• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 10:50:10
Алматы
+35°

21 Қараша, 2017 Әдебиет

Қазақ халқыңыздың саны 30 млн болды десе...

Мен өліп бара жатқанда біреу келіп құлағыма сыбырласа...

Дулат Исабеков: Мен өліп бара жатқанда біреу келіп құлағыма сыбырлап: «Қазақ халқыңыздың саны 30 млн болды» десе, соны естіп өлсем...
(Сұхбаттан үзінді)

– Кітап туралы аз әңгіме айтпадық. Енді өзіңіз соңғы оқыған, селт еткізген, әсер еткен кітапты айта аласыз ба?

– Эрих Мария Ремарктың «Время умирать. Время жить» деген романын оқып жатырмын. Осы бір романын бұрын оқымаған екенмін. Менің екі арманым бар еді. Бірі – мен өліп бара жатқанда біреу келіп құлағыма сыбырлап: «Қазақ халқыңыздың саны 30 млн болды» десе, соны естіп өлсем деген. Екіншісі, «Шіркін, Эрих Мария Ремарктың «Тени в раю» деген туындысы сияқты бір роман жазып кетсем» деп армандайтынмын. Қандай суреткер, кейіпкерлері қандай қызық. Міне, осылардан үйрену керек. Теңеулері қандай! Соғыс шындықтары денеңді түршіктіріп жібереді! «На западном фронте без перемен» деген романына қарасаң, соғыс трагедиясын олай берген ешкім жоқ. Мина жарылған, досы екеуі келе жатыр. Қараса, дәл минаның үстінен басқан болу керек, етік жатыр, етіктің ішінде сирақ, қалған дене жоқ. Талға ұшып кеткен-дағы, ішектері салбырап тұр. Сол кезде анау «Ему наверное было не очень весело» дейді. Оны «трагедия» деп айтпайды. Біз болсақ «бейшара-ай, бұл да біреудің баласы еді ғой, қарашы ішегі салбырап тұр» деп кеулеп кетеміз. Шешесіне келіп баласының, өлімін айтатын жерлер қандай шебер жазылған. Жалғыз баласы өлгенде шешесі жылап жатыр. Сонда балаң қиналған жоқ дегенді түсіндіру үшін «пуля попала в его сердце, он тут же умер» дейді. Соғыс қасіреті. Соғыс шындығы. Оқып жатқан романдарым осы сияқты нәрселер. Әлі оқитын кітаптарым көп, уақыт болмайды. Күнделікті газеттерден де қолым тимейді. Газеттерді оқып, жүйкең шаршағаннан ұйқың келмейді. Ал анау романдарды оқысаң, ажырағың келмей қалады. Қазір оқығандарымның бәрін қарап шықсам, адамзаттың ұлы жазушыларының жазғанының 10-15-ақ пайызын оқығанбыз. Қалғандарына әлі қайда… Әлі күнге дейін оқып келе жатырмын. 4-сыныптан Толстойдың «Кавказ тұтқынынан» басталды. Ауылда жүргенде батыстың әдебиетін оқыттырмайтын. Алматыға келсек, бүкіл әлем жатыр екен.

– “Жұрт жабыла мақтаған Харуки Мураками, Пауло Коэльо шығармалары қазақтың шығармаларынан әлдеқайда төмен. Ал қазақ әдебиеті аспанында жұлдыздар баяғыда туғанымен, жұрттың көзіне түсе алмай-ақ келе жатыр” деген пікіріңіз бар. Қазақ қаламгерлерінің жұрт көзіне түспеуінің, әлемге танылмай жатуының сыры неде? Дұрыс аударылмауы ма, әлде басқа себеп бар ма?

– Аудармаға жала жаба бермеу керек. Қандай жаман аудармашы болса да, прозаның мағынасын береді. Біздің шығармаларда жоғарыда айтқанымдай, көпсөзділік көп. Оқиғаның діңгегінен айрылып қаламыз. Көзге көрінген нәрсені, жолда тышқан көріп қалсақ соны суреттеп кетеміз. Шай ішу мәселесі болса, шайды 3-4 бетке сораптап созамыз. Осындай артық детальдарымыз өте көп. Қазір қысқа жазатын заман келді. Табиғатты суреттеуге 2-3 сөйлем жетеді. М.Әуезов ауаны «Ауада дымқыл сыз бар» деп қана қалай керемет суреттеген! Ал қазір біреуге арнау өлең жазсақ, кемі 10 шумақ жазамыз. Екі шумақ жетпей ме?! Әдебиетте әр нәрсенің өлшемін білген жөн. Қазанға тұз көп салсаң – ащы, кем салсаң, татымай қалады ғой. Сол секілді оқиғаны суреттегенде де өлшем керек. Сосын шығармаларымызда ақыл айтқанды жақсы көреміз. Ақыл әрекет, оқиға, көзқарас, монологтар арқылы ғана айтылу керек. Өз тәжірибем арқылы осыған көз жеткіздім. Англияда менің «Біз соғысты көрген жоқпыз» атты повесім жеке кітап болып шықты. Екі қол, екі аяғы жоқ күйеуін соғыстан күтіп алған Орыншаның тағдырын ағылшындар жылап оқыды. Сол күйеуі арбамен шығып, боранда қатып қалғанда Орыншаның: «Құдай жоқ! Болса мынаның бәрін көрмей ме?! Соғыста өлтірмей мұнда әкеліп неге өлтіресің? Бізді қорлаудың бұдан артық түрін таппадың ба? Сенің көзің де, құлағың да жоқ, соқырсың, мылқаусың. Әйтпесе, саған не жаздық?!» – деп зарлағанда, менің апам барып: «Орынша, не болды? Не болды? О, Құдай!» – деп қасына жақындап: «Орынша, жүрші, үйге барып ыстық шай ішші», – дейді. Ол: «Ішпеймін, аузым күйіп қалады», – деп ақыры жындыханаға түсетін болады. Балалары жылап, ешкімге ұстатпайды. Егер мен осыны соза түссем, қызық болмас еді. Екі беттен асырмадым. Алғаш шошығанмен, бір сағаттан соң өлікке де адам үйреніп қалады. Сондықтан керектісін ғана айтып қою керек. Оларға «қазағым» деген шығармалар керек емес. Еуропаша жазудың да қажеті жоқ. Осы екеуін синтездей білу керек. Образың, айтатын оқиғаң, кейіпкерің оларға жаңалық болу қажет. Мәселен, Англияға Тұрар Рысқұловтың, Сұлтан Бейбарыстың қажеті жоқ. Оларға Аттила, Қажымұрат керек.

Сұхбаттасқан: Марфуға Шапиян

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір