• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 20:18:06
Алматы
+35°

29 Қыркүйек, 2017 Ұлы көш

Қауымдастық басшысының жаңа орынбасары жантайып жату үшін келді ме?

Бірақ, шетелдегі қандастарымыз өздері тұрған елдердегі саяси жүйеге жұтылып бара жатыр...

Бүгін Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайына ширек ғасыр толды. 1992 жылы қыркүйектің 29 - 3 қазан аралығында Алматыда әлем қазақтарының тұңғыш құрылтайы өтті. Алғашқы құрылтай тәуелсіздігін жаңа алған мемлекет үшін айтулы шара еді. Себебі Қазақстан Конституциясында мемлекет құраушы мәртебесі бар қазақ халқы араға ғасыр салып дүниенің төрт бұрышынан алғаш рет Атажұртта бас қосты. Бүгін міне сол тойдың мерейтойы. Мерейтой былай тұрсын, сол құрылтайда құрылып, бар қазақтың игілігіне қызмет қылады делінген Қауымдастықтың өзі қыбыр етпей жатыр.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақтардың Дүниежүзілік V құрылтайында Зауытбек Тұрысбековті мызғымас Мамашевтің орнына тағайындаған еді. Сол кезде жұрт Қауымдастықтың жаңа бірінші орынбасар басшысынан көп жақсылық күткен. Себебі Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығына бір мүшел басшы болған Мамашев артына бәлендей еңбегін қалдырып, үлкен абыроймен орын босатқан жоқ. Рас, Назарбаев жаңа орынбасарын «Ысылған, тәжірибелі. Кезінде қазақтың Көші-қон демография агенттігін басқарды. Облыста әкім, Ішкі істер министрі болды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігін басқарды. Ең негізгісі қандастарымыздың ең көп тұратын Ресей мен Өзбекстанда Елші болды.», - деп атағын, даңқын айтып таныстырды. Содан бері үш ай. Зауытбек Қауысбекұлының тері тамды деген бір ақпарат тарамады.

Қауымдастықтың жаңа басшысы әлемдегі тарыдай шашылған қазақтың басын қоса ма десек, керісінше жұмысын Қауымдастықты таратумен бастады. Қауымдастықтың Алматыдан Астана қаласына көшуіне орай ол жаққа барудан 98 пайыз қызметкері бас тартқан. Осыған дейін аталған ұйымға еңбегі сіңген кісілердің қызметтерінен бас тарта салуы, Қауымдастықтың да істің ыңғайын білетін қызметкерлерінен тез құшақ суытуы ненің белгісі?

Зауытбек Қауысбекұлы қызметіне тағайындала сала білгір басшы БАҚ-пен тығыз жұмыс істейтін шығар, Әлем қазақтары оқитын қазақ сайттары арқылы қандастарға ыстық сәлемін жолдар деген ниетпен хат жаздық. Қызметімен құттықтап, бірнеше сауалымызды қойдық:

«1. Елбасы Назарбаев V құрылтайда «Шетелде әлі де 5 миллионнан астам қандасымыз өмір сүріп жатыр» деп атап өтті. Тұралаған ұлттық көш алдағы уақытта қалай жанданбақ? Қандай бағдарламалар қолға алмақсыз?

2. V Құрылтай аясында Өмірхан Алтын мырза көтерген Қытайдағы этникалық қазақтар мәселесі алдағы уақытта қалай шешілетін болады? Қауымдастық бұл тұрғыда қандай жұмыстар қолға алмақ?», - делінген еді Qamshy.kz-тің ресми сауалында. Оған қоса Алматы қаласындағы Жароков көшесі бойында, «Түлектер саябағында» орнатылған ескерткіштің тағдырын сұрадық. Бұл ескерткіш тас Дүние жүзі қазақтарының бірінші құрылтайы кезінде қойылды. Тіпті ол тасты Халифа Алтай, Далелхан Жаналтай, Алтынбек Сарсенбайұлы сынды айтулы азаматтар көзі тірісінде өз қолдарымен қойған. Құрылтайдың шешімімен ол жерге үлкен этноауыл мен қазақтың көшін қолдайтын орталық салынуы керек болған. Алғашқы құрылтайдан бері ширек ғасыр өтсе де ешқандай да орталық салынбады.

Хатымыздың кеткеніне де үш ай. Бірнеше мәрте қузағанымызда көмекшілері «демалыста» деп қысқа қайырды. Жұмысқа шықпай жатып демалатын қазақты Тұрысбековтен көрдік.

Ұлттық көшті жандандыру туралы Зауытбек Тұрысбеков әлі ешқандай бағдарлама ұсынбады. Еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде әжептәуір беделі бар азамат қой. Мүмкін ол қауырт жұмыс істеп, біз білмей жатқан шығармыз. Олай дейін десек, шекарада тоналып қалған ана Гүлжан Мәуітхан ісінде Зауытбек Қауысбекұлы түгілі қауымдастықтан бірауыз үн шықпады. Азаматтық ала алмай жүрген бірнеше мыңдаған қандастар тағдыры Қауымдастықты алаңдатпады. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы жылдағыдай Еуропадағы, Түркиядағы қазақтардың құрылтайына ұйытқы болыпты дегенді естімедік. Соңғы уақыттары қауымдастық шетелдегі қазақтардың мүддесін қорғауда әлжуаздық танытқаны жасырын емес. Шетелді қойып, елге келген оралмандардың мүддесін қорғауда қауымдастық қауқарсыздық танытты.

Қытай үкіметінің этникалық қазақтарға қысымы қазір күйіп тұрған мәселе. Қытайдан Атажұртқа оралған қандастардан азаматтық беру шартына сұрайтын «Соттылық» туралы анықтаманы алдырып тастаған да Тұрысбеков емес. Зауытбек мырза ол жақтағы қазақтардың зарын түсінбейтін шығар, дегенмен өзі елші болған Ресейдегі қасиетті ауыл Қошағашқа, шетелдегі қазақ диаспораларының үштен бірі орналасқан Өзбекстанға барып, қандастардың қалын сұрады дегенді тағы естімедік.

Қазақтардың V құрылтайында Қазақстан президенті шеттегі және елге көшіп келетін ағайынды қолдау үшін «Отандастар» қорын құрамыз деген еді. «Құрылған Қор Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен бірлесіп, отандастарға жан-жақты қолдау мен көмек берудің іс-шараларын анықтап, соған сәйкес кешенді бағдарлама әзірлесін», - делінген президент тапсырмасында. Тапсырма түгілі Зауытбек Қауысбекұлының Тікелей бастығы тапсырған «Отандастар» қорынан да хабар жоқ.

Президент құрылтайда тағы да жастарға қолдау көрсету туралы айта келіп, «Біз шетелдегі қазақ балаларының Қазақстанда білім алуына жағдай жасауымыз керек. Үкіметке отандастарымыздың жоғары білім алуын қолжетімді ету үшін оларға бөлінген квотаны 2 есеге көбейтуді тапсырамын», - деді. Биыл оқу жылы басталарда квота 2 есеге артуы былай тұрсын, мүлде бермейміз деген университеттер болды. Бұрқ-бұрқ етіп басылған бұл даудың басы-қасынан да Қауымдастықтың бір өкілін көре алмадық.   

Қауымдастықтың бірінші орынбасары болып тағайындалғанда Тұрысбеков «Үлкен сенімге көп рахмет. Бұл қызмет әр қазаққа бөлек дүние. Мен көп сөйлемеймін, істің адамымын. Ертеңгі күні бәрін іспен дәлелдеймін» деген дейді. Көп сөйлемейтінін көрдік, бірақ істемейтінін де көрдік.

Елбасы құрылтайда «Қысқа мерзім ішінде қазақ диаспорасын гуманитарлық бағыттағы әдебиеттермен,  оқулықтармен, әдістемелік құралдармен қамтамасыз етуді тапсырамын», деп те тапсырма берген. Тұрысбеков қап-қап кітап арқалап шекара асып жүр дегенді де естімедік. Қысқасы Тұрысбеков тым-тырыс басшы болды. Ол «Ұлы істер үндемей тындырылады» дейтін беташары бар кітап жазған дейді. Алайда, әлемге тарыдай шашыраған қазақтар мәселесі үн-түнсіз жатып алып айналысатын мәселе емес. Күттірмес, уақыт оздырмас өзекті дүние. Зауытбек Қауысбекұлы көшке серпін берер, қазақтың қазанын қосар жұмыс атқара алмайтын болса орнын босатқаны дұрыс шығар. Немерелерінің ортасында зейнетақысын алып жатса да әкесінің есімімен көше, ауыл, зауыттар аталатын Зауытбек Тұрысбековтің аты өшпес. Бірақ, шетелдегі қандастарымыз өздері тұрған елдердегі саяси жүйеге жұтылып бара жатыр... Әлем қазақтары жұмыс істемей жатып алатын Зауытбекке емес көшке қамшы басар, елге елді қосар іскер басшыға зәру.

 

Нұрғали Нұртай

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір