• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 01:36:54
+35°

02 Қазан, 2017 Алаш-Орда

Қараөткелге барғанда...

Қазақ жеріндегі бір уыс топырақтың өзі тұнып тұрған тарих емеспе?!

Бағзы заманнан бергі тарихтың куəгері кім немесе не болуы мүмкін? Уақытпа əлде ежелгі жазбаларма? Уақыт -  өлшем. Ал жазба дегеніміз - адамның еркімен жазылған тарихтың жұрнағы ғана. Нағыз куəгер ол - жер. Бұл менің ойым.

Дүние жаралғалы табиғаттың небір тосын сыйы орын алып келеді. Ал жер бұның барлығын қабылдап, өз міндетін атқарып жатыр.

Қабырғасы мың сөгіліп, тарихы талай тегеруінді жылдармен толыққан, ат үстінде ғұмыр кешіп, жауымен жағаласып өткен "қазақ" дейтін халықтың түбі алтын қазына екен.

Күні кеше ғана "Алаш" десе арқаланып, Əлихан атамнан бастап Алаштықтарды үлгі тұтатын Еуразия Ұлттық Университетінде білім алып жатқан мен жəне "Алаш жастар" бірлестігінің төрағасы, Астана қалалық Жастар мəслихатының депутаты Кенжебек Сержанұлы сонымен бірге Алаштың абыройын асырсам деген көкейінде арман отының ұшқыны бар Бекзат Болатпен Астана қаласының бір бұрышында орналасқан қазақ үшін қан төккен біраз азаматтардың жаны жай тапқан, "өлілер мекені" "Қараөткелге" барып зияраттап, құран оқыдық.

Ең алдымен, зиратқа кірмес бұрын қазақы дəстүрдің қалыбы бойынша "Қараөткелдің" қараушысы болып жұмыс істейтін Құрбан Смағұлұлы ақсақалмен жұбайына сəлем беріп, аман-саулығын сұрауды жөн көрдік. Кеудесі көп сырды ақтарғысы келіп, тарихтың бір парасысынан ой қозғады. Ақсақалдың айтқандары арқылы ұққанымыз: 4-5 ғасырлық тарихы бар зираттың "мəңгілік тұрғындары" ішінде мемлекет жəне қоғам қайраткері, Алаш арысы Смағұл Сəдуақасұлымен қазақтың соңғы ханы Кенесарының 250 шамасында сарбаздары жерленіпті. Сонымен қоса Тәуке ханның ұлы Сәмеке, Ақмоланың негізін қалаушы аға сұлтан Қоңырқұлжа Құдаймендин, Бөгенбай, Қабанбай, Кенесары, Амангелді батырлардың да сарбаздары, көпес Баймұхамед Қосшығұлов, діні мұсылман халыққа белгілі Самарқан, Бұхар, Қазан қалаларында туған қайраткерлер жерленген деген деректер бар екенін айтып өтті. Əрине, тарихта біршама аты қалған тұлғаларға тікелей қатысы бар бұл зираттың маңызын Құрбан ақсақалдың кішігірім əңгімесінен кейін одан əрі түсіне бастағандаймыз. Келген мақсатымызды жалғастырмақ ниетте қорымға кіріп, аралауға көштік.

Байқанымыз, көптеген молалардағы құлыптас жазулары көбінесе арабша жазылыпты. Арасында кирилл əліпбиімен жазылғандары да бар. Əртүрлі ұлттарға жататын мұсылмандар жерленген зираттың ішінен бірінші іздегеніміз мемлекет жəне қоғам қайраткері, Алаш арысы Смағұл Сəдуақасұлы болды. Біз оны қорымның шетінен, оқшауланған жерінен көрдік. Мəрмəр тасқа қашап салынған бейнесіне қарап тұрып отты көздерін, мысы басып тұратын бейнесін көріп еріксіз харизматикалық келбетіне таң қаласың. Небəрі 33 жыл ғұмыр кешсе де қазіргі енжарлық басып, сылтауды мақалдататын аға буынның арасынан Смағұл секілді азаматты аңсайтыным бар.

Смағұл Сəдуақасұлының басына құран оқып, қазіргі тəуелсіз елдің қазығын қаққаны үшін іштей алғыс айтып, одан əрі жүрдік.

Алдымыздан жазуы өшуге айналған, қаңқасы ғана қалған құлыптастарды да көзіміз шалды.

Кішкене жүрген соң, Кенесары ханның сарбаздарының жатқан жерлеріне келдік. Ойлап қарасаң, түкте құпиясы жоқ шөп басқан жер деп ойлауыңыз мүмкін. Бірақ олай емес. Басында айтып өткенімдей бағзы заманның куəгері ол - жер. Хан Кене тізгіндеген тұлпардың тұяғы тиіп, ұрандап атойлаған дауысын естіген қастерлі жер. Талайлардың тағдыры шешіліп, "орысқа", "жоңғарға" берілмейміз деп қол жинап, шыбын жанын, қасық қанын тауысып, маңдайымнан шыққан тер ұрпағымның көз жасы деп табанды түрде қарсыласқан батырларымның өзін көрген қасиетті жер.

Қазақ жеріндегі бір уыс топырақтың өзі тұнып тұрған тарих емеспе?! "Қараөткелдегі" зияратымыз аяқталып, "Алашты сүйетін үшеуіміз" ой қорытып, "рухани" азық алып, тəубе атты сезімге қайта оралдық.

Койчукулов Жанұзақ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің Журналистика және Саясаттану факультетінің 1 курс студенті

Assem Almuhanbet

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір