"Достар! Ақыры жүзеге асты. Біз бұл сәтті ұзақ тостық. Қазақстан Республикасы Үкіметінің №381 қаулысымен 2018 жылдың 27 маусымынан бастап, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесінде көптен күткен резерват дүниеге келді", – деп жазды Сәкен Ділдахмет өзінің Facebook парақшасында.

Резерват аумағы 415 мың гектар. Бұл Қазақстандағы алтыншы қорық болады.

Іле-Балқаш резерватында жолбарыстар өсірілмек.

Айта кетейік, 2017 жылдың желтоқсанында Мәжілісте Қазақстанға Амур жолбарысын жерсіндіру идеясы талқыланған еді. Депутаттар Іле-Балқаш резерватына жолбарыс әкелуге бола ма, жергілікті халықтың мал-жанына қауіпсіз бе, жоба тым қымбат емес пе деген нәрселерге бас қатырған.

ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы қызметін атқарушы Марлен Айнабековтың айтуынша, алдағы бес жылда өсімдіктерді қалпына келтіру жұмысы жүргізіледі. Содан кейін елік пен қабанның санын көбейтеді. 

"Біз бірден 100 жолбарыс әкеп жібере салмаймыз. Әуелі барлық жағдайды жасап аламыз", - деді Айнабеков.

Оның сөзінше, Қиыр Шығыста бір жолбарыс туризм саласына 1 млн доллар пайда түсіреді екен. Сондықтан бұл жоба өзін ақтайды.

АШМ мәліметі бойынша қазір әлемде 3900 бас жолбарыс қалған.