• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 13:06:42
Алматы
+35°

11 Сәуір, 2018 NEWS

«Қазақстан» РТРК» басшысы Ерболат Беделханның жобасына қатысты ойын айтты

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Қазақстан» РТРК» АҚ ұйымдастыруымен «Мен қазақпын» ұлттық мега жобасына қатысты баспасөз конференциясы болып өтті

Бүгін Астанада Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Қазақстан» РТРК» АҚ ұйымдастыруымен «Мен қазақпын» ұлттық мегажобасына қатысты баспасөз конференциясы болып өтті, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Аталмыш шараға «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин мен қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков қатысты.

Ұлттық арна басшысының айтуынша, Қазақстан арнасында бастау алған аталмыш мега жоба қазақтың ұлттық өнерін дәріптейтін, күй, жыр-термелерді дамытып, халыққа насихаттайды.

«Мен қазақпын» жобасының негізгі мақсаты – еліміздің түкпір-түкпіріндегі дәстүрлі ән айтушыларды, термеші, күйшілердің басын бір арнада тоғыстырып, еліміздің әр аймағында қалыптасқан өнер мектептерінің таңдаулы туындыларын дәріптеу мақсатында ата-бабадан мұра болып келе жатқан төл өнеріміз күй, жыр-термені дамытып, заманға сай жаңашаландырып, өскелең ұрпаққа насихаттау.

«Былтыр, естеріңізде болар, дәл осы уақыттарда Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы шыққан болатын. Сол мақаласында Елбасы ұлттық өнерімізді, мәдениетімізді насихаттауды, ұлттық сипатымызды жаңғыртып, еліміздің рухани мұрасын көрсету қажеттігі жөнінде айтып өткен еді. Сол кезде біздің арнада бірқатар талқылаулар өтіп, біз де осыған өзіміздің үлесімізді қосайық деп, сол талқылаулардың нәтижесінде «Мен қазақпын» мегажобасы дүниеге келді. Өткен жылы бұл ауқымды жобаға 3000-нан астам үміткер өтініш білдіріп, облыстық іріктеуге 700-дей адам қатысқан болатын, ал Астанада өткен телевизиялық жобаға 57 өнерпаз бақ сынасып, өнерлерін ортаға салды», - деп атап өтті Ерлан Қарин.

Оның айтуынша, бұл жоба мұнымен тоқтап қалмай, әрмен қарай жалғасын табады.

«Биыл «Мен қазақпын» жобасына еліміздің 14 аймағынан 170 аудан қатысады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, әдеттегідей шетелдегі қандастарымызды тарту үшін Ресейдің Астрахан, Моңғолияның Баян-Өлгей және Қырғызстанда ұйымдастыру жұмыстарын жүргізетін боламыз. Бұл жоба ұлттық төл өнерімізді дамыту ғана емес, жаңа есімдер ашумен қатар, еліміздегі әнші-термешілер мен күйшілердің өнерін кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді»,- дейді Ұлттық арна басшысы.

Брифинг барысында Qamshy.kz ақпарат агенттігі тілшісі Ұлттық арна басшысы Ерлан Қаринге «Желіде сынға іліккен Ерболат Беделханның жобасына қатысты не айтасыз?» деген сұрақ қойды.

Арна басшысы әңгімені арыдан бастап, Қазақстан арнасында ұлттық өнерді дәріптейтін бағдарламалар тек бір ғана емес, олардың көп екенін тілге тиек етті де, оларды атап өтті.

«Бізде тағы бір ұлттық өнерді дәріптейтін осындай үлкен жоба қолға алынды. Бір айдың көлеміндей болды, әр апта сайын жексенбі кешкі уақытта «Жүрсіннің жүйріктері» атты айтыс жобасы жүріп жатыр. Мұның барлығын айтып отырған себебім, өздеріңіз көріп отырсыздар Ұлттық арнаның ақпараттық саясатындағы негізгі мақсат – ұлттық өнерімізді, күй, терме, жыр, дәстүрлі ән, айтыс – осының барлығын қолға алып, насихаттап келе жатырмыз. Бірақ, сонымен қатар, біз жастардың да талабын ескеруіміз қажет. Олардың да қазіргі заманауи музыкаларды ұнататынын да есте ұстауымыз керек. Сондықтан, бізде әр түрлі жас өкілдеріне арналған түрлі жобалар қарастырылған. «Мен қазақпын», «Жүрсіннің жүйріктері» ұлттық өнерге арналған болса, тағы да эстрадалық әндерге арналған «Ұмытылмас әндер» жобасы бар. Сонымен қатар, біздің жасөспірімдер, жастар көретін жобалар басталды. Бірақ олар басқа уақыттарда, жастар көп жиналатын түнгі уақыттарда көрсетіледі», - деп жауап берді Ерлан Қарин. Сөзін жалғастыра келе, Ұлттық арнада қандай жоба басталса да барлығы тек халықтың мүддесі үшін жасалатынын, негізгі мақсат кең аудитория жинау екендігін айтты.

«Ұлттық арна мүмкіндігінше кең аудиторияға жұмыс істеуі керек деп ойлаймын. Көрермендерді өзіне көбірек тартуы тиіс. Біз қазір терме, күйді Ұлттық арнада шығарып жатырмыз дейміз, егер оны ешкім қарамайтын болса, арнаның алдында соншалықты кең аудитория жиналмайтын болса, біз оны кімге қалай насихаттаймыз?! Сондықтан, менің ойымша, барлық көрерменнің сұранысын ескеріп отыруымыз қажет. Бұлардан да басқа біздің қызықты, тартымды жобалар дайындап жатырмыз, оларды алдағы уақытта көретін боласыздар», - деді Ерлан Қарин.

Айта кетсек, Qazaqstan арнасында қаншама уақыттан бері даудың ортасында жүрген «91» тобының продюсері, Q-pop стилінің «жанашыры» Ерболат Беделханның «Q-pop Idols» реалити бастау алған болатын. Продюсердің бұл жобасына желі қолданушылары наразылық білдіріп, Ұлттық арнадан көрсетілмеуін талап еткен еді.

Желі қолданушылары Ұлттық арнада көрсетіліп жүрген Ерболат Беделханның Q-pop стиліне бағытталған бағдарламасына қатысты наразылық білдіріп, түрліше пікірлер жазған болатын. Дәстүрлі өнер майталманы, белгілі әнші Сәуле Жанпейісова өз парақшасында аталмыш жобаның ұлттық мүддемізге сай келмейтін алға тартып, арна басшысына ашық хат та жолдаған.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір