• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 08:22:52
Алматы
+35°

24 Қаңтар, 2018 Денсаулық

Қазақстан жастар суициді бойынша төртінші орында

Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Қазақстан суицид көп жасалатын елге жатады

Әлем бойынша 5 жастан 15 жастағы балалардың суицид жасауы бойынша Қазақстан 9-шы орында тұр. Ал 15 жастан 29 жас аралығындағы жастардың өзіне-өзі қол жұмсауы бойынша, Қазақстан төртінші орында, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Бұл туралы «Bilim Foundation» қоғамдық қорының жетекшісі Ерлан Айтмұхамбетов айтты.

Жыл сайын әлемде 800 мың адам өзіне қол салудан көз жұмады. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше,  әр 40 секунд сайын бір адам өз өмірін қияды. Ал Біріккен Ұлттар Ұйымы Балалар Қорының дерегіне сүйенсек, Қазақстанда сағатына бір адам суицидтен опат болады.  Сонымен қатар минут сайын қаншама адам өзіне қасақана зиян келтіреді.

Өз-өзіне қол салу – әлемдік құбылыс. 2015 жылы дүниежүзіндегі суицидтің 78 пайызы төмен және орта деңгейдегі табысы бар елдерде жасалған. Өлімге себеп болатын факторлар тізімінде суицид 17-орында тұр.

Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Қазақстан суицид көп жасалатын елге жатады. Статистикаға сүйенсек, Қазақстанның ауылдық жерлеріндегі балалар мен жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол салу фактісі қаладағыдан гөрі молырақ.

Психологтардың айтуынша, балалар төрт жасынан суицид жайында ойлай бастайды. Бұл балалардың ойына өзі жақсы көретін үлкендерге қатты өкпелеген сәттерінде келеді. Ал ол жаста балалар өлімнің не екенін біле бермейді. Ал төрт-бес жастан асқан балалар өлімнің мәңгілік екенін ұғына бастайды. Ал жасөспірімдер арасындағы суицид достарымен немесе жақындарымен арадағы келіспеушілік салдарынан, ғашықтық және жауапсыз махаббат салдарынан болуы мүмкін.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Балалар Қорының зерттеуінде балалар арасындағы суицидке олардың тұратын жері де әсер ететіні айтылады. Әсіресе, ауыл жастары суицид жасауға бейім делінеді.

Ал психолог Наталья Нуралдиннің айтуынша, баланың ауылдық жерде немесе қалада тұруының ауыз толтырып айтар айырмашылығы жоқ. Тиісінше үлкендер мен балалар арасындағы қарым-қатынас үлкен рөл атқарады. Егер бала өзінде бар қиындықтармен, мәселелермен, уайымдарымен ата-анасымен бөлісе алса, суицид қаупі төмендейді.

Ауылда да , қалада да бала мен ата-ана арасындағы жылы қарым-қатынастағы отбасылар көп. Ал ондай отбасыда болашағынан үлкен үміт күттіретін тұлға тәрбиеленіп шығары хақ. Сонымен қатар, тұрғылықты жеріне қарамастан балаға деген суық қарым-қатынас та барлық жерде кездеседі.  

«Bilim Foundation» қоғамдық қорының жетекшісі Ерлан Айтмұхамбетов Қазақстанда төрт өңірінде: ШҚО, БҚО, Ақмола облысы, Қарағанды облысы және Қостанай облысында суицид деңгейі жоғары екенін атап өтті.

– Суицидтің деңгейі өткен жылдармен салыстырғанда азайып келе жатыр. Ал бұл көрсеткіштің төмендеуі қандай факторлардың арқасында болып жатқанын айту қазір қиын. Себебі жаңадан енгізілген суицидке қарсы бағдарлама енді жұмыс істей бастады. Оның елеулі түрде ықпалы бар ма, нақты айту қиын, - деді Ерлан Айтмұхамбетов.

2015 жылы «Балалар мен жасөспірімдерді суицидтен қорғау» жобасы дайындалып, сол жылы Қызылорда облысында енгізілген. Одан кейін Маңғыстау облысында аталмыш жоба іске асқан. Жоба аясында 2017 жылдан бастап Ақтөбе, Атырау, Ақмола облыстарында мамандар оқытылып жатыр.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір