• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

16 Сәуір, 22:05:45
Алматы
+35°

22 Қаңтар, 2018 Сегіз өрім

Қазақстанның халқы сараң ба? Әлде билігі керең бе?

Дамбалшаң күйінде пакет-пакет тауар көтергендердің қатарына қыз-келіншектер

Ақтау тұрғындары мұз айдынында өткен акция барысында бірін-бірі таптады, - деп хабарлады "Лада" басылымы.

Еске сала кетейік, қазақстандық банктердің бірі тұрғындарға тегін коньки тебу мүмкіндігін еліміздің бірнеше қаласында ұсынған болатын. Мұз айдынының маңындағы құжынаған халықтың видеосы қазір әлеуметтік желілерде де өріп жүр.

Енді сұрақ туады, неге осы қазақстандықтар тегін дүниеге әуес? Ақтаудағы әбігерді сырғанаудың сиқырына ерген жұрттың әуестігіне телуге бола ма? Егер мұндай жағдай алғаш рет орын алып отырса, сондай байлам жасауға да болар еді. Алайда тегін немесе арзан дүние үшін халықтың бір-бірін таптап кете жаздағаны алғаш рет емес қой. Өткен жылы Атырауда да осыған ұқсас оқиға болған. Сұйық майға 50 пайыздық жеңілдік жасаған супермаркеттердің бірі жұрт нөпірінің астында қалды. Құжынаған халық сатушылардың өзін таптап кете жаздаған. Егер «Ақтау мен Атырау жұрты-ақ сөйтіп жүреді екен» дегіңіз келсе, мысалды Алматыдан келтіреміз. 2016 жылы ірі сауда орталықтарының бірі клиент тарту мақсатында елде жоқ акция ойлап тапқан еді. Акцияның шарты бойынша дүкен кассасына шешінген қалпында келген адам 5 мың теңгеге дейінгі тауарды тегін алады. Алғандар аз болған жоқ. Дамбалшаң күйінде пакет-пакет тауар көтергендердің қатарына қыз-келіншектер де қосылып кетті.

Енді осыны неден деп ойлайсыз? Қазақстан халқы қалтасындағы тиынын өзінен аяйтын соншалықты сараң ба? Асып кетсе, мұз айдынының билеті бірер мың теңгенің шамасы. Алматы дүкенінің беретіні – 5 мыңның тауары. Сол үшін ақ қар, көк мұзда бар шаруаны ысырып қойып, тегінге ұмтылуға, 5 мыңның тауары үшін жерден шыққандай болып, лыпамен жүруге итермелейтін қандай күш, нендей сиқыр?

Білесіз, қазақ билігі елімізді дамыған отыздықтың қатарына қоспақ ниетте. Қазақстанның қазіргі деңгейінің өзіне биліктің көңілі тоғаяды. Қаласа, «артта қалған», «жағдайы мүшкіл» мемлекеттерге гуманитарлық көмек береді. Арғыны айтпай-ақ қояйық, соңғы жылдардың өзінде еліміз шетелге 10 млрд. теңгеден астам гуманитарлық көмек жасапты. Мұны былтыр Мәжіліс төрағасының орынбасары В.Божконың аузын толтырып тұрып айтқаны есімізде.

Бізді мазалайтыны мынау ғой. Шетелдіктер арзан сұйық май үшін опыр-топыр ұйлығып жатқан, жарты дорба азық-түлік үшін тырдай болып жүрген қазақстандықтарды көрсе, не ойлайды? Оған дау жоқ, «е, бұларың нағыз сараң, шық бермес Шығайбайдың өзі екен» дейді. Ал енді Сізге сұрақ: қалай ойлайсыз, Қазақстанның халқы сараң ба, әлде халқының әупірімдеп әрең күн көріп жүргенін білмейтін, естімейтін билігі керең бе?

Сансызбай Нұрбаба

Sansyzbai Nurbaba

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір