• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 14:46:11
Алматы
+35°

07 Қазан, 2015 Саясат

Қазақ бұрын мұғалімге қарыздар еді... Қазір ше?

Қыркүйек айы мен  Қазан айында білім саласында жүрген қызметкелердің екі бірдей мейрамы өтеді. Бірі -  Білім күні болса, екіншісі – кәсіби...

Қыркүйек айы мен  Қазан айында білім саласында жүрген қызметкелердің екі бірдей мейрамы өтеді. Бірі -  Білім күні болса, екіншісі – кәсіби мейрам- Мұғалімдер күні. Жалпы, биылғы қыркүйек  дүбірлі тойларға толы болды. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы Елордада дүркіреп өтті. Бұл мереке Қазан айының алғашқы онкүндігінде хандықтың алғашқы ордасы тігілген Шу аймағының ірі қаласы Таразда жалғасын таппақ. Бәрі дұрыс. Қазақ - ежелден азаттық, еркіндік аңсаған халық. Оның ұлттық атауының өзі де осы мағынаны білдіреді. Жер бетінде өзінің ұлттық атауы азаттық пен еркіндікке қатысты ұғыммен қалыптасқан ел кемде-кем. Айтпағымыз бұл емес еді, айтайын дегенім басқа. Бірақ осылай бастауға тура келді. Себебі Қазақ хандығының саяси сахнадан кеткен де тарихы бар. Елдіктің, мемлекеттіліктің қазығын қадаған Қазақ хандығы ХІХ ғасырдан бастап жойылып, одан кейін бодандық бұғауына мойын ұсынған отарлық кезең де болды. Оның бүге-шегесін ақтару, қопару бұл мақаланың міндеті емес. Дегенмен де мына бір ойды айта кеткеніміз абзал: отарлық кезеңдегі жұрттың азаттығы мен бостандығы үшін «найза-қылышсыз, мылтықсыз» жүрген рухани күрестер үшін қазақ халқы ел арасынан шыққан қарапайым мұғалімге, оқыған азаматтарға қарыздар. 
 
ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамында мұғалім беделінің қаншалықты жоғары болғаны тарихта хатпен, әдебиетте көркемсөз өрнегімен сақталған. Тарихтағы хат – ХХ ғасыр басындағы Алаш зиялыларының ел үшін жасаған жасампаз қызметі. Әдебиеттен мысал, тіптен, көл-көсір. Бір-ақ мысал, Б.Майлиннің өшпес туындысы «Шұғаның белгісі» повесіндегі ғашықтық дертінен қайтыс болған жаны да, тәні де сұлу, бай кісінің жалғыз ерке қызы Шұғаның сүйген жігіті қарапайым ортадан шыққан мұғалім болатын. 
Алаш қалдырған екпін кешегі Кеңес дәуірінде де жалғасын тапты. Кеңес дәуірінің алғашқы қалыптасуы мен дамуы тұсына бойламай-ақ, сол дәуірдің ыдырау уақытында (80-жылдар) мектепте оқыған біздер үшін де мұғалім идеалды тұлға болатын. 
Ұстаздың ел жүрегінде сақталған тарихи бейнесі мен бүгінгі кескін-келбетін салыстыра аламыз ба? Әлбетте, салыстыра алмаймыз. Себебі заман өзгерген, сонымен бірге құндылықтар да өзгерген. Бір-ақ бір нәрсе айқын: мемлекеттің саяси-экономикалық, әлеуметтік дамуы ел азаматтарының білімділігіне, халқының мәдениет деңгейіне тікелей байланысты. Білім – адам тіршілігінің қай саласында болмасын маңызды орын алатын әмбебап құрал. Құралдының құралсыз кісіге қарағанда ой-өрісінің, дүниетанымдық көзқарасының тереңдігі, бәсекеге қабілеттілігі, кәсіби бейімділігі тұрғысынан бір табан жоғары болатыны анық. Хакім Абай айтқан адам баласының бір-бірінен артықшылығының көрсеткіші болып бағаланатын төрт (ақыл, ғылым, ар, мінез) қасиеттің бірі ғылымның бастау бұлағы да осы – білім. 
Бізге білімді ұйымдастыруда, мұғалімнің мәртебесін көтеруде ұсталық жетпей жатыр. Мұғалімнің мәртебесін көтерудегі ең басты құрал - білімге деген терең құндылықты қайта қалыптастыру. Құндылық бар жерде баға да бар, мәртебе де бар. Дамушылар қатарынан озық елдің қатарына қосылған барлық мемлекеттер кезінде білім жүйесіне ерекше мән берген және оны бүгінгі таңда еселей түспесе, кеміткен емес. Озық дамыған елдер өз экономикасын жаңашыл инновация мен тиімді технологиялар арқылы қарыштатып отыр. Ал инновация мен икемді технологиялар тақыр жерден өзінен-өзі өніп шықпайды, білім мен ғылымның «мәпелеуінен» өседі. Экономикалық дағдарысқа душар болып отырған қазіргі Қазақстанға білім саласын терең дамытуы қажет. Бәсекелестің басты қозғаушы тетігі де – осы білімде. Әлемнің дамыған мемлекетттері білім саласын үлкен бизнеске айналдыра білген. АҚШ пен Батыс Еуропаның озық елдеріне жер дүниенің түпкір-түпкірінен ілім-білім іздеп келіп, қаражатын сол елдің экономикасына құйып жатқаны біздің көз алдымызда өтіп жатқан көрініс. Бір сөзбен айтқанда, дамыған елдер – ең басты капитал-адами ресурстарды тиімді пайдаланып жатқан мемлекеттер. 
Ұзақ жылдарға бағытталған «Қазақстан – 2050» Стратегиясында 30 үздік елдің қатарынан орын тебуге бел буған, Еуропа мен Азияның алтын көпіріне бағаланатын Қазақстанға Орта Азия мемлекеттеріне білімі озық ел ретінде танылуына кешегі Кеңес дәуірінен қалған әлеуеті мен бүгінгі интеграция белбеуі мықты байланған заманнан жинаған азды-көпті тәжірибесі кең мүмкіндік аша алады. Шегелеп айтсақ, тарихи болашақта Қазақстан Орта Азияның дамушы елдеріне үлгілі білім бере алатын ілім-ғылымы озық елге айналуға, сөйтіп білім саласын (кең мағынада, адами капитал саласын) табысты бизнеске (шынайы бәсекелестік негізіндегі) айналдыру мүмкіндігі бар. Қазіргі таңдағы Назарбаев зияткерлік мектебі мен университеті - осы істің алғашқы бастамасы іспетті жоба. 
Аталған мақсатты халықаралық деңгейге шығару үшін білім саласының ішкі мәселесін мүлтіксіз шешіп алған жөн. Бұл орайда, білім алу үрдісін де ұйымдастыру - өткір тұрған мәселе. Біздің оқушыларымыздың дамыған елдің жеткіншіктеріне қарағанда демалатын күндері көп, сабақ оқитын күндері аз. Әсіресе, жазғы демалыс тым ұзақ. Жазғы ұзақ демалыстың бір бөлігін шығыны көп, суығы мен бораны оқуға кедергі келтіретін қысқы мезгілге ауыстырып, білімді үздіксіз, кідіріссіз, жүйелеп беруді жолға қою қажет.
Мұғалім - экономиканың материалдық байлығына үлес қоспайтын шығармашылық тұлға. Кеңестік дәуірде материалистік дүниетаныммен сусындап, одан бірден капитализмге аттап кеткен біздің қоғамымыз материалдық байлықты аса қатты құндап кеткені бүгінгі ақиақат шындық. Фонд нарығы («Фондовый рынок») деген капитализм құндылығы күн сайын саудаға түсіп отырады. Солай-ақ болсын.  Бірақ қоғамның байлығы тек материалдық құндылықтармен ғана емес, сонымен қатар рухани құндылықтармен де өлшенбей ме? Католиктер дінінің басшысы Рим Папасының күні кеше АҚШ-қа  барған сапарында бірыңғай материалдық құндылыққа негізделген капиталистік танымның болашағы бұлдыр екенін ашық айтқаны кімді де болса ойландыру тиіс. Мұны атам қазақ баяғыда мынадай мақалмен: «Дәніккеннен құныққан жаман»-, деп,  шегелеп кеткен. 
Мұғалім – рухани құндылықты қалыптастыратын, надандықтан арашалайтын, ағысы қатты өзеннің өткелі іспетті тұлға. Ол ішкі жалпы өнімнің (орысшасы ВПП) артуына үлес қоспайды, бірақ сол үлесті жасайтын азаматтарға рухани тәрбие береді. Оның адами кескін-келбетінің сауыт-сайманын сайлайды. Сондықтан ол ішкі жалпы өнім көлемінен табысты жалақы алуы тиіс. 
Табысты жалақы мен шығармашылық ізденіске жасалған қолайлы жағдай – мұғалімнің мәртебесін арттырудың бір жолы. Бұл орайда оқушылар мен мұғалімнің жазғы кезеңдегі ұзақ демалысын қысқарта отырып, бескүндік оқу аптасына өту, одан әрі 12 жылдық білім жүйесіне көшу, ұстаздың біліктілігін үнемі жетілдіріп отыру – орта білім жүйесінің 1-2 жылда атқарар нысанасына айналуы тиіс. Кеңес дәуірінен қалған ескі жүйенің жетегінде кете беруге болмайды. Оны біздің қазіргі экономикалық дағдарыс жағдай да, бәсекелестік артып бара жатқан жаһандану үрдісі де көтермейді.
Елбасының бастамасымен енгізілген үш тұғырлы (қазақ, орыс, ағылшын) тіл саясаты - білім жүйесінің өзекті өрнегі, жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың тиімді жолы. Аталмыш мәселенің мемлекеттік маңызы зор болғандықтан «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына да енгені белгілі. Әлем жұртшылығының басым көпшілігі қолданатын ағылшын тілін жастардың бойына бәсекеге қабілеттілігін арттыратын құрал ретінде енгізе отырып, болашақта еліміздің маңына бәсекелестікке ұмтылған өзге елдің өкілдерін жинай алатынымыз кәміл! Мысал керек пе? Айтайық: Шығыс Азиядағы Жапония, Сингапур, Малазия, Индонезия...
 
«Алдымен сөз болған», - дейді діни кітаптар. Сөздің жалғасы (көңілдегі ой да сөзден құралады) – іс. Хакім Абай да айтқан: «Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел», - дегендегі екінші рет қайталанған «түзел» іс-қимылға қатысты бағытталған емес пе еді?! Қоғамның түрлі саласынан үлгілі нәтижеге қол жеткізген озық елдің тәжірибесі сөзді жөндеуден бастау тиімді нәтиже беретінін көрсетіп отыр. Қыркүйек пен Қазан айларында тойға кенелген әріптестерімізге мерекелік тілегімізді тағы да Ұлы Абайдың сөзімен жолдағымыз келеді: «Білімдіден шыққан сөз, Талаптыға болсын кез!»!

Алмасбек Әбсадықов, филология ғылымдарының докторы 

Қостанай қаласы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір