• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 23:56:10
Алматы
+35°

09 Шілде, 2018 Аймақтар

Оралдағы «Кублейде» 80 түрлі қалбырдағы өнім дайындалады

Заманның нарқын, нарықтың парқын білетіндер кәсібін дөңгелентуге бар күшін салары сөзсіз.

Елімізде ауыл шаруашылығын дамыту мен осы сала өнімдерін қайта өңдеуге ерекше басымдық берілуде. Бұл ретте азық-түлік өнімдерін өңдеп немесе өндіріп, нәсібін кәсібінен тауып отырған кәсіпкерлер еңбегінің де ел үшін маңызы зор екені сөзсіз.

Батыс Қазақстан  облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек,, өңірдегі  қайта өңдеу өнеркәсібінде негізінен ұн, сүт және ет өнімдері  пайдаланылады. Агроөнеркәсіп кешені саласында қайта өңдеуші 29 кәсіпорын жұмыс жасап келеді. Соның ішінде қуаттылығы жылына 250 мың тонна болатын 3 кәсіпорын ұн өнімдерін өңдеумен айналысса, жылдық қуаты 140 мың тонна болатын  11 кәсіпорын ет өңдейді. Сонымен қатар  9 кәсіпорын сүт өнімдерін қайта өңдеумен айналысса, бір кәсіпорын өсімдік майын өндіріп келеді. Әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдерін  қайта өңдейтін кәсіпорындардың өндіріс қуаттылығын  арттыру  мақсатында өткен жылы  43 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған.

Нарық заманның көшіне ілескен әр кәсіпкер еңбегінің ел игілігіне жарағанын қалайтыны рас. Өйткені «бейнет түбі - зейнет» десек, ол берекелі істің нәтижесі болмақ. Бүгінде өңірдегі өнім өңдейтін кәсіпорындардың орташа алғандағы  жүктемесі  40-тан  80%-ға дейін артқан. Қайта  өңдеу  кәсіпорындарында азық-түлік өнімдері кең көлемде шығарылуда. Ұн  өнімдерімен қатар,  кондитерлік  және аспаздық өнімдері де өндіріледі. Кондитер өнімдері үлкен сұранысқа  ие болып, облыс аумағынан асып,  экспортқа шығарылуда.

Заманның нарқын, нарықтың парқын білетіндер кәсібін дөңгелентуге бар күшін салары сөзсіз.  Мәселен, 2017  жылы  облыстағы   өңдеуші кәсіпорындар  45 429,9  млн. теңгеге өнім шығарған.  Соның ішінде ет және ет өнімдері - 1091 тонна. Кәсіпорындардың экспорттық әлеуетінің жоғары болуы  экономиканың өрлеуіне өзінше үлес қосады. Облыста негізінен  ұн тарту өнеркәсібінің  және ет өнімдерінен өңделген өнімдер экспортталады. Консервілер мен  жартылай  фабрикаттар түріндегі ет өнімдерін «Кублей»  ЖШС экспорттауда.  2014-2017 жылдар аралығында «ІҚМ етінің экспорттық әлеуетін дамыту» бағдарламасы  шеңберінде облысымыздан 7837,1 тонна ет және ет өнімдері  экспортталған. Ал ағымдағы жылы 757,2  тонна  ет және ет өнімдері экспортталып отыр. Ресей Федерациясына 595,2 тонна ет өнімдері шығарылған екен. Сонымен қатар өткен жылы 505,7 тонна қой еті еті экспортталса, ол күні бүгін 230,8 тоннаны құрап отыр. «Кублей» ЖШС және «Зира ет» ЖШС-ы  162 тонна етті Иран  Ислам Республикасына жөнелткен. Бүгінде ұн  өнімдерін  негізінен «КХП Желаевский» АҚ,  «Ақ Қайнар» АҚ,   «Белес» ЖШС секілді үш  ірі ұн тарту комбинаты шығарып келеді. Сырттағы елге егістіктің де өнімдері шығарылуда. Мәселен ағымдағы жылдың төрт  айында бидай 10 500 тонна, астық 8 500 тонна және майлы дақылдар 11 700 тонна экспортталған.

 «Мал өсірсең, қой өсір, өнімі оның көл-көсір» дейтін халқымыз төрт түліктің қай түрінің болсын пайдасын көрген. Алайда, бүгінгі таңда мал сүтінен дайындалатын тағам түрлерінің сырттан келетіні ойланатын жағдай екені рас. Әйтпесе, өңірімізде мал шаруашылығына ерекше көңіл бөлініп жатқанымен қатар, үкімет тарапынан бұл салаға бағытталған бағдарламалар  да баршылық. Әрине, зейнетінен бейнеті көбірек мал бағуға білек сыбана кірісетін жанның еңбекқор  болуы  да қажет. Мәселен, облыста он шақты кәсіпорын сүт өнімдерін өңдеумен айналысады. Олардың бірі таза сары май шығарса, бірі айранын ұсынады. Әрқайсының бағыты бар. Ал сүт тапсыратындардың басым көпшілігі облыс орталығының айналасындағылар, әсіресе Зеленов және Теректі аудандары болып отыр. Мал басы көбейген сайын, олардың өнімдерінің де сауда-саттыққа шығарылуы нарық заманының талабы болмақ. Сондықтан да шикізатпен қамту мен оларды өңдеу  өңір экономикасын өрлетуге сұранып тұр.   

БҚО-дағы ірі кәсіпорындардың бірі «Кублей» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі екеніне дау жоқ. Бүгінде «Кублейде» ет, ет-өсімдік, балық, тауық консервілері, деликатес және жеміс-көкөніс консервілері, дайын түскі астар мен қазақ ұлттық тағамдары, консервіленген сүт өнімдері секілді 80 түрлі қалбырдағы өнімдерді шығарады. Кәсіпорынның маманы  Жанна Апиеваның мәліметінше, кәсіпорын  консервіге қажетті тұщы суды мекендейтін балықтар жергілікті болса, атлант балықтарын Прибалтика мен Марокко елінен, ал жеміс-көкөністерді Венгриядан сатып алуда. Мұнда жыл басында сүйек ұнын жасау қолға алынған болатын. Бұл өнім  үй жануарларының азығына қоспа дайындау үшін пайдаланылмақ.

- Облыста ауыл шаруашылығы тауарларын өндіру мен өңдеуге көп көңіл бөлінуде. Егін шаруашылығына  ауа райының қолайсыздағы кері әсер етіп жатады. Бір-екі жыл өнім мол болғанымен, келер жылы егіс шықпауы да ғажеп емес. Ал мал өсіріп, еңбектенуге толық мүмкіндік бар. Ата  кәсіппен айналысатын шаруалар  мемлекет тарапынан көрсетілетін кең қолдауды пайдаланса екен дейміз, - дейді мамандар.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір