екен.                     

  Ақпанның алақұйыны тыншып, ақ мамыққа оранған дала қуаты әлсіз күнде жалтырап, барақат тапты. Бабалықтың сырқаты меңдеп, атқа отыра алмайтын халге жетті. Даладан малды жайғап келген Жанат немересі атасының қалын сұрап:

- Ата, Тарбағатайда бүркітшілер сайысы өтеді екен, - деді Жанат.  – Кершолақты да сынап көрсек қайтеді?

 Бабалықтың құлағы елең етті. Шәй үстінде Бабалық малдас құрып отырып:

- Қасым, менің халімді көріп отырсың. Өңірімізде бүркітшілер сайысы өтеді екен. Соған Жанатжанмен бірге барсаң қайтеді? – деді.

- Көке, тракторымды жөндесем деп едім, - деп Қасым кібіріктеп қалды.

- Қазір жер жырта қояйын деп жатқан жоқсың ғой. Көктемге дейін жөндеп үлгересің. Балаға демеу болып, барып қайт. Мен үйде отырып, тақымымды қысып отырайын, - деп Бабалық қария баласына тесіле қарады.  Отты жанары өңмеңнен өтердей екен. Қасым үндемеді.

    Екі күннен соң Тарбағатай өңірінде «Қансонар-2018» сайысы өтетін жерге жүріп кетті. Бұл өзі Тарбағатай тауының  күнгейіндегі Үржардың маңында екен.

 Әке мен бала қос атпен қатарласа келеді.

- Әке, сізді атам жас күніңізде құсбегілікке баулыпты ғой.

- Иә, -  деді Қасым терең күрсініп. – Ол ұзақ әңгіме. Сен Ақбалақтан айырылған күнді менде бастан кешірген едім. Мен де жас күнімде бүркітімді жоғалтып, жоқтадым.

   Жанат әкесіне жалт қарады. Қабағын түйіп, ойға шомып кетіпті.

- Иә, ол бүркітім Есбалақтың есерсоғы болатын. Менің де сен секілді бүркітші боламын деген арманым болды. Бірақ аң аулауға шыққанда құсым қайрылмай кетті. Сол қыран құсыммен бірге арманым да ұшып кетті, - деген Қасымның жанары жасаурап, теріс айналды. Жанат үндемей қалды.

- Сенің атаң мықты бүркітші. Сен де мықты бүркітші боласың, - деп Қасым қатарласа келіп баласының арқасынан қағып қойды.  – Ең бастысы, өзіңе сенімді бол! Бүркітке иесінің сенімділігі өте қажет.

- Жақсы, әке, - деді Жанат.  – Кершолақ ұшып кетпейді деп сенем.

   Бүркітшілер сайысына қырық шақты құсбегі келіпті. Қолдарында ителгі, лашын, қаршыға да бар. Бәрі тізімге тіркеліп, жазылып жатыр. Жанат бағын сынауға ниетті екенін айтты. Жарыстың бірінші күні қыранның бабы сыналып, қолға шақыру, еркін ұшыру, шырғаға салу секілді сайыстар өткізілді. Жанат қыранын көкке самғатып, тапсырмаларды мүлтіксіз орындатты. Екінші күні қоян, түлкі алудан бақ сынады.

- Әке, Кершолақты сіз ұшырыңызшы. Бұл сіздің бала кездегі арманыңыңыз еді ғой, - деді Жанат. Қасымның көңілі босап кетті. Биялайды киді де, кезегі келгенде Кершолақты қашқан түлкіге салды. Қыран көкке көтерілгенде Жанаттың көз алдына Қазақстанның мемлекеттік туы елестеп кеткені. Алтын күн астында қалықтаған қыран! Кершолақ зау биікке самғап, күн астында қанатын кең құлаш сермеп, жайып жүрді.

- Пай-пай, шіркін, құстармыздың осылай еркін ұшып жүргені тәуелсіздіктің арқасы ғой, - десті жасы үлкен бір бүркітші.

- Ата-баба аңсаған еркіндік осы екен –ау! – деп екінші құсбегі көкке самғай қалықтаған қыранға тамсана қарап.

  Қасым мен Жанат құсты алма-кезек қолдарына қондырып, үйге келгенде Бабалық терезеден сыртқа көз тастап, тағатсыздана тосып отыр екен. Есік ашылып, әке мен бала кіріп келгенде шүңірек көздерімен жүздеріне бажайлай қарады.

- Ата, сүйінші, олжалы болдық! Кершолақ түлкі ілді! – деп дауыстап жіберді Жанат. Жүзі бал-бұл жайнайды.  – Бүркітті әкем ұшырды!

  Бабалық орнынан атып тұрды. Баласына, немересіне ризашылық кейіппен қарап қалыпты.  Ұлын құшағына алып, арқасынан қақты. 

-Рухани жаңғыру, ұрпақтар сабақтастығы деген осы, шырақтарым! Сендер барда төл өнеріміз өлмейді. Ата-баба дәстүрі мәңгі жасайды. Қыран баптаған қазақ елі қыранша қанатын сермеп, әлі-ақ әлемге жоғарыдан қарайтын болады, - деуі мұң екен, жанарына жас іркіліп, сақалына сіңіп жатты. Жанат атасының жылап тұрағанын анық сезді. Бұл қуаныштың жасы еді.

Асхат Өмірбаев

Асхат Өмірбаев

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір