• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 01:53:17
Алматы
+35°

02 Шілде, 2018

Ресейлік примадонна Алла Пугачева Путиннің саяси бағытын мүлде қолдамайды, Ресейге басқа президент керек деп дөп басып айтты осыдан бірнеше ай бұрын. Ресей халық артисі, тіпті, «үнемі ұйықтап жүретін» шенеуніктерді де сынға алды. Оның ойынша, Ресейдің бүгінгі билігі халықты тас дәуірінің деңгейіне жеткізді. Бұған АҚШ пен Еуропа тарапынан Ресейге салынып жатқан түрлі санкциялардың әсері болса керек. Өнер иелері шет елге шығып, еркін түрде кештерін өткізуден қалған. Сонымен қатар зейнетке шығатын жасты ұлғайтқан заңнаманың да парша-паршасын шығарып сынады ресейлік әнші.

Алла Пугачева кім?

Ол – СССР-дің халық артисі. Ол – композитор, режиссер, продюсер. Ол – актриса, тележүргізуші.

Ол – Ресей Федерациясының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. «Отан алдындағы еңбек» орденінің иегері. Түрлі тілде 500-ге тарта әні мен 100-ге жуық авторлық күйтабағы бар.

Жә, айтпағым Алла Пугачеваның өмірі емес еді. Ресей үшін мол еңбек сіңірген шоу бизнес патшайымы өзі нан тауып отырған елдің билігін ашық сынады, президентіне қарсы сөйледі. Бірақ ол әлі халықтың сүйікті әншісі. Оған кезінде биліктің өзі табыстаған ордендерін ешкім қайтарып алған жоқ. Қаншама жылдар бойы қасықтап жинаған абыройы қаз қалпында. Оны Ресей әлі де ерекше құрметтейді.

Ал бізде қандай?

Бұл сұрақтың жауабын сіз де біліп тұрсыз ғой, солай ма? «Билікті сынаған адамның шығармашылығына тұсау байланады». Бұған мысал ретінде бірнеше жыл бұрын сахнадан аластатылған, осы күнге дейін шенеуніктер тарапынан қысым көріп келген Мақпал Жүнісованы келтірсе болады. Бәрімізге аян, әнші – саясаткер Заманбек Нұрқаділовтің зайыбы. 2005 жылдары болса керек, көгілдір экран мен радио Мақпал Жүнісованың шығармашылығын көрсетуді доғарады. Себебі күйеуі одан бұрын билікке қарсы саяси мәлімдеме жасайды. Осылайша елдің сүйікті әншісі гастрольдік сапарларға шыға алмай қалады. Тіпті 1937 жылдардағыдай «халық жауы» кейпін кешеді. Ал мәдениет министрлігі жұмған аузын ашпады. Бұл – бір. Жарынан айырылған соң да шындықтың ізіне түскен Мақпал Жүнісова биліктің нысанына айналды. Ойын ашық айтып, пікірін білдіруге жан-жақтан кедергілер келтірілді. «Жарының өлімі жайлы шындыққа» әнші он жылдан аса уақыт қол жеткізе алмай келеді. Билік Мақпал қара тізімге енгізіп, сахнадан аластатты. Қалың көрерменмен қайта қауышқан Мақпал бұл тақырыпты қайта қозғаса, басына қандай күн туары белгісіз.

Ал Мақпал Жүнісова кім?

Ол да ССРО заманынан бері сахнаның төрінде шоу-бизнестің ыстық-суығына шыдап келе жатқан, халықты талантымен тәнті еткен Қазақстанның халық артисі. Сахнада жүргеніне 30 жылдан асты. Ол – Қазақстанның еңбек сіңірген әншісі. Кез келген туындыны жүрекпен айтатын, әндерін сезіне білетін, сахнада үлкен кісілерге иіліп сәлем беріп өзінің текті әйел, текті ана екенін көрсете білген қазақтың ерке қызы ол.   

Қазақстанның примадоннасына Семейге кіруге неліктен тыйым салынды?

Мақпал Жүнісовадан бөлек қазақ сахнасының сәнін келтірген Роза Рымбаева да шенеуніктер тарапынан қысым көрген еді. Оның бірнеше жыл бұрын Семейдегі кеші барысында «рояль жоқ екен» деген бірауыз сөзі үшін Семейден қуылды. Ескертпе айтқаны үшін Роза Қуанышқызы қала әкіміне ұнамай қалыпты-мыс. Сын көтере алмайтын (сын деп айтуға да келмес – авт.) қала басшылығы Роза Рымбаеваға Семей қаласында концерт қоюға бес жылға дейін тыйым салды. Алайда «жаза» мерзімі бітпей жатып, әкім ауысып, Розаның айы оңынан туды.

Халықтың сүйікті әншісі Роза Рымбаеваның сахнада жүргеніне 40 жылдан асты. Атақты «Әлиясымен» халықтың жүрегіне рух берген, «Атамекенімен» Отанға деген сүйіспеншілікті дәріптеген, «Наурызымен» мерекенің ажарын кіргізген әншінің орны халық үшін қашан да биік.

Міне,  билік тарапынан біздегі нағыз өнер адамдарына деген құрметтің сиқы осындай.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір