• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 11:56:55
Алматы
+35°

18 Қаңтар, 2018 Саясат

Өссе тілім, мен де бірге өсемін!

Ұлттың тілі – сол ұлттың жаны, жан дүниесі. Ол жүректі соқтырып тұрған қан тамыры сияқты. Егерде қан тамыры жабылып қалса, жүрек те соғуын тоқтатпай ма?

Ұлттың тілі – сол ұлттың жаны, жан дүниесі. Ол жүректі соқтырып тұрған қан тамыры сияқты. Егерде қан тамыры жабылып қалса, жүрек те соғуын тоқтатпай ма?

(Мұхтар Әуезов)

Қазақ тілінің қоғамдық ортадағы қолданысы көптен бері қозғалып жүрген тақырыптардың бірі. Жасыратыны жоқ бүгінде қаламызда өтетін іс-шаралардың басым көпшілігі ресми тілде өтеді. Басқаны айтпағанда, 90 пайызы өзіміздің қандас болып отырған халық қалаулыларынан құралған қалалық мәслихат сессиясының кеңес тілінде сөйлейтіні көпшіліктің көз алдында.

Ішкі істер басқармасы, жергілікті полиция бөлімі мен прокуратура қызметкерлері, яғни жалпы полиция қызметкерлері ана тіліне шорқақ деп түйін жасауға негіз бар. Себебі бұл шендегілер баспасөз мәжілістерін міндетті түрде орыс тілінде жүргізеді, сұхбатты сол тілде береді. Әрине барлығын бірдей айыптай алмаймыз. Дегенмен көпшілік жағдай осындай. Мұндай кездесулерде отырып бөтен елде жүргендей күй кешетінімізді жасырмаймын.

Осы уақытқа дейінгі қызмет барысында, мемлекеттің негізін құраушы халықтың көптігін ескеріп, сол тілде баяндама оқыған өзге ұлт өкілдерін кездестірмедік. Біздің халық құлдық санадан арыла алмай отырғанда, оларға тілін бұрап не күн туды? Ал біздің ел ағалары әрине, бәріне түсінікті болсын дейді. Ойланып қарасақ, олардың кең пейілділігін түсінуге болатындай.  «Өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адамды толық мәнді интеллигент емес деуге болады. Себебі ол қандайлық мамандық иесі болса да, рухани-ой тәжірибесінде сыңаржақ азамат болады»,- деген екен Мұхтар Әуезов. Біз бұдан асырып айта алмаспыз.

Қазақ тілінің қазіргі қолданыс деңгейінің ауызекі сөйлеу тілінен әрі аса алмай қалғаны өкінішті. Азаннан кешке дейін мылқау ойындарға маталып қалған  балалардан тіл тазалығы туралы сұраудың өзі артық. Бұл орайдағы біздің мақсатымыз - балаларымыз «Аю отыр партада» дегеннен басқа да мағыналы, мәнді дүниелерді жаттап, ұғынып өссе екен деген ой ғана.

Сөздік қоры жағынан қазақ тілі ешбір тілден кем емес дегенімізбен, күнделікті тұрмыста қарабайыр сөздерді ғана қолданатынымыз ешкімге жасырын емес. 1972 жылғы санақ бойынша қазақ тілінің сөздік қорында 2 миллион 550 мың сөз бар екен. Ал Ресейдің академигі Владимр Дальдің «Қазіргі великорусь тілінің түсіндірмелі сөздігінде» орыс тілінің сөздік қоры 500 мың сөзден тұрады деп көрсетіліпті...     

Ғалымдардың болжауынша, жарты ғасырдай уақыт өткен соң ұсақ мемлекеттер жойылып, тек ұлы мемлекеттер ғана қалады. Ал алып мемлекет  болудың бірінші шарты - халықтың саны 50 миллионнан кем болмауы керек.  Оған қоса мемлекетте берік шекара, саяси және экономикалық дербестік, халқында патриоттық сезім мен жоғары рух болуы тиіс. Ал жылына 45-50 тіл жойылса, 3-4 мыңы жойылудың аз-ақ алдында тұрған көрінеді.

Туған тілім – тірлігімнің айғағы

Тілім барда айтылар сыр ойдағы

Өссе тілім, мен де бірге өсемін,

Өшсе тілім, мен де бірге өшемін, - деген Әбділда ақынның  жан сөзін қазақ елінің кейбір мәңгүрт ұрпақтары сезіне алмай жүр.

Жадыра Төлегенқызы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір