• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 03:34:59
Алматы
+35°

05 Тамыз, 2016 Әлеумет

ҚазҰУ агробиостанциясы: басымдықтар мен жаңашылдықтар

Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауларында әлемді, оның ішінде Қазақ елін шарпыған жаһандық экономикалық дағдарыс...

Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауларында әлемді, оның ішінде Қазақ елін шарпыған жаһандық экономикалық дағдарыс жағдайындағы мемлекеттің қауіпсіздігі мен ішкі тұрақтылығы және әлеуметтің әл-ауқатын қалыпты деңгейде ұстау қажеттілігін басты назарда ұстаумен қатар, осы дағдарыстың салдарларын жеңудің түрлі жолдарын ұсынып келеді.

Осы мәселе турасында Мемлекет басшысы: «Агроөнеркәсіптік кешен туралы айрықша айтқым келеді, оның дамуы арқасында біз бір мезгілде еліміз үшін аса маңызды екі міндетті – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және экспортты әртараптандыруды шешеміз» деп атап өтті. Расында да кез-келген елдің дамуы өзінің тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесіне тікелей байланысты. Бүгінде мемлекетімізде индустриялды-инновациялық жобалар қарқынды іске асырылуда.

Мемлекет экономикасының өзегі саналатын аграрлық сала алдында тұрған міндеттер мен межелер де ауқымды екендігі рас. Бұл тұрғыда Қазақстандағы азық-түлік қауіпсіздігі мен оны шешудегі және аталған саладағы инновациялық ілкімді істерді іске асырудағы агроөнеркәсіп кешендері және орталықтарының мүмкіндігі мен басымдықтары айтарлықтай екендігі жасырын емес. Осы ретте айта кетейік, университет ректоры, ҚР ҰҒА академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Ғалымқайыр Мұтанов: «Жаңа индустриялды-инновациялық даму бағдарламасының бесжылдығында қазақстандық жоғары оқу орындарының алдында модернизация бойынша ауқымды міндеттер тұр.

Қазіргі күнде университеттер ғылым мен инновацияға басымдық беруі қажет» деген-тін. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Агробиостанциясында ауылшаруашылық саласындағы ғылыми-инновациялық жұмыстар мен студенттер практикасы жүргізіледі. Бұл тұрғыда аумағы 10 гектарды құрайтын ғылыми-өндірістік орталықта Агробиоэкологиялық зертхана, табиғи газбен қамтамасыз етілген станция, ауылшаруашылық өнімдерін сақтау қоймасы мен техникалары және шеберхана жұмыс істейді. Сонымен қатар кешенде автотұрақ пен оқу-тәжірибелік корпусы және 50 орындық жатақхана орналасқан. Алдағы уақытта кешенде биология ғылымдарының докторы, профессор Болатхан Заяданның бастамасымен Альгобиотехнология зертханасын ұйымдастыру көзделуде. Айта кетейік, аталған лабороторияда  микробалдырлардың көптік биомассасын алып, оны өндіріс саласына атап айтқанда, косметикалық және нан өнімдерінде, көлік құралдарында, биодизель, биоэтонол, биологиялық белсенді дәрумендерде және өсімдіктердің мол түсім беруінде фитогормон ретінде қолданылады.

Агробиостанцияда оқу-инновациялық бағытта ҚазҰУ-дың Биология және биотехнология, География және табиғатты пайдалану, Химия және химиялық технология мен Физика-техникалық факультеттері және Ғылыми-зерттеу институттары қызмет атқарады.

Биыл алғаш рет Агробиостанция аумағында 4 гектарға жуық алқапта бидайдың ерекше сұрыпы, 3 гектардан астам жерге тағамдық және сәндік асқабақ, қауын, қарбыз, картоп, сәбіз, пияз, қант қызылшасы, қызанақ, қияр, болгар бұрышы, қырыққабат, жүгері, аскөк және сыпырғы (сорго) өсірілуде. Сондай-ақ суландыру жүйесі мен агротехникалық іс-шаралары тұрақты түрде жүргізу қолға алынды. Болашақта Биология және биотехнология факультетінің «Балық шаруашылығы және өнеркәсіптік балық аулау» мамандығында оқитын студенттері мен магистранттары тәжірибесін кеңінен жүргізу мақсатында форель шаруашылығы, аквапоника және аквариумдар ұйымдастыру жоспарлануда.

Білім мен ғылымның қарашаңырағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ арқылы бүгінде Алматы облысы көлемінде көптеген инновациялық жобалар іске асырылуда. Тың идеяларды келешекте университет арқылы республика көлемінде тарату жоспарда бар екендігін атап өткен ләзім. Бұл орайда, еліміздегі бірден-бір ғылыми-өндірістік орталық ретінде Агробиостанцияның өзіндік сүбелі үлес қосарына сеніміміз кәміл.

Құттымұрат ТАҒАЕВ,

ҚазҰУ Агробиостанциясының жетекшісі

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір