• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 17:39:40
Алматы
+35°

19 Мамыр, 2018 Аймақтар

Оралдағы қоғамдық көліктер жаңармақшы

Жергілікті атқарушы биліктің, халықтың ұсыныс-тілегін қабыл алып отырмыз

Батыс Қазақстан облыс орталығындағы қоғамдық көліктің біразы жаңармақшы. Мәселен, рейске шығатын автобустары мен тасымалдайтын жолаушылар саны жағынан өзгелерден оқ бойы озық саналатын  «ОралТехСервис» серіктестігінің маршрутта жүрген автобустарының 30 пайызы су жаңа кейіпте көреміз.

Аталмыш кәсіпорын 2001 жылы Орал қалалық автобус паркі базасында құрылған болатын. Автопарктен қалған қоғамдық көліктермен қызмет көрсетуді бастады. Серіктестік директоры Александр Бакланның сөзіне қарағанда, «мұраға қалған» автобустардың саны көп болғанымен, сапасы сын көтермеді, нақтылап айтқанда, жиі сынды, жағармайды көп ысыраптады, яғни оларды қалпына келтіріп, маршрутқа шығару үшін біраз шығындануға тура келді. Бұдан істің өнбесін көрген соң 2004 жылы өздері лизингтік негізде су жаңа 20 ПАЗ автобусын сатып алып, №20 маршрутқа қойды. Келер жылы Германиядан жеткізілген «МАН», «Мерседес» сынды 30 автобус №2 маршрутта жұмыстарын бастады. Кәсіпорындағы үлкен жаңарту 2007 жылы жүрді. №2 маршрутқа 30 «ЛиАЗ» және ұзартылған 20 шақты «ПАЗ» автобустары келді. Осылайша біртіндеп кәсіпорын өз техникасымен қызмет көрсетуге көшті. Қазір парк теңгеріміндегі 82 бірлік көліктің бәрі өздерінікі. Бүгінгі таңда олар төрт қалалық және екі саяжайлық маршруттарға қызмет көрсетуде.

Жергілікті ақпарат құралдарында автобус билетінің бағасы өскенімен қызмет сапасы әлі де сын көтермейтіндігі турасында мақала-материалдар аракідік жарияланып жүр. Қала тұрғындарының жолаушылар тасымалымен айналысатын компаниялардың қызметтеріне көңілі толмайтындары туралы пікірлерін орынсыз демейміз. Мен өз кәсіпорным үшін жауап берсем, біз тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін барынша жұмыстанып жатырмыз. Мәселен, былтыр жыл басында өткен облыс әкімінің есеп беру кездесуінде бір қала тұрғыны кейбір қоғамдық көліктер қыста салқын әрі автобус едені тайғақ болатынын айтқан еді. Ал бізде мұндай кемшілік ешқашан болған емес. Себебі, мұның бәрін қадағалайтын арнайы мамандарымыз бар. Автобустар кешке рейстен келген бойда жуылып-тазартылып, жылы ғимаратқа қойылады. Егер техникада кінәрат болса, жөндеушілер бригадасы оны қалыпқа келтіреді. Осылайша таза, жылы әрі еш ақаусыз автобус тұрғындарға қызмет көрсетуге шығады. Одан бөлек, тұрғындардың сұранысына байланысты кейбір маршруттардағы автобустар санын арттырдық. Мәселен, 30Д автобустарын айтуға болады. Бұл бізге тиімсіз болса да, жергілікті атқарушы биліктің, халықтың ұсыныс-тілегін қабыл алып отырмыз.

350-ге жуық адам өзінің нәпақасын тауып жүрген «ОралТехСервис» ЖШС көп ұлтты ұжым. Бәрі де тату-тәтті, ынтымақтаса жұмыс істеп, еліміздің дамуына өз үлестерін қосуда. Соған орай мұнда мемлекеттік, ұлттық, кәсіби мерекелерді тойлау жолға қойылған.

Кәсіпорынның еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып келе жатқан еңбегі мемлекет тарапынан да бағаланбай қалып жатқан жоқ. Автомобиль және жолаушылар көлігі саласындағы елеулі еңбегі үшін серіктестік директоры «Қазақстан Республикасының құрметті автомобиль жүргізушісі» атағын алып, өңіріне түрлі төсбелгі, медальдар тақты. Кәсіпорынның біраз қызметкерлері ел Тәуелсіздігінің мерейтойлық медальдарымен, ҚР Көлік және коммуникация министрінің, жергілікті атқарушы билік құрылымдарының Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталған.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір