• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 02:48:56
Алматы
+35°

18 Сәуір, 2018 Саясат

Қазақстан «қуған» қашқындар (фото)

Алғашында олардың қайтыс болғаны туралы халық арасында қауесет тарайды. Кейін сол «өлгендер» қайта тіріледі.

Қазақ билігі қанша айыптап, сыртынан соттаса да, шетелде емін-еркін өмір сүріп жүрген қазақстандық азаматтар бар. Айта берсең, әңгіме көп. Біресе халық арасында олардың қайтыс болғаны туралы қауесет тарайды. Кейін сол «өлгендер» қайта тіріледі. Бірақ елге қайтпайды, жат жерді пана тұтады. Кейбірі шетелде де тыныш жатпай, Қазақстанның ішкі саясатына іріткі салумен айналысады. Ал біздің заң біреуін 25 жылға «бас бостандығынан айырса», енді бірін жемқорлыққа тікелей қатысы бар деп айыптайды. Құқық қорғаушылар қанша қуса да, ізін жасырып, айласын асырып кететін қашқындар тізімін Qamshy.kz ақпарат агенттігі оқырман назарына ұсынады.

Мұхтар Әбляов

Мұхтар Әблязов

Қазір бұл есімді білмейтін қазақстандық кемде-кем. Атышулы кәсіпкер 1998-1999 жылдар аралығында энергетика, индустрия және сауда министрі болып қызмет етті. 2007 жылдың маусымында Қазақстан сотының үкімімен «ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, банк мүлкін заңсыз пайдаланып, қызметтік мүмкіндігін асыра пайдалану арқылы қымқыру» деректері бойынша сырттай 20 жылға бас бостандығынан айырылған.

Мұхтар Әблязов 1963 жылдың 16 мамырында Оңтүстік Қазақстан облысындағы Галкино ауылында дүниеге келген.

1999 жылдың қазан айында министрлік қызметінен отставкаға кетісімен оған «қаражатты заңсыз иелену, табысын жасыру» баптары бойынша айып тағылып, іс қозғалды. Тергеу барысында Әблязовтың 1998-1999 жылдары «KEGOC» АҚ және Екібастұз ГРЭС-2 ресурстарын жекеменшік мекемелердің мүддесі үшін пайдаланатын қылмыстық схема құрғандығы әшкереленді.

Айта кетейік, Әблязовтың кесірінен, «KEGOC» АҚ 1998 жылы және 1999 жылдың 1 тоқсанында 2 млрд теңгеге шығынға батты.

2002 жылдың мамыр айында сот Әбілязовты 6 жылға соттады. Сонымен қатар келтірілген залалдың орнын толтыруға міндеттеп, 2 жылға мемлекеттік қызметте жұмыс істеуден шеттетті. Әблязов 2003 жылдың 8 сәуірінде Президент жанындағы рақымшылық комиссиясына өтініш білдірген соң мамыр айында Нұрсұлтан Назарбаев рақымшылық туралы жарлыққа қол қойып, бұрынғы министрдің жаза үкімін тоқтатты.

Биыл Мұратхан Тоқмәди Әблязовтың тапсырысымен банкир Ержан Тәтішевті өлтіргенін мойындады.

Мұхтар Әблязовқа 2005-2009 жылдар арасында БТА Банкінен қаржы жымқырды деген айып тағылды. Бұл жолғы жалпы келтірілген залал көлемі 6 млрд теңге болды. 2013 жылы оны Францияда тұтқындалып, Францияның төменгі сатылы соты банкирді экстрадициялайтынын мәлімдеді. Алайда сол жылдың сәуір айында бұл үкім аяқ астынан өз күшін жойып, қылмыстық іс Лионның апелляциялық сотында қайта қаралды. 2016 жылдың 9 желтоқсанында Францияның мемлекеттік кеңесі Мұхтар Әблязовты Ресейге экстрадициялау туралы жарлығының күшін жойды. Яғни Франция билігі Әблязовты Қазақстанға ұстап бермейтін болып шешті.

Мұхтар Әблязов Ресей, Қазақстан және Украина тарапынан қылмыстық қудалауда. Қазақстан мен Франция арасында адамдарды экстрадициялаау туралы келісім жоқ. Сондықтан қазір Мұхтар Әблязов Париж қаласын паналап отыр.

Мұхтар Әблязовтың айтуынша, ол өзінің кінәсіз екенін ағылшын сотында дәләлдеген.

Әкежан Қажыгелдин Мағжанұлы

Әкежан қажыгелдин

1994-1997 жылдар аралығында ҚР премьер-министрі болып қызмет атқарған. 1998 жылы Қазақстанның республикалық халықтық партиясын құрып, оппозиционер атанды. Алайда араға аз уақыт салып Қажыгелдин шетелге кетеді. Ол өзінің бұл әрекетіне елдегі биліктің қысымы себеп болды деп түсіндірді. 2001 жылы оның сыртынан бірнеше айып тағылып, сырттай 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Айта кетейік, жақында Брюссель қаласында бір топ қазақстандық белсенді «Жаңа Қазақстан» атты форумға жиналды. Сәуірдің 9-10 аралығында өткен форумға 15 шақты адамнан құралған делегация барған. Олардың ішінде саясаткерлер, қоғам белсенділері мен журналистер бар. Қазақстандық делегацияны 8 сәуірде Әкежан Қажыгелдин қарсы алды. Брюссельде жиналғандардың сөзінше, «Жаңа Қазақстан» — партия емес, форум. Сонымен бірге Әкежан Қажыгелдин өзінің «Азаттық» радиосына берген сұқбатында Мұхтар Әблязовпен бірігуі мүмкін екенін айтты.

Тағы бір айта кетерлігі, Әкежан Қажыгедин 1998 жылғы президент сайлауында кандидат болған.

Виктор Храпунов

Виктор Храпунов

1948 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге елген. Алматы облысының, ШҚО-ның әкімі болып қызмет атқарған. Қазақстан хоккей құрамасының президенті болған. 2008 жылы Швецарияда емделуіне байланысты отставкаға кетті.

Храпуновтың үстінен 20 шақты қылмыстық іс қозғалған. Оған қылмыстық топпен байланысы бар, жемқорлық жасады деген айып тағылып, халықаралық полиция арқылы іздеу жарияланған.

Қазір Виктор Храпунов Швейцарияда тұрып жатыр. Bilanz журналы оны 300-400 миллион швейцар франкі түріндегі ақшасы бар ең бай 300 адамның тізіміне кіргізді.

Бергей Рысқалиев

Бергей Рысқалиев

Бергей Рысқалиев Атырау облысының әкімі болып қызмет атқарған.

2013 жылы оған «бюджет қаржысын жымқырды және қызмет өкілетін теріс пайдаланды» деген айып тағылып, халықаралық іздеу салынды. Сонымен бірге Рысқалиевтің командасына қатысты қылмыстық істерді тергеу барысында 100-ге жуық сараптама жүргізілген, мыңнан астам адам сұралған, ондаған тінту шаралары жасалып, 30 мыңнан астам құжат тәркіленген. Тергеу тобы жұмысының нәтижесінде Атырау облысында 2006-2012 жылдар аралығында 6 жыл бойы әрекет етіп келген бұрынғы әкім Бергей Рысқалиев құрған және басшылық еткен ұйымдасқан қылмыстық топ жойылды. Тергеу барысында Рысқалиевтің өзіне берілген билікті пайдалана отырып, мемлекеттік қаражатты қолды ету мақсатында 35 адамнан тұратын үш ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны анықталды.

Сонымен бірге экс-әкімнің ісі көлемі жағынан 800 томға жуықтады деген деректер бар. Мұндай көлемдегі іс бұрын-соңды елімізде болмаған. Бергей Рысқалиев туралы халық арасында түрлі қауесеттер тарап, оны көпшілігі өліп қалды деп ойлады. Алайда биылғы жылдың ақпан айында оның Ұлыбританияда тұрып жатқаны белгілі болды. Бұл туралы Серікжан Мәмбетәлин өзінің Facebook парақшасына жазған болатын. Серікжан Мәмбетәлиннің айтуынша, Бергей Рысқалиевтің қазіргі жағдайы жақсы, Ұлыбританияда саяси босқын мәртебесін алған.

Шетелдегі саяси қашқындардың елге оралу-оралмауы белгісіз. Олардың тағдыры еліміздің алдағы саяси жағдайына тікелей байланысты болуы әбден мүмкін. Алайда «Өзге елде ұлтан болғанша, өз еліңде сұлтан бол» дегенді де ұмытпаған жөн.

Әсел БОЛАТҚЫЗЫ

Әсел Болатқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір