• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 18:51:27
Алматы
+35°

17 Сәуір, 2018 NEWS

Қазақ Ұлттық өнер университеті Мысырда өнер көрсетті

ҚР Халық әртісі Айман Мұсақожаева маэстро Айдар Торыбаев басқаратын Қазақ ұлттық өнер университетінің Симфониялық оркестрі сүйемелдеуімен өнер көрсетті

 

Мысырдың «Cairo Opera House» бас концерттік сахнасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында ҚР Халық әртісі Айман Мұсақожаева және ҚазҰӨУ студенттерінің қатысуымен концерт өтті.

ҚР Халық әртісі Айман Мұсақожаева маэстро Айдар Торыбаев басқаратын Қазақ ұлттық өнер университетінің Симфониялық оркестрі сүйемелдеуімен өнер көрсетті. 

«Мысырда болған күндеріміз оқиғаларға толы болды: бүкіл әлемдегі жаңалықтар туралы хабар беретін «ON TV» Мысыр телеарнасының тікелей эфиріне қатыстық. Мысырдағы ҚР елшісі Арман Исағалиевпен бірге өзіміздің концерттік турымыз және «Рухани жаңғыру» мәдени жобасы туралы сұхбат бердік.

Жуырда Амман мен Александрияда, енді Каирде өнер көрсетіп жатырмыз, бұл осы аймақтағы Қазақ ұлттық өнер университетінің алғашқы концерттері. Олар үлкен табыспен өтіп, көрермендер тарапынан қолдауға ие болды. «Каир операсы» мен «Александрия операсы» - бұл тамаша акустикасы бар керемет залдар, көрермендердің ыстық ықыласы сезілуде. Осындай тыңдармандар алдында өнер көрсету біз үшін үлкен абырой. Біздің әншілер, жеке орындаушылар мен оркестр концерттен кейін залда болған ерекше күйді сезініп, «Каир операсында» алғаш рет осындай табысты өнер көрсетулеріне өте риза болды.  «Каир операсының» тарихи ғимараты және Мысырдағы тағы бірнеше ғимараттар Суэц арнасының ашылуына орай салынғанын білеміз... Осы театрға қанша жыл екендігін, оның сахнасында қандай ұлы әртістер өнер көрсеткенін, оның қабырғалары қаншама дәстүрлерді бойыңа сіңіргенін елестетіп көріңіз...! Әрине,  мен және студенттерім осы сахнада өнер көрсетуге өте қуанышты болдық. ҚазҰӨУ студенттері ұмытылмас әсер алды. Мысырмен жақынырақ таныстық, енді болашақта Каирдің Өнер академиясымен ынтымақтастық туралы меморандум және шартқа қол қою жоспарлануда. Өнер академиясына Каирдің барлық мәдени институттары, атап айтқанда театр академиясы, кино академиясы, музыка академиясы, хореография академиясы кіретінін атап өтемін. Біздің кәсіби халық ұжымдарымыз Рамадан мерекесі аясында Каирде өнер көрсететіні туралы келісімге келдік. Болашақта бірлесіп іске асыратын әлі көптеген жобаларымыз бар, олардың бірі – Мысырдың театр фестивалі, немесе Мысыр кинофестивалі, іс-шаралар аясында студенттер өз жұмыстарын ұсына алады. Алдымызда қойылған міндеттер өте ауқымды әрі қызықты, өзімізге сәттілік тілегіміз келеді. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Каирдегі достарымызды Астанаға шақыруды жоспарлап отырмыз. Әрине, Мысырды әр келген сайын жаңадан ашуға болады, мысалы ежелгі заман ескерткіштерінің 80 % сақталған ғажайып Луксор қаласы, алайда осы жолы бұл қалаға бару сәті түскен жоқ.  Дегенмен, әлемнің ең ежелгі кітапханасы – Александриялық кітапханаға барып қайттық. Осындай сапарлар жас музыканттар үшін өте маңызды, себебі ерекше шабыт беріп, таңғажайып әрі сиқырлы әлемнің сырларын ашады...» - деді керемет өнер көрсетуден кейін Айман Мұсақожаева.

 «Қазақ халқының әсем әуенді музыкасымен таныспын, Астанада бірнеше ай бойы тұрдым, EXPO-2017 көрмесіне де қатыстым. Сол кезде қазақ музыкасын сүйсіне тыңдай бастадым. Бүгін тамаша концерт болды, ұмытылмас әсер алдым. Сіздердің музыкаңызды тамашалауға мүмкіндік берген қазақ халқына алғысым шексіз» - деп атап өтті Мысырдың өнеркәсіп Министрлігінің бас менеджері Haitham El Mashad.  

«Бүгін тамаша концерт болды, қатысқаныма өте ризамын. Сіздің Президентіңіз Нұрсұлтан Назарбаевқа қазақ мәдениетін бүкіл әлемге танытып жатқаны үшін, және осындай концертті ұйымдастырғаны үшін Мысырдағы ҚР елшісі Арман Исағалиевке үлкен алғысымды білдіргім келеді. Менің ата-бабаларым кезінде Тараздан Мысырға қоныс аударған, сондықтан тегім «El Tarazi».  Барша қазақстандықтарға Каирден жалынды сәлем жолдаймын» - деді концерт тамашалаған көрермендердің бірі.

Концерт  бағдарламасында қазақтың танымал ұлттық шығармалары, атап айтқанда Е.Рахмадиевтің «Құдаша Думан», «Күй шашуы», Р.Абдысагиннің  «Aftersounds of Romanticism» шығармасы,     Л. Хамидидің «Казақ Вальсі», сондай-ақ П.Чайковский, Дж. Россининің әлемдік классикасының үздік шығармалары және т.б. орындалды. 

Концертке Қазақ ұлттық өнер университетінің Еуразиялық симфониялық оркестрі, Скрипкашылар ансамблі, «Шабыт» домбырашылар ансамблі, ҚазҰӨУ оқытушылары мен студенттері қатысты.

Концерт Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Мысырдағы Қазақстан Республикасының Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір