• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 00:44:19
Алматы
+35°

15 Маусым, 2018 NEWS

Қарағанды облысындағы мектеп директоры мұғалімдерге несие алдырған

Келіншек қол астындағы қызметкерлерінен қарызға ақша алып, оны қайтаруды сұрағандарға жұмыстан шығарамын деп сес көрсеткен

Мұғалімдерге несие алдырып, жалақыларын жеке пайдасына жаратқан мектеп директорының басы дауға қалды. Келіншек қол астындағы қызметкерлерінен қарызға ақша алып, оны қайтаруды сұрағандарға жұмыстан шығарамын деп сес көрсеткен, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі Еуразия арнасына сілтеме жасап.

Қарағанды облысындағы Аққой ауылындағы жиырма ұстаз осылай деп, біздің арнаға жанайқайларын жеткізді. Білім ордасына жиналған педагогтар бір пәтуаға келмей, директорлардың жақтастарымен жұдырықтасуға дейін барды. Оқиға орнында біздің тілшілеріміз де болып қайтқан еді! 

Оқушыларды жазғы демалысқа жібере сала, бір-бірімен жаға жыртысқан мектеп қызметкерлері бұл. Бір тарап - қарызға белшесінен батырып қана қоймай, өзіне доқ көрсеткен директорына қарсы дау шығарса, енді біреулері мектеп басшысына шаң жуытпай әлек. 
«Әй, бір-біріңе айтақтап не болды? Бір-біріңе айтақтап салып?!))
Шет ауданына қарасты Аққой ауылындағы ұстаздардан ұйқы кеткелі қашан?! Директор Жанар Жаманадинаның жамандығын көріп, жастыққа бастары тимеген жас мамандар басшысының бар былығын жайып салды. 

«Сені жұмысқа алу үшін вахтердың орнына, маған бес айлық жалақыңды беріп отырасың деді. Мен оны алмаймын. Сосын бес айлықты ол кісіге апарып жүрдім. Карточкама түседі ақша, 27 мыңды ол кісіге апарамын» - дейді Аққой ауылындағы жалпы білім беру мектебінің қызметкері Жанна Зұлпыхараева.

Мектеп ішінен ашылған шағын балабақша қызметкерлерінің өзі директордан әбден зәрезап болған. Балаларға арналған ас-суды жеткізуші мердігер компанияға ақша төлеуден бас тартқан басшы қаражатты төлеуге бөбекжай мамандарын міндеттеген. 

«Әрине бізге қысым көрсетеді! «Мен сендерге осы балабақшаны ашып бердім, мен қысқартам, мен жабам, мен шығарам» деп бізге қыспақ көрсетіп, айқайлайды» - дейді Аққой ауылындағы балабақша қызметкері Базархан Нұржан.

Шындық іздеп шырылдап жүргендердің бірі – Дәулеткерей Кәбей. Ол осы мектепте 15 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан әйелінің құқығын қорғап келген. 

«Бір жарым жыл болды, осы жаңа директор келгелі әйелім қысып көріп жүр. Басында білмедік ол кісінің алаяқ екенін. 60 мың теңге қарызға ақша алып, қайтармады. Әне берем, міне берем деп жүрді, қарызды сұраса «жұмыстан шығарамын, айлығыңды қысқартамын», деп қорқытқан» - дейді Аққой ауылының тұрғыны Дәулеткерей Кәбей.

Мектеп қызметкерлері директордың былығын айтып аудандық білім бөліміне талай барса да, арыздары аяқасты болады екен. Шет ауданындағы «шефтері» еш дәлелдеріңіз жоқ деп, шағымдарын кері қайтарудан щаршамайтын көрінеді. 

«Жиырма бес мұғалімнің жиырмасы әділеттілік таба алмай,  осындай қадамға баруға тура келіп тұр. Бұл қадамның артында үлкен салмақ барын біз де түсінеміз, біздің басымызға қандай нәрсе келетінін. Әділеттілік таба алмадық, біз жүгіріп біраз жерге арыздандық. Барлығы келіп аудан көлеміне келіп тіреледі, ал аудандағылар «дәлелдеріңіз жоқ», деп жабулы қазан күйінде қалады» - дейді Аққой ауылындағы жалпы білім беру мектебінің мұғалімі Зағираш Естайқызы.

Мектептегі мамандармен бірнеше минуттық сұхбаттар үзіле берді. Директор Жанар Жаманадинаның жамандалғанына жаны шыдас бермеген жақтастары көшеге шығып та жанжал шығарды. 

«Елге қысым көрсетіп жатыр!  Не қысым, ұрып жатыр ма, соғып жатыр ма? Ақша алып жатыр? Кімнен ақша алып жатыр?».

Директорға шын жаны ашыған жан ба, әлде басы бәлеге қалған басшының туысы ма кім білсін,  жанжалға ауылдағы кейуаналардың бірі де килікті. 

«Мен шындықты айтамын, мұғалімдер өздері келіп бөлініп алды бұлар».

Ал жанжалға себепкер болған Жанар Жаманадинаның ауруханада жатқанын білдік. Дереу телефон нөмірін тауып, директорды сөзге тарттық. Білім ордасына басшылық еткеніне көп бола қоймаған келіншек, қол астындағы қызметкерлерінің кесірінен денсаулығы күрт нашарлап, аурухана төсегіне таңылғанын жайып салды.

«Менің тарапыма келіп түскен арыз-шағымдар бойынша, бұл барлығы жалған мәліметтер. Бұл мәліметтер заң аясында шешілуі керек. Бұл ауыл тұрғындарына мектеп мұғалімдері тарапынан түсіп жатқан арыздарды тоқтату керек деп есептеймін. 1,5 жылдың ішінде бұл денсаулығыма әсер етіп, қазіргі таңда ауруханада жатырмын. Денсаулығыма қатты әсер етті осы жағдайлардың барлығы. Өзімнің мектебімнің мұғалімдері ғой деп бәріне көз жұма қараған едім. Енді ауруханадан шыққан бойда, заң орындарына жүгінемін деп шешім қабылдап отырмын» - дейді Аққой ауылындағы жалпы білім беру мектебінің директоры Жанар Жаманадина.

Ал Шет ауданының білім бөлімінің басшысының сөзінше, істің ақ-қарасы анықталу үстінде. Мұғалімдердің шағымы толық тексеріліп, бірер күнде шешім шығарылады. 

«Әуелгі түскен өтініштер бойынша бірнеше рет барып кездесу өткізіліп, бірнеше рет барып тексеріс жұмыстары жүргізілді. Заң орындарына бұл қағаздар жіберілген. Нақты заң органдары бір-екі күнде жауаптарын беруі керек» - дейді Шет ауданы білім бөлімінің басшысы Елдос Смағұлов.

Қос тараптың қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін енді заң органдары анықтайтын болады. Әзірге, мектеп мұғалімдері мен директор арасындағы дауға қатысты ауыл тұрғындарының дүдәмал болжамдары мен қаңқу сөздері елдімекенде желдей есіп жүр.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір