• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 17:28:18
Алматы
+35°

09 Қаңтар, 2018 Денсаулық

Психикалық аурулар тұқым қуаламайды

Адамның психикалық денсаулық орталығында есепте тұруы оның туыстарына ешқандай да әсер етпейді

Психикалық денсаулық мәселелерінің өзектілігі жыл сайын артып келеді. Әлемдегі мүгедектіктің негізгі факторы да психикалық денсаулық пен мінез-құлық мәселелері болып отыр.  Бүгінгі таңда ауыр психикалық аурумен ауыратын жандар әлем халқының бір пайызын құрайды. Еліміз бұл көрсеткіш бойынша басқа елдер мен аймақтардан еш ерекшеленбейді, бізде де есепте тұрған науқастар саны дәл осындай мөлшерде. Осы орайда, білікті психиатр-психотерапевт, медицина ғылымдарының кандидаты Жібек Жолдасовамен сұқбаттасқан едік.

—Психикалық бұзылысы бар науқастар қауіпті ме?

Олардың ішінде әлеуметтік қауіпті болып саналатындарының кім болуы мүмкін екенін нақты айта алмаймыз, себебі «әлеуметтік қауіпті» деген ұғымға өзіне және айналасындағыларға қауіп тудыратын науқастар жатады.  Яғни, суицидтік ойдың өзі әлеуметтік қауіп болып саналады. Дегенмен, қауіптілік тек елес пен сандырақ ойлар немесе суицидтік ойлау сияқты ауыр психикалық бұзылыстары бар науқастарға ғана тән. Ал невротикалық бұзылыстары бар науқастар диспансерлік есепке алынбайды, олар консультативті есепте тұрады. Консультативті есеп дегеніміз – жазылғаннан кейін автоматты түрде есептен шығарылатын жандарға арналған уақытша есеп. Невротикалық бұзылысы бар адамдардың нақты саны белгісіз, алайда Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемдегі әрбір екінші адам өмірінде бір рет болса да депрессивтік шақтан өтеді. Келешекте де халық санының өсуі, адамдардың түрлі жағдайды, ақпараттық жүктемені жүрегіне жақын қабылдауы, әлеуметтік-экономикалық қысымның ұлғаюы және басқа да факторлар себебінен невроздар саны арта түсетін болады.

—Психиатрдың көмегіне жүгінетіндер кімдер? Өз еркімен қаралатындар бар ма?

Психиатр маманның кеңесіне жүгінетін жандар ерікті түрде келе ме және жүйкесінің сыр беріп жүргенін сезген адам өз аяғымен дәрігерге қаралатын жағдай жиі кездесе ме деген сұрақтар көпшілікті толғандыратыны рас. Кейбіреулер елімізде психолог маманға көрінудің өзін ұят санайтын тұрғындардың көптігінен психиатрдың табалдырығын аттайтындар аз шығар деп ойлайды.

Негізінен, психиатр маманға көптеген адам өз еркімен қаралады, себебі олар өзінде қандай да бір ауытқушылықтың бар екенін сезеді. Өздігінен дәрігерге көрінетіндердің негізгі бөлігі – невротикалық бұзылыстары бар жандар. Ал мәжбүрлі түрде ем алушылар қауіпті болып саналады, себебі олар айналаға және өзіне қауіп тудырады. Адамның мәжбүрлі түрде ауруханаға әкелінгені прокуратураға хабарланып, тиісті құжаттар рәсімделеді.  

—Көбінесе, психикалық науқастарды қоғамнан алыстатып, олардың қайсысының құқық бұзушылыққа бара алатынын білмей жатамыз. Оларды ауруханаға таңылған бұлыңғыр әлем санап, бәріне бірдей қылмысқа баратындай қарайтындар да бар. Психикалық бұзылыстардың қай түрі құқық бұзуға итермелей алады?

Мұндай науқастар  қандай психикалық ауруға шалдыққанына қарамастан құқық бұзушылыққа баруы мүмкін. Мысалы,  шизофрениялық шеңбердің бұзылыстары бар адам елес пен сандырақ ойлар әсерінен құқық бұзады. Бас миының ауруы кезінде науқас тұлғаның және мінез-құлықтың бұзылуы, елес пен сандырақ ойлар әсерінен құқық бұзуы мүмкін. Құқық бұзушылыққа аз баратындар – невротикалық бұзылысы бар пациенттер. Ал есірткі және басқа психоактивтік заттарды қолданғанда психикалық мінез-құлық бұзылуы туындайтын тұлға мен мінез-құлықтың бұзылуынан зардап шегетін науқастар және басқа да түрлі психикалық бұзылыстардың аясындағы антиәлеуметтік, асоциалдық мінез-құлқы бар адамдар құқық бұзуға бейім келеді. 

—Аурулардың ішінде атадан балаға берілетіні де, жүре пайда болатыны да кездеседі. Психикалық ауру тұқым қуалай ма?

Жалпы алғанда, психикалық аурулар тұқым қуаламайды. Психикалық ауруға ұшыраған жандардың балаларына үрке қарау дұрыс емес. Мысалы, Альцгеймер ауруы бойынша тұқым қуалау ықтималдығы 1 пайыздан төмен болса, шизофрения бойынша 15-20 пайызды құрайды. Көбінесе, мұндай аурулар тұқым қуалау арқылы берілмейді, керісінше жүре пайда болады.  

—Альцгеймер ауруын зерттеп жүргеніңізді білеміз, бұл ауру Қазақстанда қандай диагнозбен аталып жүр?

Елімізде Альцгеймер диагнозы қойылмайды, бұл ауру түрі басқа диагноздармен аталатынын да айтып өткен жөн. Мысалы, невропатологтар прогрессивті энцефалопатия десе, психиатрлар тұлғаның органикалық бұзылыстары немесе тұлғаның және мінез-құлықтың басқа да органикалық бұзылысы, органикалық сандырақ ауруы, депрессивтік синдром диагнозын жиі қояды. Себебі, Альцгеймер ауруының кейбір формалары депрессия сияқты басталады.

—Ауруханаларда психиатрия мен наркология бір бөлімге біріктірілген, психикалық денсаулық орталығында да наркология бөлімшесі жұмыс істейді. Психиатрия мен наркологияны біріктірудің себебі неде?

Психиатрия мен наркологияны біріктіру – саналы шешім. Себебі, жетпісінші жылдарға дейін бұл бір ғылым саласы саналып келген. Наркология психиатрияның кішкентай бөлігі болып табылады. Яғни, барлық наркологиялық диагноздар психиатриялық диагноздардың бөлігі болғандықтан, латынның F әрпімен, бір айдармен белгіленеді. Екеуін неге біріктіргеніне тоқталсақ, психиатрия мен наркология диагноздары бірдей дамиды, психикалық бұзылыстары бар адамдар психотроптық немесе наркотиктік заттарды қолдана бастайды, ал керісінше психоактивтік заттарды пайдаланудың нәтижесінде адамдар мінез-құлқына әсер ететін бас миының зақымдануына ұшырайды. Әлбетте, наркологиялық және психологиялық бұзылыстарды емдеу тәсілі өте ұқсас болып келеді, екеуінде де бірдей дерлік дәрі-дәрмек қолданылады.

—Психикалық бұзылыстары бар адамның бәрі еңбекке жарамсыз болып таныла ма?

Психикалық бұзылыстары бар адамдар көп жағдайда еңбекке жарамды. Ал еңбекке жарамсыздық кезеңі аурудың асқынуы жағдайында рәсімделеді. Кейбір науқастар жеңіл невротикалық және органикалық психикалық бұзылыстар кезінде де, ауыр психикалық бұзылыстар кезінде де еңбекке жарамсыз деп танылып жатады. Одан бөлек, ауыр психикалық бұзылыстар кезінде кейбір мамандықтарда шектеулер бар және қандай да бір қызмет түріне жіберілуі бойынша тізімдер құрылған.

Мұндай науқастардың көбі еңбекке жарамды болып саналғанымен, емдік әсерді ұстап тұрушы дәрілер мен психотерапевтік көмекті уақытылы алып отыруы қажет. Егер дәрігерді тыңдап, дұрыс емделсе, невротикалық аурулардан айығып, қайтадан ауырмауға әбден болады. Мұндай невротикалық аурулар науқастарына мемлекеттік қызметте де ерекше шектеулер жоқ. Иә, әскери қызметке қатысты шектеулердің бар екені рас. Бұл, әсіресе, ауыр психикалық аурумен ауыратын науқастарға қатысты болып табылады. Әскери медициналық комиссияда әскерге шақырылғандар мен қызметке алынатындардың психикалық бұзылыстарын анықтайтын психиатр жұмыс істейді.

—Бұл науқастардың құқығын қорғайтын заң бар ма?

Негізінен, бұл науқастарға қатысты мәселелерді шешуде «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі № 193-IV Кодексі қолданылады. Сонымен қатар барлық психикалық ауруларға қатысты заңдық мәселелер «Қазақстан Республикасында психиатриялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2016 жылғы 8 ақпандағы № 95 бұйрығына сәйкес қарастырылады. 

—Психикалық науқастар толық жазылып кете ала ма?

Невротикалық ауруларды айықпас дертке теңеп, мұндай науқастарды оңалмайды деп есептеу – жаңсақ пікір. Психикалық аурулардың көпшілігі айығып кетумен аяқталады. Тіпті шизофренияның өзі жазылатын ауруға жатады. Бұл диагноз қойылған әрбір үшінші науқас толық айыға алады. Алайда, бұл үшін сүйемелдеуші ем қабылдап, психотерапиядан өтіп тұру қажет. Науқастың жағдайы жақсара бастағанда оған тағайындалған дәрілер де ақырындап алынып отырады және бұл адамның келешекте ауырмайтынына мүмкіндігі зор. Невротикалық аурулар толық жазылып шығуға болатын жағдай болып есептеледі, бірақ белгілі бір уақыт бойы емдік әсерді ұстап тұратын терапия керек. Сонымен қоса бұл аурулардан өздігінен айығып шығатын науқастар да кездеседі. Ондайлар өте аз, бірақ науқастардың басым бөлігі өзінің мінез-құлқын, тұлғасын, айналаға деген көзқарасын, құндылықтары мен принциптерін өзгерту үшін кәсіби психотерапевтік көмекке мұқтаж. Дұрыс әрі дер кезінде ем қабылдаған жағдайда бұл науқастар толық жазылып кете алады.

Психиатриялық диспансерлер мен психикалық денсаулық орталықтарында науқастардың ешқайсысы өмір бойы стационарлық ем алмайды. Ұзақ уақыт және өмір бойы есепте тұратын науқастар болады. Оларға ауыр психиатриялық аурулар жатады және мұндай науқастар амбулаторлық емханадағы дәрігерге қаралып тұрады.

—Туысы психикалық диспансердің есебінде тұрған адамдарды мемлекеттік немесе әскери қызметке алмайды деген рас па?

Адамның психикалық денсаулық орталығында есепте тұруы оның туыстарына ешқандай да әсер етпейді. Себебі, осы уақытқа дейін ешқандай ұйым өз қызметкерінің туыстырының мұндай есепте бар-жоғы жөнінде ақпарат сұратқан емес. Бұл – халық арасында айтылып жүрген аңыздардың бірі, жалған нәрсе. Есепте тек науқас адам ғана тұрады, ал оның ауруы өз туыстарының тағдырына әсер ете алмайды. Емделушілер туралы барлық үзінді көшірмелер, мәліметтер сот-сараптамалық органдарының ресми сұранымы бойынша ғана беріледі және бұл мәліметтерді ешкім ешқайда жарияламайды. Дәрігерлік құпияға жататындықтан, мұндай науқастардың аты-жөні тек өзінің және қамқоршысының рұқсатымен ғана жария етіледі.

—Психикалық науқастың аты-жөні қандай жағдайда жария етіледі?

Дәрігерлік құпияны құрайтын мәліметтерді азаматтың немесе оның заңды өкілінің келісімінсіз беруге тек мынадай жағдайларда («Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі N 193-IV Кодексінің 95-бабы, 4-тармағы):

      1) өзінің жай-күйіне байланысты өз еркін білдіруге қабілетсіз азаматты зерттеп-қарау және емдеу мақсатында;

      2) айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулардың таралу қатері болған кезде, оның ішінде қан мен оның компоненттерінің донорлығы кезінде;

      3) тергеу немесе сот талқылауын жүргізуге байланысты анықтау және алдын ала тергеу органдарының, прокурордың, адвокаттың және (немесе) соттың сұратуы бойынша;

      4) кәмелетке толмаған адамға немесе әрекетке қабілетсіз адамға медициналық көмек көрсету кезінде оның заңды өкілдерін хабардар ету үшін;

      5) азаматтың денсаулығына зақым құқыққа қарсы әрекеттер салдарынан келтірілді деп есептеуге негіздер болған кезде жол беріледі.

—Психолог пен психиатрды ажырата алмай, екеуінен де ат-тонын ала қашатындар баршылық. Қайсысына қай кезде көрінген жөн?

Психолог – дәрігер емес, педагогика саласының маманы. Психиатр мен психотерапевт – дәрігерлер, яғни медициалық білімі бар мамандар болып табылады.

Психологтарға эмоциялық мәселелер немесе өмірдің қиын тұстарында күйзелген кезде барады. Яғни, бұл – клиникаға дейінгі психопатологиялық өзгерістер пайда болмаған кезең. Ал психиатр, психотерапевт-дәрігердің көмегіне клиникалық жағдайда, яғни психикалық аурулардың симптомдары болған кезде жүгінеді.

Психолог мамандар мен психиотерапевт-дәрігерлер өзінің пациенттері мен жұмысының айырмашылығын білгені жөн. Себебі, психолог көмек көрсететін адамның жағдайы оның мүмкіндігіне сай келмеген жағдайда психиатр немесе психотерапевтке бағыттап жіберуге міндетті. Егер психопатологиялық аурудың белгілері неғұрлым ерте анықталса, жазылып кету мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.

Ақтоты БОРИСҚЫЗЫ

Assem Almuhanbet

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір