14 Қараша, 2017 Аймақтар
Қазақ ұлттық аграрлық университетінде «Елбасы кітапханасы» орталығы ашылды
Жиынның ашылуында сөз алған ҚазҰАУ ректоры, академик Тілектес Есполов университет базасында ашылған кітапхананың маңыздылығына тоқталды
Қазақ ұлттық аграрлық университетінде «Елбасы кітапханасы» орталығы ашылды.
Жиынның ашылуында сөз алған ҚазҰАУ ректоры, академик Тілектес Есполов университет базасында ашылған кітапхананың маңыздылығына тоқталды.
«Жоба аясында біз университет базасында Елбасы кітапханасын ашып отырмыз. Басты мақсатымыз - Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмірі мен қызметін үлгі тұтып, жастарды лидерлік қасиетке тәрбиелеп, бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыру. Жақында ғана біз Астанадағы Елбасы кітапханасынан Президентіміздің 500 кітабын алдық. Бұл - біз үшін, біздің белсенді жастарымыз үшін үлкен олжа. Бұл кітаптар, біздің жастарымыздың рухани дүниетанамын кеңейтіп, білімдерін толықтыра түседі», - деді ЖОО ректоры.
Сондай-ақ, аталған ЖОО-да «Рухани жаңғыру: жастар көзқарасы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Конференцияда Алматы қаласының және шетелдік жоғары оқу орындарының ғалымдары, магистранттары, студенттері баяндамалар жасады.
Жиында «Тарихи тұрғыдағы Қазақстанның жаңғыру әлеуеті», «Ұлттық код рухани сананы жаңғыртудың негізі ретінде», «Қазақстан жастарының рухани санасын жаңғырту шарттарындағы тарихи сана» тақырыптарында баяндамалар жасалды.
Алматы қаласында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасы «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі көрме жобасын 10 қарашадан бері өткізіп келеді.
«Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрмесі төрт бөлімнен тұрады:
«Көшбасшы жолы» бөлімі ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың өмір кезеңдерінен сыр шертеді. Ұлттық Көшбасшымыздың жолы рухани сананың дәуірі мен шығуы мазмұнын білдіретін тарихи үдерістер мен оқиғаларды сипаттау арқылы көрсетіледі. Қазақстан Президентінің алғашқы бүкілхалықтық сайлауы еліміздің Тәуелсіздігінің негізгі бағыттарын айқындаған басты тарихи таңдау болды.
«Көшбасшы феномені» бөлімі Қазақстан Республикасының негізін қалаған, жаһандық кеңістікте тұрақтылық пен қауіпсіздіктің жаңа идеяларын енгізген Н. Ә. Назарбаевтың мемлекеттік құрылым тұжырымдамасының қалыптасуы мен дамуы тарихына жетелейді. Көшбасшы феномені Семей ядролық полигонының жабылуынан бастап мемлекет астанасын ауыстыру идеясын жүзеге асыруға дейінгі тарихи маңызы бар шешімдер мен бастамалар арқылы көрініс тапқан.
«Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі» бөлімінде Көшбасшының және Қазақстан халқының жаһандық үдерістердің тұрақтылығы мен өркендеуіне қосқан үлесін тану белгісі ретінде ұсынылған Елбасының жоғары мемлекеттік наградалары баяндалады.
«Әлем қадірлеген Елбасы» бөлімінде Қазақстан Респуликасының қарқынды сыртқы саясаты көрсетіледі. Бұл – әлемдік деңгейдегі саясаткер, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың биік беделінің нәтижесі. Еліміздің көпвекторлы сыртқы саясаты дипломатиялық сыйлықтар, жеке жазбалар, мұрағаттық материалдар арқылы көрсетілген. Әрбір сый-сияпаттан кез келген қауіп-қатер мен түсінбеушіліктен азат бейбіт әлемді қалыптастырудағы Н. Ә. Назарбаевтың сіңірген еңбегін таныған шетелдік мемлекет және үкімет басшыларының жеке құрметі көрінеді.
Экскурсиялар балабақша тәрбиеленушілері, оқушылар мен студенттер іспетті түрлі жас санатындағы аудитория мүшелеріне арналады.
Айта кетер болсақ, 11 қараша күні ҚазҰАУ-да «Ғылыми-білім беру қызметіндегі инновациялық жұмыс түрлері» семинары, 13 қарашада «Қазақстан жолы: «Мәңгілік Ел» семинар-тренингі өтті.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір