• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 22:36:56
Алматы
+35°

28 Наурыз, 2018

ҚазҰУ қалашығындағы қанішер

Бауыздалған қызды көрген алты жастағы бала талайға дейін сөйлей алмай қалыпты.

Ымырт үйірілгенде ҚазҰУ (ол уақытта ҚазМУ) қалашығындағы жастар сыртқа шығуға қорқатын. Себебі жарты жыл ішінде бұл жерде зорланып өлтірілген 3 қыздың мәйіті табылған.

Бұл Совет одағы ыдырап жатқан кез еді. Еліміздегі ең ірі университетті үрей жайлады. Қыз-келіншектер емін-еркін жүруден қалды.

Қалашықта пайда болған «маньяк» туралы қауесет жастар арасында гулеп кетті.

Бірінші құрбанның мәйітін университетке көршілес көпқабатты үйден ойын балалары тауып алған. Бауыздалған қызды көрген алты жастағы бала талайға дейін сөйлей алмай қалыпты. Жас қыз зорланған, сөмкесі тоналған. Басында милиция қандай да бір «маньяк» жайлы ойламаған да.

Мамандар қыздың мәйітіне сараптама жасап, қылмыскердің қан тобын анықтады. Қаны II топқа жататынын білген соң милиция осы айғақты негізге алып, бұрын-соңды жауапқа тартылғандарды тексереді. Алайда одан нәтиже шықпайды.

Бір ай өткен соң Алматының ІІБ қызметкерлері ІІМ-нен көмек сұрайды. Өйткені тағы бір қыз із-түзсіз жоғалған. ҚазҰУ төңірегін шарлаған милиция ештеңе таба алмайды. Бұл қылмыстарға «маньяктың» қатысы бары айқын болады.

Қанішердің кім екенін анықтау оңайға соқпады, бұл процесс тым ұзаққа созылды. Милиция ректораттан бұрынғы студенттер мен оқудан шығарылғандардың тізімін алып, егжей-тегжейлі зерттейді. Университет оқытушылары мен қызметкерлеріне дейін күдікке ілінеді. Із кесушілер 7000-ға жуық медициналық картаны тексеріп шыққан.

Бір нәрсе анық еді – қылмыскер университет маңайында тұрады және оның автокөлігі жоқ.

Тіпті, полиция мынадай қитұрқы әрекетке барған. Милицияның бес қызметкері әйелдерше киініп, беттерін әрлеп, университет маңайында серуендеп жүрген. Алайда қылмыскер бұл тұзаққа да түспейді.

Бір күні милиция қызметкерлері кезекті бір құрбанның мәйітін оқиға орнында тексеріп жатқан кезде сырттарынан бақылап тұрған ер адамды байқайды. Ол бұрын «зорлау» бабымен сотталған Сергей Манжиков деген азамат еді. Алайда оның қан тобы қылмыскердікімен сәйкес келмегендіктен, милиция Сергейді күдікті ретінде қарастыра алмайды.

Бірнеше күн өткен соң С. Манжиков полицияны өзінің тұрғылықты жеріне шақырып, бір жағымсыз иістің мазалайтынын айтады. Оның үйіне барған құқық қорғау қызметкерлері ешқандай иіс шықпайтынын анықтап, Манжиковтың ақыл-есі кем деген ойға келеді.

Осы уақыт аралығында тағы бір қылмыс болады. Әдеттегідей, тағы бір қыз зорланып, өлтірілген. Бірақ ешқандай айғақ табылмайды.

Сөйтіп жүргенде полицияға бір жұп хабарласады. Олардың айтуынша, белгісіз ер адам екеуіне шабуыл жасаған. Кездесуге кешігіп келген жігіт өзінің құрбысына біреудің  тиісіп жатқанын көрген. Сол жерде төбелес басталып, қылмыскер жігітті пышақтап, қашып кеткен. Жәбірленген қыз өзіне шабуылдаған ер адамды суреттеп бергенде полиция оны бірден таниды. Қылмыскер – милицияның көз алдында жүрген Сергей Манжиков еді.

Оның мекен-жайын білетін тәртіп сақшылары қылмыскерді бірден үйінде тұтқындайды. Басында өзінің кінәсін мойындамаған ол тек қан тобы қылмыскердікімен сәйкес келгеннен кейін ғана барлық шындықты жайып салады.

Манжиковтың қан тобы II емес, III болып шыққан. Қате жасалған бірінші сараптаманың кесірінен тағы бір қыз құрбан болды.

Қанішердің үйінде тінту жүргізген милиция қызметкерлері өлген қыздардың заттарын тапқан. Қылмыскер, тіпті, өз құрбандарының әшекейлерін әпкелеріне, сүйіктісіне сыйлаған.

Сот отырысында қылмыскер кешірім сұрап жылап, тізерлеп тұрып жалбарынған көрінеді. Алайда сот оны өлім жазасына кеседі. Сергей Манжиков 1993 жылы Алматыдағы № 1 тергеу абақтысының подвалында атылды.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір