• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 13:53:38
Алматы
+35°

12 Қыркүйек, 2016 Шаруашылық

Қазақстанның ауылшаруашылығы: ЭКОНОМИСТ МАЛ ДӘРІГЕРІ БОЛЫП ЖҮР

Бүгінде ерінбеген кісі жамандайтын КСРО кезеңінің ерекше еске алатын бір тұсы – мал шаруашылығының жүйелі түрде өркендегені, ірі кеңшарлар мен ұжымшарлар...

Бүгінде ерінбеген кісі жамандайтын КСРО кезеңінің ерекше еске алатын бір тұсы – мал шаруашылығының жүйелі түрде өркендегені, ірі кеңшарлар мен ұжымшарлар, ет комбинаттары мен жем-шөп дайындау орталықтары. Қазір ет экспорттау мүмкіндігіміз шексіз деп қанша мақтанғанмен, сол қолда бар қорды құрдымға жібергенімізді мойындауға мәжбүрміз.

365info.kz жазуынша өткен жылы Қазақстан 6,5 мың тонна етті экспортқа шығарыпты. Ал, сырттан кіргізілген ет мөлшері қанша дейсіз ғой? Былтыр бір ғана сиыр етінің 11 247 тоннасы шет елден әкелінген. Бұл еттің әр келісі орта есеппен 2 доллардан кіргізілген көрінеді. Осы жерде бұл көрсеткіштерге Ресей мен Белорусиядан енген еттің кірмегенін ескерте кеткен жөн.

«Бұл шындық. Біздегі ет комбинаттары негізінен импорттық шикізатпен жұмыс істейді. Ол ет сапа тұрғысынан сын көтермесе де, бағасы арзан», - дейді «Өтес Био Азия» ЖШС директоры Дүйсен Нұрланов.

Импортталатын еттің негізінен Аустралия, Жаңа Зеландия, АҚШ-тан, Украина, Болгария, Бразилия, Парагвай, Польша, тағы басқа елдерден әкелінетінін айта кеткен жөн. Бұл жерде Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен әкелінетін өнімнің сыртқы сауда жөніндегі статистикаға енбейтіндігінен одаққа мүше елдерден импортталатын ет өнімдері көрсетілмеген.

Ауылшаруашылық министрлігінің жоспары бойынша, 2016 жылы Қазақстан 60 мың тонна ет экспорттауы тиіс. Оның жартысы – сиыр еті. Алайда, қаңтар-мамыр айлары аралығында барлығы 7 мың тонна ғана (оның ішінде сиыр еті – 2,8 мың тонна) ет сыртқа шығарылған.

Қазақ етін экспорттаудағы басты кедергілердің бірі ретінде ветеринарлық-эпидемиологиялық жағдайды айтуға болады. Бүгінде бұл салада маман мәселесі өзекті болып отыр. Экономистер мен заңгерлер мал дәрігері болып жұмыс істеген соң, пастереллез, дерматит, күйдіргі сынды сан алуан мал аурулары етек жаюда. Осылайша мыңдаған тонна экспорт туралы мемлекет жоспары жоспар күйінде ғана қалуда.

Елдің әр түкпірінде көрініс беріп жатқан мал ауруының асқынуын еске түсірсек.

Ақтөбе облысында мамыр айында 626 бас ірі қара, Атырауда – 16, Қарағанды облысында – 23 бас мал пастереллездан, инфекциялық аурудан өлген. Пастереллез ошағының тіркелуіне байланысты Ресей Қазақстаннан ет кіргізуге шектеу қойды.

Маусым айында да Қазақстанның әр аймағынан күйдіргі ошақтары елді дүрліктірді. Шілдеде нодулярлы дерматит деген мал ауруы ел бойынша 800 сиыр қырылған. Жалпы аурудың осы түрін жұқтырған мал салы 6200-ді құраған.

Малшылар қауымы мұндай ауру жұқтырған малды емдеу, көмгеннен де қыруар қаржыны талап ететінін, елде ветеринарлық бақылау мен қадағалау жүйесінің бұзылғанын айтып дабыл қағуда.

«Кеңестік ветеринарлық жүйе құлаған соң қаржы жетіспеушілігінен нарықтық қатынастарға бейімделу шаралары жүргізілді. Бірінші болып ветеринарлық қызмет жеке кәсіпкерлік негізге көшірілді. Бірақ, ондай ветеринарлық мекемелердің жұмысы жетілдірілмеген мемлекеттік тапсырыс жүйесі арқылы жүргізілгендіктен кемшіліксіз болмай отыр», - дейді «Астана агро өнім» ЖШС басшысы Серік Рақымбаев.

С. Рақымбаевтың айтуынша, Ауылшаруашылық министрлігінің басшылығына Асылжан Мамытбеков келгеннен кейін ветеринария жүйесінде мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорындар құрыла бастаған. Алайда, бұл да кемшіліксіз емес екен. Мәселен, ондай кәсіпорындардағы мал дәрігерінің жалақысы айына 36 мың теңгені құрайтын көрінеді. Әлгіндей мекемелердегі мал дәрігерлері іс жүзінде қағаз толтырумен, есеп дайындаумен ғана айналысады. Көбінің арнайы білімі де жоқ, экономист, заңгер сынды мамандар көрінеді. 

Ветеринарлық бақылаудың кем-кетігін салалық министрлік басшылығы да мойындап отыр.

Ауылшаруашылық вице-министрі Гүлмира Исаеваның айтуынша, Қазақстанда күйдіргі ауруының 2604 стационарлық жайсыз нүктелері бар. оның 1890-ының нақты орналасқан жері анықталса, қалған 714 нүктенікі белгісіз болып отыр. яғни, 700-ден астам өлекселер көмілген орын арнайы қорғалмаған, есепке алынбаған.

Бұдан бөлек, ҚР АШМ ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің басшысы Сақташ Хасенов елде заманға сай ветеринарлық диагностикалық зертханалардың жоқтығын айтқан. Сондықтан да, жақында Атыраудағы малдың қырылуына нақты баға беру мүмкіндігі болмағандықтан, ресейлік институттан диагонстика жүргізу туралы көмек сұралған.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір