• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

04 Мамыр, 23:28:00
Алматы
+35°

28 Наурыз, 2018 Әлеумет

Педофилдер туралы 10 сұмдық дерек

Балаларды зорлағандардың 30 пайызы – отбасының бір мүшесі, яғни өгей әкесі, атасы, ағасы және т.б. Ал 16 пайызы – бөтен адамдар.

«Ересектерше ойнау»

«Үлкен, екі қабатты үйдің бір бөлмесінде 10 жастағы қыз кітап оқып отыр. Оның 15 жастағы жиені «ересектерше ойнауды» ұсынады. Барлығы ерінмен сүюден басталып, физикалық жақындасумен аяқталды. Әлі күнге дейін еске түсіргім келмейді. Тазаруды қалаймын».

Бұл – қазақстандық Динара Қасымбекованың #Мен айтуға қорықпаймын хэштегімен бала кезінде бастан өткерген оқиғасын жазған естелігі.

Педофилдің құрбаны болған балалардың нақты статистикасын келтіру мүмкін емес. Себебі жылдар бойы басынан өткерген сұмдық оқиғаны жасырып жүргендер өте көп. Оның бір дәлелі – бүкіл әлемде педофилдің құрбаны болғанын түрлі хэштегпен жазғандар жетіп артылады. Бәрі дерлік кезінде жақындарына айтуға қорқып, ойында мәңгіге қалған қорқынышты естелікпен өмір сүріп келеді. Ал адамның тағдырын тас-талқан еткендер заң алдында жазаланбай кетті.

Педофил деген кім?

Психотерапевт Йорге Понсетидің айтуынша, педофилия деген – психологиялық ауытқу.

Скандинавия елдері, Германия, Франция және Канада секілді мемлекеттер педофилдерді танып білуге көп қаржы жұмсап жатыр. Десе де әзірше педофилдердің ми функциясы терең зерттелмеген.

Ресейлік дәрігерлер «педофил» деген диагнозды қою үшін адам бірнеше критерийге жауап беруі керек дейді.

Ең алдымен педофилдің жасы 16-дан төмен болмауы керек, ал оның құрбаны одан 5 жас кішкентай болуы керек.

Зорлық құрбаны болған адамның жасы 13-тен жоғары болмайды.

Педофил өз құрбанына ең кемі жарты жыл уақыт қызығушылық танытып, онымен жақындасуға тырысады. Олар таңдаған құрбанын басында тек сылап-сипап, одан кейін сыйлықтар беріп, балалармен эмоционалды түрде байланыс орнатады.

Содан кейін ғана арам ойын іске асырады. Статистикалық мәліметке сүйенсек, балаларды зорлағандардың 30 пайызы – отбасының бір мүшесі, яғни өгей әкесі, атасы, ағасы және т.б. Ал 16 пайызы – бөтен адамдар. Бірақ олар өз құрбанын жақсы таниды. Отбасымен тығыз араласып, жылдар бойы балаға қамқорлық танытқансып, сенімге кіргендер.

Мамандардың айтуынша, педофилдер әдетте үйінде ата-ана жылуын сезінбейтін, эмоционалды қолдауға зәру балаларды таңдайды.

Ал кейбірі толық емес отбасыларды нысанаға алады. Себебі ондай үйлерде балаға толық бақылау болмайды. Педофилдер анасы немесе әкесі жұмыста болған уақытта баласына қарайтынын айтып, қамқор адам секілді көрінгісі келеді.

Сондай жақын таныстардың немесе отбасы мүшесінің баланы қорқытып-үркітіп, біраз уақыт бойы зорлап келген мысалдар да кездеседі.

Мамандардың айтуынша, бейкүнә балаларға жыныстық қорлық көрсететін адамдардың көбі – өздері де кішкентай кезінде зорлыққа ұшырағандар.

Кейбірінде психикалық ауытқу болады. Күйзеліске түсіп, рухани дертінен арыла алмай жүргендер де осындай пасық қадамға барады. Педофилдердің арасында гомосексуалистердің де үлесі көп екен. Ал педофил әйелдер өз құрбандығына ұлдарды жиі таңдайды.

Педофилді қалай анықтауға болады?

Германияның бес ғылыми-зерттеу институты педофилия феноменін зерттеп көрді.

Мамандар қоғамға белгілі мыңдаған педофилді зерттей келе, олардың көбіне ортақ белгілер барын айтады. Әйткенмен ол белгілер қалыпты адамда да кездесуі мүмкін екенін ескертеді.

Зерттеу барысында балаларды зорлағандардың көбі аласа бойлы екені анықталған. 

Бойдың аласылығы ана жатырында мидың дұрыс жетілмеуінен болуы ықтимал. Сондықтан ақыл-есі кем адамдардың көбінің бойы аласа болып келеді.

Көптеген педофилге тән екінші белгі – солақайлық. Оңқайларға қарағанда солақайлардың арасында педофилдер үш есе көп кездеседі.

Педофил неше жаста болса да, өзін жас сезінеді. Ал балаларға, керісінше, ересек адам сияқты қарайды.

Сарапшылардың сөзінше, педофилдер әйелдермен дұрыс қарым-қатынас орната алмағандықтан, әуестігі балаға қарай ойысады екен. Зерттеу барысында педофилдердің көбінің әйелдермен тұрақты қарым-қатынасы жоқ екені анықталған.

Мамандар МРТ арқылы педофилдерден сексуалды патологияны анықтады. Педофилдердің кейбірінде психосоматикалық ерекшелік кездесетінін айтады. Олардың ақыл-ой даму коэффициенті орташа көрсеткіштен сегіз сатыға төмен болады. Зерттеушілердің мәліметінше, педофилдің интеллектуалдық деңгейі оның құрбанының жасымен байланысты болады. Педофилдің интелектуалдық деңгейі төмен болған сайын оның құрбандары да жасара береді.

Балаларға деген әуестік неден пайда болады?

Асфендияров атындағы ҚазҰМУ оқытушысы, профессор Құдиярова Ғалия Махметқызы баланы зорлайтындардың көбінің бала кезінде ақыл-ой дамуында ақау болатынын айтады.

- Педофилдердің көбінің миы органикалық зақымданған. Қазір көп әйелдер айына толмай ерте босанып қалып жатады. Ондай жағдайда баланың орталық жүйке жүйесі бұзылып туады. Мұның барлығы баланың ойлау қабілетіне, ақылына нұқсан келтірмей қоймайды. Осылайша адамда балаға деген әуестік пайда болады.

Психиатрияда «инфантилизм» деген термин бар. Инфантильді адамның ойлау қабілеті өз жасынан төмен болады. Мәселен 15, 17 жастағы баланың ойлау қабілеті 12, 13 жастағы баланікіндей болуы мүмкін, дейді Ғалия Махметқызы.

Зерттеуші ғалымдардың көбі педофилдердің бала кезінде немесе шарана кезінде миына зақым келгенін айтады. Оған әйелдің жүкті кезінде ауруы, ыспен улануы немесе екі қабат кезде ішуге тыйым салынған дәрілерді ішіп қоюы әсер етеді. Профессор Ғалия Махметқызының айтуынша, адамның педофил болуы сыртқы факторларға да байланысты.

- Пубертаттық кезеңде жасөспірім бала мен қыздың арасында ұнату сезімі болса, ол – қалыпты жағдай. Ал балада кішкентай балаларға әуестігі оянса ол – патология.

Баяғыда педофилдер туралы көп естімейтінбіз. Себебі бұрын қазіргідей ажырасу, ерте жастан жүкті болу секілді жағдай көп болмайтын. Әлеуметтік жағдайдың нашарлығы, ашық-шашық жүретіндердің көбейгені адам психикасына әсер етпей қоймайды. Сонымен қатар қазір ұялы телефоны жоқ адам кемде-кем. Қалаған уақытта ұятсыз сайттарға кіруге болады. Мұның барлығы адамның азғындауына алып келеді.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір