• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 22:59:36
Алматы
+35°

19 Қаңтар, 2018 Әлеумет

Өзге ұлттан шыққан өз журналистеріміз

Qamshy.kz ақпарат агенттігі өзге ұлттардан шыққан белгілі журналистердің тізімін ұсынады.

Мемлекеттік тіл мәртебесі әлі күнге дейін өз деңгейіне жете алмай жатқан алмағайып кезеңде төмендегі мақала көңіліңізге демеу болады деген сенімдеміз.

Қазақ тілінің жілігін шағып, майын ішкен өзге ұлт өкілін көргенде ішіміз жылып, сол адамға құрметіміз артатыны рас.

Qamshy.kz ақпарат агенттігі өзге ұлттардан шыққан белгілі журналистердің тізімін ұсынады. Журналист көпшіліктің көз алдында жүрген соң халыққа үлгі көрсетіп, дұрыс бағдар сілтей алады. Біздің әңгімемізге арқау болатын қазақтілді өзге ұлт журналистері – сондай адамдар. Олардың қаны басқа болса да, жаны қазақ. Түрі басқа болса да, тілі қазақ. Діні басқа болса да, ділі қазақ.

Қазақ балаларының ортасында өскен Анна Данченко

Анна Данченко

Анна Данченко түріктің белгілі актері Бурак Озживитпен

Қызылорда облысы Арал ауданында қазақы ортада өсіп, балалық шағын қарадомалақтардың жанында өткізген орыс қызы Анна Данченко – қазір бүкіл Қазақстанға танымал журналист, продюсер.

31 арнаның белді журналисі «Жұлдызды шаңырақ», «Айта берсін» деген бағдарламаларды жүргізеді.

Қазақ тілін жақсы меңгеруіне Аннаның қазақы ортада өсуі себеп болған. Мектепте орысша оқығанымен университетті қазақ тілінде бітірді. Қазақ бөлімінде оқу Аннаға қиын соқпады. Ол ағылшын, неміс тілдерін де еркін игерген. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген тәлімді тәмсілді мықтап ұстанатын Анна ұлттық аспаптың құлағында ойнайды. 

Қазақы қонақжайлық, мейманға есігін ашып қоятын мейірбандық Аннаның бойына сонау бала күнінде дарыған. Ашық киіну, үлкендерге қарсы сөйлеу секілді жаман әдеттер оған мүлде жат.

Майя Веронская. «Қай жерде кіндік қаның тамса, сол елге қызмет етуің керек»

Майя Веронская

Майя Веронская әкесімен

Қазақ тілінде бұлбұлша сайрайтын тележүргізуші Майя Веронская – осы қабілетімен халықтың ыстық ықыласына бөленген ару. Аннадан ерекшелігі – Майя Алматы қаласында, тіпті орыс тілді ауданда өскен. Қазақ тілін мүлде білмейтін қызды қазақ мектебіне беру әкесінің шешімі болды.

«Қай жерде кіндік қаның тамса, сол елге қызмет етуің керек. Сол үшін Майяны қазақ мектебіне бердім. 40 жылдың ішінде сол мектепте екі орыс қызы ғана оқыған. Соның бірі – Майя», - деген еді әкесі Владимир Останин сұхбаттарының бірінде.

Бүгінде Майя Веронская қазақстандық бағдарламаларды қазақ тілінде жүргізіп жүрген танымал журналист.

«Қазақстанда тұрады екенсің, қазақша білуің керек», – дегенді жадында ұстаған орыс әйелі бүгінде қазақтармен біте қайнасымен кеткен.

«Кәріске ұқсайтын қазақ қызы» – Ирина Тен

Ирина Тен

Қазақтарды таңмен таласып оятатын «Qazaqstan» ұлттық арнасындағы «Таңшолпан» бағдарламасының жүргізушісі Ирина Тен де көрермен көзайымына айналып үлгерген.

Қызылорда облысы Арал ауданында дүниеге келген Ирина қазақы салт-дәстүрдің қаймағы бұзылмаған құтты мекенде өскенін мақтан тұтады. Балалық шағын Арал топырағында қазақ балаларымен бірге өткізген. Отбасында орысша сөйлегенімен достарымен қазақша араласты. Тіпті мектепте де орысша оқыған. Соған қарамастан, қазақ тілі мен әдебиетінен облыстық, республикалық пән олимпиадаларына қатысып, жүлделі орындарға ие болды.

Бала күнінен журналист болуды армандаған Ирина Тен – бүгінде Қазақстанға танымал журналист. Оны тіпті «кәріске ұқсайтын қазақ қызы» деп ойлап қалатындар да көп болған.

«Мен үшін қазақ тілі тек жұмыс құралы ғана емес. Қазақ тілін білгенімнің арқасында алаштың ақын-жазушыларының шығармаларымен ешқандай аудармасыз таныстым. Кейде қазақша сөйлеуге ұялатын, қазақ тілін менсінбейтін бауырларымызды көріп жаным ашиды», - деді бір сұхбатында журналист ару.

Наурыз мерекесін асыға күтетін Ольга Спирина

Ольга Спирина

Көгілдір экран арқылы қазақ тілді көрермендердің көңілінен шығып жүрген, ұлты орыс болғанымен тілі қазақ тележүргізушінің бірі – Ольга Спирина.

«Мемлекеттік тілді өте жоғары деңгейде меңгергім келеді. Қазақ тіліндегі кітаптарды көп оқып, тілдің қыр-сырын үйренуге деген құлшынысымды арттырсам деймін», - деген журналисті бүгінде отандық телеарналардың экранынан жиі көруге болады.

Ол қазақ тілін ғана емес, қазақтың салт-дәстүрін де жақсы біледі. Қазақстанда тұрып, елдің салт-дәстүрін білмеу ұят деп санайды. Қазақтың ұлттық тағамдарын дәмді әзірлеп, сүйсініп жейді. Әсіресе, Наурыз көжені жақсы көреді, сол себепті Наурыз мерекесін асыға күтеді.

Оксана Лоскутова. «Кез-келген қазақстандық шын ниетпен қалайтын болса, қазақ тілін үйрене алады»

Оксана Лоскутова

«Астана» арнасының жүргізушісі Оксана Лоскутованың қазақ тіліне деген махаббаты шексіз. Мектеп пен жоғарғы оқу орнын орысша тәмамдағанымен бүгінгі қызметінде достарымен тек қазақ тілінде сөйлеседі. Тіпті орысшаға шорқақ болып бара жатқанын мойындайды.

Оның әкесі – орыс, анасы – қазақ. Оксана орта мектепте оқи бастағанда-ақ ана сүтімен сіңген қазақ тілін үйренуге үлкен құлшыныс танытқан. Танымал журналист «кез-келген қазақстандық шын ниетпен қалайтын болса, қазақ тілін үйрене алады», - дейді.

Рамазан айында ораза ұстайтын Игорь Сахар

Игорь Сахар

Тележүргізуші Игорь Сахар Маңғыстау облысына қарасты Шетпе бекетінде дүниеге келген. Қиян түбектегі қазақы ортада бала кезінен қазақ тіліне жетік болып өсті. Батыстың тумасы болғандықтан «құрсын», «қасқа» сөздерін жиі қолданады. Тіпті Рамазан айында ораза ұстап, дұға жасайды. Қазақтың салт-дәстүріне берік азамат.

Ол – 2008 жылдан бері «Хабар» агенттігінде тележүргізуші.

Юлия Кушнарева емес, Бибігүл Қазақбаева

Юлия Кушнарева

Алматыда дүниеге келіп, Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында нағашы жұртының қолында тәрбиеленген Юлия Кушнарева қазақ тілінде еркін сөйлейді. Үш жасынан бастап қазақ балабақшасына барған. Студент кезінде жұртпен танысарда өзін «Бибігүл Қазақбаевамын» деп таныстырып келіпті. Отандық сүйікті фильмі – «Тақиялы періште». Сүйікті кітаптары – Мұтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» және Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы.

«Мен үшін ана тілім – қазақ тілі. Қазіргі таңда орыс тілі – екінші тілім», – деді журналист сұхбаттарының бірінде.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір