• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 18:40:40
Алматы
+35°

11 Сәуір, 2018 NEWS

Қарағандылық тұрғын: Биліктегілерге адамның қазасы керек пе?! (видео)

Қарағандыда осыдан бір ай бұрын пәтерлері өртеніп кеткен сегіз отбасы әлі күнге дейін далада жүр.

Қарағандыда осыдан бір ай бұрын пәтерлері өртеніп кеткен сегіз отбасы әлі күнге дейін далада жүр деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасының дерегіне сүйеніп. Отыздан аса адам әкімдіктің табылдырығын әбден тоздырғандарын айтады. Бүгін де шаһар басшысы отыратын ғимаратқа баса көктеп кіріп, қол ұшын беруін тағы бір мәрте сұрады. 

Бір айдан бері туған-туыстарын жағалап, үйсіз-күйсіз жүргендердің бүгінде барар жерлері таусылған. Шыдамдары да әбден шегіне жетіпті. Өйткені, 8 отбасыдан құралған бас-аяғы 32 адамның ішінде мүгедек те, тіпті небәрі тоғыз айлық нәресте де бар. Айтуларынша, көмек сұрап, талай табалдырықты тоздырса да, жауапты мекемелер қимылдайтын емес.

«Осы күнге дейін салықты да, коммуналды қызметтердің төлемін де еш кешіктірместен уақытылы төлеп келдік. Бірақ, біздің басымызға іс түскен кезде, құзырлы органдар бізден қашып отыр. Осы дұрыс па? Мұндайда мемлекет көмектеспесе, енді кімге жүгінеміз?» - дейді зардап шегуші Юлия Ваймн.

«Сенесіз бе? Бір айдан бері далада жүрміз. Арамызда жасына да толмаған сәбиіміз бар. Күлге айналған үйіміз 70 жыл бұрын салынған. Екі қабаттан ғана тұрады. Ал көрші көшелерде үш қабатты, әрі бертін салынған үйлер сүріліп жатыр. Алдымен, әкімдік үйсіздердің мәселесін шешіп бермей ме?» - дейді зардап шегуші Виктория Тен.

Төтенше жағдай жетінші наурызда түн ортасында тіркелген.

Өрт екі қабатты үйдің шатырынан шыққан болатын. Ағаштан салынған 8 пәтерлік ескі үй орталық қазандыққа қосылмағандықтан, әр пәтерге жеке пеш орнатылған. Ал сол түні қатты желден мұржадан шыққан шоқ шатырға түсіп, барлық үйдегі дүние-мүлік күлге айналған. Сондықтан,  «әкімдік тым болмаса, құжатымызды рәсімдеп берсе» дейді ашынған тұрғындар.

«Сәтбаев қаласында тура осындай жағдай тіркелген екен. Бір адам қаза тауыпты. Оларға жаңа үйлерден баспана беріп жатыр. Біздің сонда қай жеріміз кем? Әлде адамның қазасы керек пе еді... Бізге зәулім үй де, жаңа үй де, бірнеше бөлмелі пәтер де керек емес!!!! Тек құжатымызды ретке келтіріп берсе екен» - дейді зардап шегуші Светлана Васелкова.

Дегенмен, мәселе өз шешімін табатын түрі бар. «Әкімдіктен тиісті жауап алмайынша, бұл жерден кетпейміз» деген тұрғындарға шенеуніктер оң көзбен қарай бастағандай. Демеушілердің көмегімен, баспанасыз қалған жандарға жақын уақытта жаңадан үй тұрғызылмақ.

«Қала әкімшілігінің қабылдауында болдық. Әкімдікпен де, біздің қормен де бірігіп жұмыс жасайтын болдық. Ең алдымен документ жағын реттеп алғаннан кейін, осы үйлерді жаңадан тұрғызуға бел буып отырмыз. Қалай құжаттары түгел болады, солай біз құрылысты бастаймыз». – дейді демеуші Нұржан Зәкенов.

«Біз тұрғындардың жағдайын түсінеміз. Сондықтан әрине, құжаттарды рәсімдеу, тіркеу жағынан көмектесеміз. Себебі, кейбірінің құжаттары мүлдем жанып кеткен. Қазір мәселе аудандық және қала әкімдігінің бақылауында» - дейді Қазыбек би ауданының әкімі Татьяна Шатохина.

Жаңа баспананы салу үшін алдымен тұрғындардың жанып кеткен құжаттары рәсімделмек. Бұл іс оң шешімін тапқан соң, өртенген үйдің орнына жаңасы бой көтереді. Әкімдік тарапы да «құжат мәселесін шешуге мұрындық боламыз» деген уәдесін төгуде.  

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір