• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 04:02:38
Алматы
+35°

04 Маусым, 2018 Аймақтар

ОҚО-да жылу маусымына дайындық жұмыстары талқыланды

Алдағы жылу маусымына дайындықты бүгіннен бастап пысықтауымыз қажет

Алдағы жылу маусымына дайындықты бүгіннен бастап пысықтауымыз қажет. Ауданға қажетті қатты және сұйық отындарды дер кезінде тасымалдап, олардың қалыпты сақталуына барлық жағдай  жасалуы тиіс. Осы ретте әсіресе көмірдің сапасына мән беріліп, білім беру, денсаулық сақтау тағы басқа да әлеуметтік маңызы бар мекемелерді гидравликалық сығымдаудан кестеге сай жүргізу ісі қолға алынсын. Бүгін бұл туралы аппарат отырысында  Мақтарал ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев мәлім етті.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – 2018-2019 жылдардағы жылу маусымына дайындық барысы туралы аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бастығының міндетін атқарушы Мырзабек Әбішев баяндама жасады. Оның айтуынша, аудан бойынша білім саласында 125 мектеп, 33 балабақша және 4 мектептен тыс мекеме, мәдениет саласында 56,  денсаулық сақтау саласында 131, спорт және дене шынықтыру саласында 3, жұмыспен қамтуды үйлестіру саласында 1 мекеме бар. Барлығы 353 бюджеттік мекемелерді 15 мың 076 тонна қатты отын мен 59 мың 135 литр сұйық отынмен қамтамасыз ету жоспарлануда.

 «Денсаулық сақтау саласы бойынша Мырзакент емханасына қарасты Нұрлыбаев ауылдық округі Ынталы елдімекеніндегі орталық амбулаторияға барлығы 3800 литр сұйық отын жоспарланған. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.  Жоспарланған қатты отын 1785 тоннаны құрайды. Тасымалдау мерзімдері осы айдың 27- не дейін. Мырзакент ауруханасына  609 тонна, Атакент ауруханасы 106 тонна, Жетісай ауруханасы 486 тонна, Асықата ауруханасы 530 тонна  тасымалдануы жоспарлануда. Көмір бағасы 10 мың 152 теңге. Көмірдің түрі – Шұбаркөл.  Жалпы қаралған қаржы 18 125,0 мың теңгені құрап отыр», - дейді  Мырзабек Әбішев.

Бүгінгі таңда аудандағы денсаулық сақтау саласындағы 131 медицина мекемесінің 130-на гидравликалық сығымдау жұмыстары жүргізіліпті. Нәтижесінде 124 нысан жылу беру маусымына дайын екені анықт алып отыр. Білім саласында 1 мектепке   ғана сұйық отын тасымалданатын болады. Ол Атамекен ауылдық округіндегі «Мырзашөл»  жалпы орта мектебі. Бұл білім ұясына 55335,5 литр сұйық отын қажет. Осы мақсатқа 8 млн 56 мың теңге қаржы қарастырылған. Ал,  қалған білім беру мекемелеріне 12 мың 930 тонна қатты отын тасымалдау жоспарлануда. Бұл мақсатқа 131 млн 384 мың теңге қарастырылмақ. Қатты отынды тасымалдау жұмыстары тамыз айының 25 күніне дейін аяқталуы тиіс.

Жылу маусымына дайындық жұмыстарының барысына қаныққан аудан әкімі білім саласындағы мекемелердегі жылу жүйелерін толықтай сығымдаудан өткізуді және қатты отынды сақтау қоймаларын әзірлеуді тапсырды.

 «Таяу күндері білім ұяларына көмір тасымалдау жұмыстары басталатын болады. Алайда оны қабылдап алуға  қаншалықты дайынбыз? Мәселе осында. Егер сақтау мәселесіне мән бермесек,  тасымалданған көмірлердің сапасын жоғалтып аламыз. Сосын қыстың күндері бықсып жанбай отырады. Сондықтан осыған басты назар аударуымыз қажет», - деді Жамантай Қанайұлы.

Қазіргі таңда аудандағы 162 білім беру нысандарының 134-і гидравликалық сығымдаудан өткізіліпті. Қалған 28 мектептің жылу жүйелерінде ақау бар екені анықталған. Осыған орай ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында сметалық құжаты әзірленіп, 37 771,0 мың теңге қаржы бөлдіруге ұсыныс берілген.

Ал, аудандағы мәдениет үйлеріне 302 тонна көмір қажет.  Спорт және дене шынықтыру саласындағы мектептер газбен жылытылады.

Бұдан бөлек, жеке секторға қажетті қатты отын көлемі шамамен 85 мың 586 тоннаны құрайды. Ендігі кезекте барлық ауыл округтерінің әкімдіктері Сарығаш ауданынан тұрғындарды қолжетімді арзан бағадағы көмірмен қамтамысыз етуі тиіс.    

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір