• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 17:49:15
Алматы
+35°

08 Наурыз, 2018 NEWS

«Қазақстанда жеке әскери телеарна құру мәселесін қарастыруды сұраймын»

Барлық озық елдерде жауынгерлердің сапасына, жеке құрамның моральдық-психологиялық жағдайына деген қамқорлық мемлекеттік саясат деңгейіне шығарылған

Qamshy.kz ақпарат агенттігінің поштасына депутат Бақытбек Смағұловтың ҚР Премьер-миниситрі Бақытжан Сағынтаевқа арналған хаты келіп түсті. Хатты назарларыңызға ұсынамыз.

ҚР Премьер-Министрі Б.Ә.Сағынтаевқа

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!

Елбасы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері адами капиталдың дамуына баса мән беріп келеді. «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы адами капиталды – «жаңғыру негізі» деп атады. Мұның қорғаныс саласына да тікелей қатысы бар.

Барлық озық елдерде жауынгерлердің сапасына, жеке құрамның моральдық-психологиялық жағдайына деген қамқорлық мемлекеттік саясат деңгейіне шығарылған. Өйткені әскерилердің биік рухы, Қарулы Күштердегі қызметін мақтаныш тұтуы сайып келгенде, жауынгерлік даярлықты және елдің қорғаныс қабілетін жоғарғы деңгейде қамтамасыз етуге ықпал етеді. Қазіргі заманғы Армияға жүктелген міндеттер әскери қызметкерлерді әскери тәрбиелеуді ұйымдастыруға, олардың бойында кәсіби, әскери және адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру ісіне жоғары талаптар қояды.

Еліміздегі әскери тәрбие жүйесін жақсарту және жетілдіру, әскери тәртіпті нығайту мақсатында 1993 жылғы 19 қаңтарда «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде командирлердiң (бастықтардың) тәрбие және әлеуметтiк-құқықтық жұмыс жөнiндегi орынбасарларының институтын құру туралы» ел Президентiнiң N1084 Жарлығы қабылданды. Онда:

«Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде Қорғаныс министрлiгi аппаратынан, Республикалық ұланнан, Шекара және Iшкi әскерлерiнен, әскери мекемелерден бастап роталарға дейiнгi буындарда командирлердiң (бастықтардың) тәрбие және әлеуметтiк-құқықтық жұмыс жөнiндегi орынбасарларының институты енгiзiлсiн», – деп анық жазылған. Осылайша, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қарулы Күштердегі тәрбие және әлеуметтiк-құқықтық жұмыстың (ары қарай – ТӘҚЖ) іргелі негізі қаланды. Елбасы Жарлығына сәйкес, «ТӘҚЖ бойынша орынбасарлар институты» Қорғаныс министрлігі орталық аппаратынан бастап, барлық аталған буындарға дейін енгізілді.

Алайда кейін бұл сала өзгеріске ұшырап, қазіргі уақытта Қарулы Күштерде аталған жұмыс Бас штабқа жүктелген. Осының нәтижесінде, қазіргі кезде ҚР ҚМ орталық аппаратында ТӘҚЖ-ның дербес басқару органы жоқ; тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстарды ұйымдастырумен, жеке құрамның моральдық-психологиялық ахуалын және әскери тәртібін нығайтумен ҚР ҚК Бас штабының Тәрбие және идеологиялық жұмыстар Департаменті айналысады. Ал бұл ТӘҚЖ органдары мәртебесіне жауап бермейді. Сонымен бірге Мемлекет басшысының 1993 жылғы 19 қаңтардағы Жарлығының ережелері толыққанды орындалмай отыр.

Біз қосылатын дамыған елдерде бұл іске қорғаныс ведомствосы басшысы орынбасарының бірінің жауапкершілігі нақты белгіленген. Бұл елдердің армияларында ТӘҚЖ жүйесі қарулы күштерінің барлық құрылымдарында тиісті аппаратының, қатаң бағынысты әрі кең таралған әртүрлі қызметтерінің жұмыс жасауымен; бұл органдар құзырында жоғары білікті кадрлық құрамның, қуатты материалдық және қаржылық базаның болуымен; әдістемелік қамтамасыз етілуімен; шешілуге тиіс міндеттерге кешенді келуімен ерекшеленеді.

Осыған байланысты біріншіден, ТӘҚЖ деңгейін көтеріп, Қорғаныс министрінің тәрбие және әлеуметтiк-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары лауазымын қайта қалпына келтіруді ұсынамын.

Екіншіден, Қазақстанда қорғаныс саласындағы мемлекеттік саясатты, Қарулы Күштердi əскери-саяси жəне əскери-экономикалық басқаруды жүзеге асыру Қорғаныс министрлігінің құзырында. Демек, Қарулы Күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарда ТӘҚЖ ұйымдастыруда біріңғай тәсілдеменің негізін қалаушы да Қорғаныс министрлігі болуға тиіс. Алайда Министрліктің аталған басшылық рөлінің жоқтығы нәтижесінде ТӘҚЖ ұйымдастырудың біріңғай жүйесі де жоқ болып отыр. Ал әскери ведомстволардың (ҰҚК Шекара қызметі, Ұлттық ұлан, Мемлекеттік күзет қызметі) әскери басқару органдары өздері басқаратын әскери қызметкерлерді тәрбиелеу саласындағы көзқарастар мен нұсқамалар жүйелерінің тұжырымдамасын әрқайсысы өз бетінше анықтауға мәжбүр.

Жоғарыда айтылғанды ескере отырып, тәрбие және идеологиялық жұмыстарды ұйымдастырудағы ТӘҚЖ органдарының қызметтерін бірігейлендіру және бірізді ету мақсатында, Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарда тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстарды ұйымдастыру Тұжырымдамасы түріндегі басшылық құжатты әзірлеуді және әдістемелік негізін дайындауды Қорғаныс министрлігі жүзеге асырғаны абзал.

Үшіншіден, Қарулы Күштердегі тәрбие және әлеуметтiк-құқықтық жұмыс бағыттары қайта қаралып, Елбасы жариялаған рухани және технологиялық жаңғыру міндеттерімен және талаптарымен ұштастырылуға тиіс. Осы мақсатта арнайы бағдарламалар әзірленіп, практикалық тұрғыда жүзеге асырылғаны жөн. Сонда қазіргі заманда еліміздің алдына қойылып отырған мақсаттарға орай әскери қызметкерлердің барлық санаттарынан талап етілетін қасиеттердің қалыптастырылуына және нығаюына қол жеткіземіз.

Төртіншіден, Қорғаныс министрлігі Қазақстан Республикасын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты жүргізуде Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың тәрбиелеу органдарының жұмыстарын үйлестіруге және өзара іс-қимылын ұйымдастыруға тиіс.

Алайда Қорғаныс министрлігінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар Департаменті өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру жұмыстарын қажетті деңгейде жүргізіп отырған жоқ, бұл жұмыстар бүгінде «Жас сарбаз» әскери-патриоттық сыныптарын құрумен, сондай-ақ жылына 1 рет «Айбын» конкурсын өткізумен және жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу саласында ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл туралы Меморандумға қол қоюмен ғана шектеліп отыр.

Экшн стиліндегі отандық толық метражды көркем фильмдер, ҚР ҚК, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдары туралы оқу, деректі, ғылыми-танымдық, ағарту фильмдерді жасап шығару бойынша белсенді әрекеттер жоқ, бөлінген бюджеттік қаражаттар жастарды қызықтыра алмайтын армиялық сериалдар түсіруге жұмсалады.

Сол себепті жұртшылық, әсіресе, жастар арасында әскери қызметтің беделін көтеру, қоғамдық санада Отан қорғаушының оң бейнесін сомдау үшін ақпараттық қамтамасыз ету ісінің нақты түзілген жүйесі болуға тиіс. Бұл ретте Қазақстанда жеке әскери телеарна құру мәселесін қарастыруды сұраймын.

Анықтама ретінде: мәселен, АҚШ-ты айтпағанда, Франция Қарулы Күштерінің Ақпарат және қоғамдық қатынастар қызметі өз бетінше немесе азаматтық ұйымдармен бірге жыл сайын шамамен 30 фильм, 70 бейнеклип, теле және фото репортаждар, ақпараттық және рух көтеруші материалдары бар 12 мың дискі шығарады.

Бесіншіден, Елбасы жариялаған «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы бастаманы үлгі ете отырып, тәуелсіз Қазақстанның Отан қорғаушыларының қаһармандығы мен жетістіктерін көрсетіп, қоғам арасында насихаттайтын «Әскердегі 100 жаңа есім» жобасын өткізуді ұсынамын.

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы, Сізден жоғарыда айтылған мәселелерді қарастыруыңызды және қарау нәтижелері туралы заңмен белгіленген мерзімде хабарлауыңызды сұраймын.

Құрметпен,

«Нұр Отан» партиясы

Фракциясының депутаты

Бақытбек Смағұл

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір