• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 20:03:09
Алматы
+35°

31 Қаңтар, 2018 Сұхбат

Оразгүл Асанғазы: Тіл мәселесінің жанында орамал мәселесі түк емес

Оразгүл Асанғазы қазақ тілінің бүгінгі халіне биліктен бұрын қарапайым халықты кінәлады.

Қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазы Qamshy.kz ақпарат агенттігіне сұхбат берді. Ол кісі қазақ тілінің бүгінгі халіне биліктен бұрын қарапайым халықты кінәлады. Ашық әңгімеде дін мен ұлттық құндылық мәселелері де бүкпесіз айтылды.

– Қазақ тілі шын мәніндегі мемлекеттік мәртебесіне қашан ие болады?

– Қазақ тілі ел конституциясында айқындалған мемлекеттік мәртебесіне жетуі үшін қазіргіден де пәрменді шаралар қажет деп ойлаймын. Бұл – бір.  Екіншіден, бар жүкті билікке арта салмай, қарапайым азаматтар да белсенді болуға тиіс. Неге десеңіз, қазақтардың бір-бірімен қазақша сөйлесуіне ешкім шек қойып, тыйым салып отырған жоқ. Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасырдан асса да, өз балаларын өзге тілде оқытатын кім? Сондықтан ұлттық сана мен намыс керек. Кешегі кеңестік дәуірде білім алған адамдардың орысша сөйлеуін кеңестік жүйеден көреміз, ал енді қазіргі жастардың ана тілінде сөйлемеуін ата-анасынан басқа кімнен көруге болады?! Жоғарыда айтылған пәрменді шаралар дегенім: біріншіден, мемлекеттік тіл туралы арнайы заң қажет, бұл барлық өркениетті мемлекетте бар. 1997 жылы қабылданған қазіргі заң өзінің кезеңдік мақсатын орындады деп ойлаймын. Енді мемлекеттік тіл туралы арнайы заң қабылдайтын уақыт келді. Оны тіл жанашырлары көптен бері айтып жүр. Мемлекеттік тілдің өз мәртебесіне сай басымдығы жүзеге асырылу үшін ол ең алдымен үш салада басымдыққа ие болуы тиіс. Олар – билік, ақпарат және бизнес саласы. Осы салаларда үстемдікке жеткен тіл қалған барлық салаға ықпал етеді.

– Билік қашан толығымен мемлекеттік тілге көшеді?

– Биліктің толығымен мемлекеттік тілге көшуі үшін кадр таңдауда мемлекеттік қызметкердің қазақ тілін білуі міндеттелгені дұрыс. Мемлекетке қызмет ететін адамның сол мемлекеттік тілді білмеуі – менің ойымша, парадокс, тіпті, нонсенс. Егер осындай кадрлардың қатары үнемі артып отырса, мемлекеттік мекемелер толық қазақ тілінде қызмет етер еді. Мен бұл ретте сондай шақтың келеріне сенемін. Бәлкім бұған белгілі бір уақыт қажет болар. Қазір қазақ мектептерінің саны абсолютті көпшілікке жетті. Жоғары оқу орындарындағы қазақ топтарының саны да едәуір артты. Яғни қажетті алғышарттар бар. Меніңше, бағыт дұрыс, дегенмен қарқын баяу. Қарқынды үдету үшін халықтың санасы, рухы оянып, қазақ тілін барлық салада қолданысқа енгізуіміз керек. «Халық қаласа, хан түйесін сояды» деген. Қазақ тілінің құқықтық негізі бар, лингвистикалық базасы жеткілікті. Құдайға мың қайтара шүкір, демографиялық жағдай да түзелді. Тек жетпей тұрғаны – қазақстандық патриотизм.

– Латын әліпбиіне көшу қазақ тілінің мәртебесін көтереді деп ойлайсыз ба?

– Егер олай болмаса, жалпы жаңа әліпбиідің қажеті шамалы дер едім. Әлбетте, көтереді. Алдымен әліпби арқылы, оның емле-ережелері арқылы кезінде бұрмаланған тіл табиғатына тән қажеттіліктер қалпына келтіріледі. Яғни әліпбимен бірге жазу реформасы жасалады. Ол мемлекеттік бағдарламаның үшінші бағытында «Қазақ жазуын жетілдіру» деп көрсетілген. Екіншіден, біз басында патшалық, кейін кеңестік империяның қалауымен кирилл таңбасына көштік. Ол біздің тілімізге басқа тілдің ықпалын күшейтті. Латын таңбасы – бүгін бізге үстемдік етіп тұрған ешқандай империяның әліпбиі емес, халықаралық әліпби. Қазақстан – белгілі бір аймақтың немесе күштің құрамдас бөлігі емес, әлемдік қауымдастықтың толық құқылы субъектісі. Сондықтан да халықаралық әліпби жүйесі – мемлекеттің жаңа кезеңдегі объективті таңдауы. Латын әліпбиіне барлық сала көшкенде кешегі отаршылдық сана мен стереотиптің қоғамға ықпалы азаяды. Яғни егер дүниені, қоршаған ортаны біз алуан түрлі ақпарат беретін таңбалар арқылы қабылдайтын болсақ, қазақ енді оны жаңаша қабылдамақ. Бұл санаға серпіліс береді. Осындай серпіліс қазақтардың ана тіліне деген қажеттігін арттырады. Жаңа әліпби таңбалардың жай жиынтығы емес, өмірді танудың һәм оны бағалаудың жаңаша қатынасы деп ұғынамын.

– Бірнеше жыл бұрын орыстілді елдімекендердің атауын қазақшалауға зор үлес қостыңыз. Алайда қанша талқыға салынса да, Павлодар, Петропавл қалаларының аты өзгермей тұр.

– Бұл – қоғамда әбден айтылған, тіпті, олардың қазақшалануына жұрттың сенімі азая бастаған тақырып. Бірақ сенім азаймауы керек. Ол үшін не істемек қажет?! Қазір ономастикалық атауларды өзгерту жергілікті халық пен биліктің қолында. Сол Павлодарда, Петропавлда жергілікті азаматтар белсенділік танытуға тиіс. Өйткені сондағы мәслихат депутаттарын олардың өздері сайлаған. Бұл арада түсіндіру жұмыстары мен талап қою бірдей жасалуы керек. Біздің тарихи жадымыз және тәуелсіздік құндылықтары туралы насихат жұмысы өз деңгейінде емес, сондықтан салғырттық басым. Бұған қоса, жергілікті тіл жанашырлары, жалпы зиялы қауым ортақ ұстанымға келгені жөн. Оны айтып отырған себебім, мысалы, Павлодар дегенді қазақшалауға келгенде, сол қалада тұратын қазақтардың пікірі әртүрлі. Бір тобы Ертіс десе, келесі тобы Сарыарқа дейді, бағы біреулері кісі есімдерін ұсынып жүр. Егер тарихи деректерге тартатын болсақ, осы өңірде Қимақ мемлекеті, оның астанасы тұрған. Қимақ атауы қазақтың тарихына тікелей қатысты. Оған басқаша ат іздеп, әуре болудың қажеті шамалы. Неге Қимақ қаласы, Қимақ облысы демеске?! Немесе алдымен қалаға қарағанда қазақ көбірек тұратын облыстың атын өзгертіп, содан кейін қаланың атын өзгертуді жоспарламасқа. Ал Петропавл, әрине, ол – Қызылжар. Яғни бұл екі қаланың да тарихи атауы дайын. Ешқандай жасандылық жоқ.  Тек тарихи әділдік қалпына келтіріледі. Мәселе жергілікті зиялы қауым өкілдерінің белсенділігі мен халыққа түсіндіру жұмыстарын нәтижелі жүргізуде. Оның жарқын мысалы – Ақмола бастаған талай қаланың, елді мекендердің ауысуы. Айталық, кеңестік қайта құру заманында Целиноград атауы өзінің тарихи Ақмола атуына ие болды. Ал сонда сол қалаңызда қазақтардың үлесі 15-18 пайыз ғана еді. Сол азғантай қазақтың ішінде рухы биік, нағыз ұлттық зиялы азаматтар болды. Сол үркердей топ әртүрлі насихат жұмыстарын жүргізіп, сол кездегі партиялық билікке талап қойып, қасиетті атауды қайтарды. Бүгін,  менің ойымша, осындай рух, осындай намыс жетпейтін сияқты. Дүниедегі үлкен бастамалардың басында миллиондар тұрмайды, осындай намысқой, бастамашыл азаматтар тұрады. Бүгін сондай азаматтардың шоғыры керек. Ол ономастикада ғана емес, ұлтты тану, оның абыройы мен беделін сақтау сияқты маңызды мәселелердің баршасында қажет.

– Қазіргі діни ахуалға, орамал тағатын қыздар мен келіншектерге қалай қарайсыз?

– Тіл мәселесінің жанында орамал мәселесі түк емес. Елімізде діни ағымдар көбейгенін баршамыз білеміз. Дін – әркімнің ождан мәселесі. Ождан бостандығына ел азаматтары құқылы. Орамал тағатындар немесе тақпайтындар жөнінде нақты кесіп-пішіп, кейде, тіпті, байыбына бармай, біржақты пікір айту дұрыс емес. Әркім – өз ары мен ұятының күзетшісі. Қай ағымның тура жолда екенін немесе адасқанын діннің тарихы мен теориясын жақсы білетіндер ажыратып бергені жөн. Орамал тағу – әйелге тән нәрсе. Қазақтың келіні, әйелі қашан да орамал таққан. Әйелдің шашын жауып жүруінің этикалық та, гигиеналық та себебі бар.

– Айтыскер ақындар мен айтыстың айналасында жүрген азаматтар екі топқа бөлініп алды, оған не дер едіңіз?

– Айтысқа байланысты кейде әртүрлі әңгіме шығып қалады. Айтыс – қазақтың басқа өнер түрлері сияқты жалпы халықтың қазынасы. Ол айтысты ұйымдастырып жүрген азаматтардың да, оны енді ұйымдастыра бастаған азаматтардың да меншігі емес. Ең бастысы, айтыс жанр ретінде өзінің бастапқы сипатын сақтауы керек. Әрине, жаңа заманға лайық оның мазмұнымен бірге, формалық ізденістері болуы мүмкін. Оған да тосырқамай қарау қажет. Осы арада мен қоғамдық дамуға байланысты ойымды айта кеткім келеді. Философтар, қоғамтанушылар, бүкіл естияр қауым дүниедегі барлық құбылыстың қайшылық арқылы дамитынын біледі. Сондықтан кейде азаматтардың бір мәселеге әртүрлі қарауынан, әрекет етуінен соншама қатты үрейленудің қажеті жоқ сияқты. Бәлкім ондай пікірлер мен әрекеттер бүгін болмаса, ертеңгі дамуға оң ықпал етуі мүмкін.

– 2017 жылы Алашорданың 100 жылдығы лайықты атап өтілді ме?

– Алаш қозғалысы, Алашорда үкіметі, Алаш автономиясы сияқты біздің ұлттық тарихымызда өшпес із қалдырған, ұлтымыздың санасын өсірген, жаңа дәстүрлер қалыптастырған ірі оқиғаның лайықты аталғаны дұрыс. Неге десеңіз, осындай ірі оқиғаларды таныту, оның миссиясын жалпы халыққа ұғындыру арқылы біз жас ұрпақты елшіл, отаншыл етіп тәрбиелейміз. Бұл маңызды ма? Әлбетте, өте маңызды. Дегенмен осы тарихи құбылыстың ғасырлық мерейтойын атап өтуде олқылықтар болды. Біріншіден, оның қайраткерлері мен қаламгерлерінің тарихи еңбектеріне соған лайық толық баға әлі де берілмеді. Ондай баға осындай мерейтой тұсында берілетіні – өркениетті әлемдегі оң үрдіс. Екіншіден, елімізде Алаш қозғалысының бірнеше ошағы бар. Ол – Семей, Торғай, Қарқаралы, Жымпиты, Жетісу және жалпы халық көп біле бермейтін Үржар, Тарбағатай, Лепсі, Аягөз, Көкшетау, тағы да басқа өңірлер мен елдімекендер. Осындай өңірлерден Алаштың көптеген қайраткері, әскері, оларға көмек көрсеткен азаматтар шыққан. Олардың есімдері осындай кезде аталуы керек еді. Біздің білуімізше, бірді-екілі өңірде болмаса, қалғаны еленбеді. Біз Ұлы Отан соғысының қаһармандары мен қатысушыларының тізімін кітаптарға жарияладық, телерадиохабарлар, мақалалар дайындадық, ескерткіштерге есімдерін жаздық. Алаш қозғалысына бірнеше мыңдаған адам қатысты. Біз солардың ішінде бірнешеуінің ғана есімін білеміз. Ал басқасын кім түгендейді, оларға біз тағзым жасамасақ, сырттан келіп біреу жасай ма – міне, осы сұрақтардың жауабы берілмеді. Әрине, Мәмбет Қойгелді, Тұрсын Жұртбай, Дихан Қамзабекұлы және басқа да ғалымдар зерттеулерін жариялады, бірнеше конференция өткізілді, өздеріңнің осы «Қамшы» сайттарың да үлкен үлес қосқанын жақсы білеміз. Бірақ бұдан да ауқымды шаралар қажет еді. Бұл мәселеге кеңінен келейік. «Алаш құбылысы бүгінгі һәм ертеңгі қазаққа не үшін керек?» деген сұраққа жауап берейік. Бұл жөнінде көрнекті алаштанушы Мәмбет Қойгелді: «Бізге бүгін жалпыұлттық деңгейде қорытылып, жалпыұлттық деңгейде игерілген, яғни ұлттық дүниетаным мен ұстанымның іргетасы міндетін атқара алатын тарих қажет. Ал Алаш қозғалысы – сол дүниетанымдық тарихтың өзегі. Алаш – ұлттың аспан асты, жер үстінде өз орны бар ел ретінде өз еншісі мен үлесін анықтау қарекеті», – деп жазады. Яғни Алаш – ұлттық рухтың, намыстың, жігердің тұғыры. Олай болса, біз тәуелсіз мемлекет ретінде осы елдің бүгіні мен болашағына жаны ашитын, қызмет ететін ұрпақ тәрбиелегіміз келсе, Алаштың ұлттық құндылықтарын солардың бойына сіңіруіміз керек. Ол үшін «Алаштану» пәні міндетті пән ретінде орта мектеп бағдарламасына енгізіліп, әдебиеттен олардың көркем туындылары, тарихтан олардың күресі, қоғамтанудан олардың қоғамдық-әлеуметтік көзқарастары жас ұрпаққа сіңірілгені абзал. Талшыбықтай өсіп келе жатқан ұрпағымызды Алаштың қайнарынан сусындатуымыз қажет. Елбасының рухани жаңғыру бастамасы Алаш идеясымен тікелей байланысты. Әр халық, әр мемлекет ең алдымен өзінің тұтастығын сақтауға, содан кейін барып дамуға қадам жасайды. Осы қадамның негізінде оның ұлттық келбеті, халықтық абыройы мен беделі тұрады. Олай болмайынша, ешқандай экономикалық, әлеуметтік реформалар жүзеге аспайды. Жалпы әлем тарихының қай ғасырын алсаңыз да, осының талай жарқын мысалын көресіз. Алаш өз заманында халықты оятуды көздесе, дәл бүгін Алаш мұрасы ойлануды да, әрекет етуді де міндеттейді.

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қазаққа не береді?

– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы – дәуірлік еңбек. Біз бұл еңбекті тек мақтау ыңғайында емес, оның мәнін түсіндіру ыңғайында жұмыс атқаруымыз керек. Мақаланың қазіргі жағдайға талдау жасайтын бірінші бөлімі де, одан туындайтын міндеттерді айқындаған екінші бөлімі де баршамыздан мұқият зерделеуді қажет етеді. Ұғынған адамға, түсінуге шын ниеттенген кісіге онда қазақтың қазіргі әлемді жаңа көзқарасқа сай қабылдаудың тәсілдері және оны ұлт болашағы үшін орындаудың бағыттары кеңінен көрсетілген. Бұл – ұлттың ертеңін ұлтжанды азамат ретінде, мемлекеттің көшбасшысы ретінде толық паш еткен еңбек. Сондықтан оның қазаққа берері көп.

– Қазақ қандай болса екен деп армандайсыз?

– Осынау екі геосаяси дүниенің арасында ұлан-байтақ жерді алып жатқан қазақ ұланының мұраты мен рухы Алатаудай биік, білімі мен білігі Каспий мен Балқаштай шалқар, рухани байлығы Алтайдай қазыналы, ертеңі Сарыарқадай байтақ болуы үшін діні мен тіліне берік, дәстүріне адал қазақты аңсаймын һәм сондай ұрпақтың келеріне бек сенім артамын. Егер сенбесек, кім болғанымыз? Бұдан да қиын заманда қазақ ұрпақ тәрбиелеп, осы жер үшін сан күреске шыққан, бүгін егемен ел болғанда қол қусырып отырудың жайы да, жөні де жоқ. Сондықтан барша қандасқа «ұмтыл!» дегім келеді.

– Бүгінгі қоғамды қалай сипаттар едіңіз?

– Бүгінгі қоғамға жалпылай сипаттама беру жарай қоймас. Қазіргі қоғам әр алуан, сан салалы, соған орай, сан сипатты. Егер қазақты айтсақ, сол сан тараудан, сан бағыттан өзінің мүддесіне сай саралы бағытты таңдауы тиіс. Ол жоғарыда айтылған Елбасы еңбегінде бар. Дегенмен әйтеуір экономикалық пайдаға кенелеміз деп рухани құндылықтарымызды ұмытпағанымыз жөн. Адамның тұрмысы заманмен бірге жөнделеді. Ең маңыздысы, бүгінгі қазаққа керегі – ұлттық құндылықтарды ұмытпау. Жаһандану дәуірі бүгін бізге дамудың сан үлгісін ұсынып жатыр. Соған орай, қоғамда еліктеу де ерекше байқалады. Жақсыдан өнеге алған жөн. Десек те өзімізге лайықтысын, қажеттісін іріктеген дұрыс. Бұл қазақ сияқты өркениет көшіне енді азат ел болып қосылған халық үшін аса маңызды.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан: Гүлім ЖАҚАН

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір