• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

08 Мамыр, 18:07:14
Алматы
+35°

06 Желтоқсан, 2017 Аймақтар

Қазақ және орыс тіліндегі құжат айналымының  электронды базасы шықты

«Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» республикадағы тіл мәселелерін реформалауды жүзеге асыруға негіз болды.

Мемлекеттік және орыс тіліндегі құжат айналымының автоматтандырылған электронды базасын әзірлеп шығару тұжырымдамасы

Өзектілігі: Қазақстан Республикасының Конститутциясы (1995), «Тіл туралы» Заңы (1997), «Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» республикадағы тіл мәселелерін реформалауды жүзеге асыруға негіз болды. Тіл жұмысында әр министрлік, әрбір мекеме, ұйымдар, жеке адамдар өздерінің нақты істерін көрсететін шаралар белгілеп, соны жүзеге асыра бастады. Солардың ішіндегі ең өзектісі, ең алдымен қолға алынғаны – қазақ тілінің конститутциялық мәртебесін мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында жүзеге асыру болып табылады. Ал соның ішінде ісқағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу ең өзекті мәселеге жатады.

Қазіргі кезде ісқағаздарын қазақша жүргізу – пән ретінде жоғары және орта дәрежелі оқу орындарында оқытылады. Бұл пәннің міндеті: Ісқағаздарын қазақша жүргізудің мемлекеттік құндылығын, әлеуметтік маңыздылығын, оның қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қызмет етуінің алғы шарттарының бірі екендігін ұғындыру. Ісқағаздарын жүргізудің тарих, саясаттану, мұрағат ісі, тіл білімі, педагогика сияқты ғылым салаларымен байланысты. Жалпы ісқағаздарының қоғам өмірінде қолданылмайтын саласы жоқ. Адам дүниеге келген сәттен бастап бақилық болғанға дейінгі бүкіл өмірі құжатпен байланысты. Өз өмірінде ісқағаздарын жүргізумен бетпе-бет келмеген жан жоқ. Адам баласы кәмелеттік жасқа толғаннан кейін қызметке тұру үшін өтініш жазудан бастап, ұрпағына арнап өсиет қалдырғанға дейін қаншама құжат толтырады, қаншама құжатқа қол қояды. Алайда мұның бәрін арнайы ретпен, белгіленген тәртіпке, жүйеге сәйкес жүргізбесе, бұл құжаттар көптеген келіспеушіліктер мен дау-жанжалдарға да себеп болады. Сондықтан да ісқағаздарын жүргізу негіздерін білу тек әр алуан мекемедегі қызметкерлерге ғана емес, әрбір азамат адам үшін де өте маңызды. Бұл жобаның өзектілігі осы бұқаралығында жатыр.

Ісқағаздарының мазмұнына қойылатын талаптар

а) қоғамдағы қажеттілігі:

- жеке тұлғалар арасындағы қатынасты реттеуші;

- жеке адам мен қоғам арасындағы қатынасты реттеуші;

- әр түрлі мекеме, ұйымдардың өзара байланысын реттеуші;

- мекеме, ұйым жұмысын ұйымдастыру тәртібін негіздеуші;

- жеке адам мен қоғам өміріне қатысты оқиғаларды айғақтаушы;

- мемлекеттік басқару ісін жүйелеуші;

- мекеме мен ұйымның атқарған істерінің көрсеткіші;

ә) құжаттау үрдісі:

- құжаттарды дайындау;

- құжаттарды жолдау, тіркеу;

- сырттан келген құжаттарды қабылдау, тіркеу;

- құжаттарды қолдануға дайындау;

- құжаттардың жүзеге асырылуын бақылау;

- құжаттарды мұрағат қорына дайындау.

б) ісқағаздарының сипаттары:

- саяси (мемлекетішілік, мемлекетаралық, халықаралық қатынастарда);

- әлеуметтік (қоғамдық-әлеуметтік қатынастарда);

- ұйымдастырушылық (басқару қызметі жүйесінде);

- құқықтық (заңдық және жеке тұлғалар арасындағы қатынастарда);

- тарихи (әр дәуірдің, қоғамдық сатының өзіндік ерекшеліктеріне сай қатынастарда).

- ресмилік (міндетті түрде заңдық тұрғыда тіркелуінде).

в) ресми құжат стильдеріне тән белгілер:

- мазмұнының қысқа әрі тұжырымды баяндалуы;

 - тұжырымдардың дәл, нақты болуы;

- сөздер мен терминдердің нақты, тура мағынасында пайдаланылуы;

- терминдер мен тұрақты орамдардың бірегейлігі;

- терминнің ең қолданылу жиілігі жоғары, Мемлекеттік терминология комиссиясы (Мемтерминком) бекіткен нұсқасының пайдаланылуы;

- қалыптасқан  мазмұндық-құрылымдық нормалардың қатаң сақталуы.

Мақсаты: Базаны қолданушы арнайы терезе арқылы өзіне керек мәліметті енгізе отырып бұйрықтың, хаттың және т.б. ресми құжаттардың үлгісін толтыра алатын, жұмыс барысында ісқағаздардың орыс тіліндегі нұсқасынан қазақ тіліндегі нұсқасына немесе керісінше оңай ауыса алатын автоматтандырылған электронды бағдарлама жасап тарату.

Алға қойған мақсатты орындау үшін алға мынадай нақты міндеттер қойылады.

Қазақстан Республикасында ісқағаздарын жүргізудің нормативтік-құқықтық базасы туралы деректер жинап, талдау; Ісқағаздарын жүргізуге қатысты нормативтік-құқықтық құжаттарға талдау жасау; Ісқағаздарын жүргізудің нормативтік әдістемелік негізін анықтау; Ісқағаздарын жүргізуді мемлекеттік реттеуге; біріздендіруге, стандарттауға қатысты ресми құжаттарды саралау.

Қазақша ісқағаз терминдерін жасаудың өзекті мәселелерін зерттеу. Ісқағаздарында қолданылатын терминдер мен кәсіби сөздердің ұқсастықтары мен ерекшеліктерін көрсету, Нормативтік-жарлықшы құжаттарда терминдердің аударылу ерекшеліктерін табу, Ісқағаздарында қолданылатын терминдерді аударудағы семантика-синтаксистік және лексика-семантикалық трансформация мәселесін қарастыру, Салалық терминологияны қалыптастыруда қазіргі қазақ терминологиясында ескерілетін өзекті мәселелерді анықтау.

Қазақ ісқағаздарының жанрлық және мазмұндық ерекшеліктерін айқындау; Ісқағаздарын жүргізу пәнінің объектісі, мақсат-міндеттері, негізгі ұғымдарын айқындау; Қазақ ісқағаздары – функционалдық стильдің дербес жанры ретіндегі ерекшеліктерін көрсету, Қазақ ісқағаздарының жіктемелік сипатымен, Ісқағаздарына қойылатын талаптарды анықтау, Ресми-іскери стильдің әлеуметтік-лингвистикалық сипатын көрсету, Ресми-іскери стильдің лексика-семантикалық және грамматикалық сипатын ашу.

Бағдарлама жадына енгізілетін ісқағаз үлгілерін және атқарушы органдарда жиі қолданылатын сөздер, терминдер, сөз тіркестері мен сөйлемдерді жинап, орысша-қазақша, қазақша-орысша аудармаларын сәйкестендіру.

Электрон базаның құрылымы: Онлайн (сайт) және мобильді қосымша (playmarket, appstore) форматындағы электрон база мынадай құрылымдардан  тұрады: «басқы бет», «іздеу», автоматтандырылған «құжаттар топтамасы», «мақалалар», «кітапхана», «терминдер», «көрнекі курстар», «құқықтық негіз» «форум» сұрақ-жауап.

«Басқы бетте» - бұл блокта электронды базаның құрылым атаулары яғни мәзір, негізгі блоктар мен жанама блоктар, сонымен қатар «Emle. kz», «Termincom.kz», «Tilalemi.kz», «Atau.kz», «Tilortalyq.kz» сайттарының сілтемелері орналастырылады.

Құжаттар топтамасы: Онда қазақ-орыс және орыс-қазақ тіліндеріндегі ісқағаз үлгілерінің автоматтандырылған электронды бағдарламасы қазіргі заманға сай web-технологиялармен (HTML, JavaScript, PHP, MySQL, JSON, Ajax) жасалады.

Бұл бөлімдегі құжаттар үш форматта болады: PDF (көру), WORD (жүктеу) және сайттың өзінде автоматта ашылу (құжатпен онлайн жұмыс істеу). Пайдаланушы ең соңғы нұсқаны ашқанда құжат автоматты түрде сайтта дайын құжатқа бірден өзіне қатысты деректерді толтырып, шығарып алатындай ашылады.

Мақалалар: Онда қазақша ісқағаз терминдерін жасаудың өзекті мәселелеріне, ісқағаздарында қолданылатын терминдер мен кәсіби сөздердің ұқсастықтары мен ерекшеліктеріне, нормативтік-жарлықшы құжаттардағы терминдердің аударылу ерекшеліктеріне, ісқағаздарында қолданылатын терминдерді аударудағы семантика-синтаксистік және лексика-семантикалық трансформацияға, салалық терминологияны қалыптастыруда қазіргі қазақ терминологиясында ескерілетін өзекті мәселелерге қатысты. республикамызға танымал мамандардың мақалалары жарияланады. Сондай-ақ қазақ ісқағаздарының жанрлық және мазмұндық ерекшеліктеріне, ісқағаздарын жүргізу пәнінің объектісіне, мақсат-міндеттеріне, негізгі ұғымдарына, қазақ ісқағаздары – функционалдық стиліне, ісқағаздарының жіктемелік сипатына, ісқағаздарына қойылатын талаптарға, ресми-іскери стильдің әлеуметтік-лингвистикалық сипатына, ресми-іскери стильдің лексика-семантикалық және грамматикалық сипатына қатысты өзекті мақалалар да осы бөлімде жинақталады.

Кітапхана: Онда осы уақытқа дейін шыққан іс қағаздарға және аудармаға қатысты әдебиеттердің электрон базасы жинақталады. Қолданушы «іздеу» тетігі арқылы қажетті керек әдебиетін тегін жүктеп алуға немесе онлайн оқуға мүмкіндік алады.

Терминдер: Бағдарлама жадына ісқағаз үлгілерінде және атқарушы органдарда жиі қолданылатын сөздер, терминдер, сөз тіркестері мен сөйлемдер жиналып, орысша-қазақша, қазақша-орысша аудармалары сәйкестендіріліп енгізіледі. Қолданушылар оны ісқағаздар жүргізу барысында электронды сөздік ретінде пайдалана алады.

Көрнекі курстар: Онда ісқағаздарын жүргізу бойынша мастер класс өткізіп жүрген республикамызға танымал мамандар ресми құжаттарды дұрыс жүргізудің үлгілерін көрсетіп, дәріс сабақтарын жүргізеді. Көрнекі материалдар көрсетіледі. Іс жүргізушілерге пайдалы ақыл кеңестер беріледі. Ісжүргізушілер мен жалпы қызығушылық танытқан көпшілік бейне материалдарды еркін пайдалана алады.

Құқықтық негіз: Онда Қазақстан Республикасында ісқағаздарын жүргізудің нормативтік-құқықтық негізі туралы деректер жиналады. Ісқағаздарын жүргізуге қатысты нормативтік-құқықтық құжаттар, ісқағаздарын жүргізудің нормативтік әдістемелік негізіне қатысты құжаттар, ісқағаздарын жүргізуді мемлекеттік реттеу: біріздендіру, стандарттауға қатысты ресми құжаттар жинақталады.

Форум (сұрақ-жауап) - бұл блокта базаны қолданушы онлайн режимі арқылы ісқағаздарына қатысты туындаған өзекті мәселелер бойынша жиі қойылатын сұрақтарын қоя алады. Әрбір қойылған сұраққа білікті мамандардан толық жауап беріледі.

Күтілетін нәтиже: Басты нәтиже – көпшілікті іс қағаздарын жүргізу негіздерімен, құжат рәсімдеу үлгілерімен таныстыру, қазақша іс қағаздарын жүргізу дағдыларын меңгерту, ұйымдардағы іс қағаздарын жүргізуді ұйымдастыру жүйесі жөнінде жалпы түсінік беру болып табылады. Бұл мәселе көрнекі курстарда айтылады.

Бағдарлама жадына ісқағаз үлгілерінде және атқарушы органдарда жиі қолданылатын сөздер, терминдер, сөз тіркестері мен сөйлемдер жиналып, орысша-қазақша, қазақша-орысша аудармаларын сәйкестендіріліп енгізіледі.

Қолданушы арнайы терезе арқылы өзіне керек мәліметті енгізе отырып бұйрықтың, хаттың және т.б. ресми құжаттардың үлгісін толтыра алатын, жұмыс барысында ісқағаздардың орыс тіліндегі нұсқасынан қазақ тіліндегі нұсқасына немесе керісінше оңай ауыса алатын автоматтандырылған электронды бағдарлама жасалады.

Қолданушы жоғарыда көрсетілген бірнеше «іздеу» блоктарының ішін аралап, материалдармен танысып керегін тегін жүктеп ала алады.

Жоба арқылы ісқағаздарының орысша-қазақша үлгілері лингвистикалық нормаға сай ұсынылып, Қазақстан Республикасы бойынша ресми құжаттардың қазақша үлгілері біріздендіріледі, Сан мыңдаған қолданушыларға мемлекеттік тілде құжат толтыру бойынша дұрыс әрі тез жәрдем көрсетіледі. Сайт видоеролигі: https://cloud.mail.ru/public/JFkA/BnDjHhzai 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір