• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 00:05:57
Алматы
+35°

01 Қыркүйек, 2017 Ұлы көш

Оңтүстік өңірлерден солтүстікке көшіп барғандарға тегін жер беріледі

ҚР Үкіметі 2017-2021 жылдарға арналған Көші-қон саясатының тұжырымдамасын қарады

ҚР Үкіметі 2017-2021 жылдарға арналған Көші-қон саясатының тұжырымдамасын қарады.

Бүгін Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметі отырысында Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік»  Жолдауы аясындағы тапсырмаларға сәйкес әзірленген 2017-2021 жылдарға арналған Көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы қаралды.

Үкіметте таныстырылған құжатқа сай шетелдегі қандастарымыз оралман статусын алмай-ақ, Қазақстанда жұмыс істеуге мүмкіндік алады.

Министр шетте жүрген этникалық қазақтармен байланыс күшейеді деп мәлімдеді. Ол үшін дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен бірлесіп, қандастарымыз тұратын елдерде мәдени орталықтар ашылмақ. Өз саласында үздік атанған қазақтарды елге тарту үшін электронды база жасақталады және жұмысқа жеңілдетілген тәртіппен алынбақ.

Сондай ақ, құжатта оңтүстіктен солтүстікке көшіп жатқан тұрғындарға қайтарымсыз жер телімін беру мәселесі де қаралған.

2017-2021 жылдарға есептелген Көші-қон саясаты тұжырымдамасының негізгі стратегиялық мақсаттары еліміздің өңірлерінің демографиялық және экономикалық теңгерімділігін жақсарту; уақытша және ұзақ мерзімді көші-қонды пайдалану негізінде білікті мамандардың ашық нарығын қалыптастыру; көші-қонмен байланысты қауіп-қатерлер тұрғысынан елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып айқындалды.

«Барлық үш стратегия өзара тәуелді және көші-қон саясатының жүйелілігін қамтамасыз ете отырып, сыртқы, ішкі және этникалық көші-қонды реттеудің мазмұнды негізін құрайды», — деп атап өтті Т. Дүйсенова.

 «Көші-қон саясатының жаңа концепциясының жобасы – Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді. Жаңа жоба халықаралық тәжірибеге, бірінші кезекте болашақта Қазақстан құрамына кіруді жоспарлап отырған экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тәжірибесіне сүйене отырып, көші-қон үдерісін ырықтандыру тәсілдеріне ендіруді көздейді. Дәлірек айтсақ, ішкі, сыртқы және этникалық көші-қонды бір-біріне өзара тәуелді ете отырып, көші-қон саясатының жүйелілігін қамтамасыз ету бағыттарын белгіледі», - деді ол.

Кейін министр көші-қон саясатының негізгі бағыттарына тоқталды.

«Тұжырымдаманың негізгі бағыттарының бірі - этникалық көші-қон. Этникалық қазақтардың қайта оралуына, бейімделуіне және кірігуіне кедергі келтіретін бірнеше проблема өткен жылдан бастап күшіне енген заң аясында өз шешімін тапты. Атап айтсақ, этникалық қазақтарға «оралман» мәртебесін қоныстану аймағына қарамастан бір жыл мерзімге беру, олардың Қазақстан Республикасы азаматтығын алу мерзімі төрт жылдан бір жылға қысқартылды. Оларды ұтымды қоныстандыру мақсатында қосымша еңбек ресурстарын қажет ететін аймақтарға жолдау шаралары қабылданды. Нәтижесінде өткен жылы елімізге 16,5 мың оралман отбасы көшіп келді. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 8,5 есеге көп», - деді Тамара Дүйсенова.

Сонымен қатар ведомство басшысы аталған тұжырымдама Президенттің тікелей тапсырмасымен жасалғанын атап өтті. Оның пікірінше, концепциядағы мақсат – шетелде тұратын этникалық қазақтармен байланысты күшейту.

«Бүгінгі тұжырымдама жобасында Мемлекет басшысының Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында берген тапсырмаларын қарастырдық. Оған сәйкес этникалық қазақтарды тек көшіріп алу мәселесін ғана қарастырмай, сонымен қатар олардың әлеуетін тұрғылықты жерінде қалдыра отырып пайдалану мүмкіндігі ұсынылды. Осы мақсатта шетелде тұратын этникалық қазақтармен байланыстың қарқынын күшейту көзделуде. Бұл үшін Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы олардың тұрғылықты жерінде мәдени орталықтар құруына ықпал жасап, олардың бір-бірімен және Қазақстанмен тығыз қарым-қатынас ұйымдастыратын болады», - деді ол.

Сонымен қатар Тамара Дүйсенова тұжырымдама аясында шетелдегі білікті кадрлардың мүмкіндігін пайдалану мақсатында жеке электронды дерекқор жасау қарастырылып отырғанын айтты.

«Шетелде тұрып жатқан этникалық қазақтарды, оның ішінде білікті мамандар мен жетістікке жеткен азаматтарды тарту жұмысын мақсатты сипатта жүргізу үшін жеке электронды дерекқор жасау қарастырылып отыр. Жоғары білікті этникалық қазақтарға уақытша жұмысқа келу мүмкіндігін беру үшін жұмыс берушілерге рұқсатты жеңілдетілген тәртіппен тегін беру тетігі қарастырылды», - деді министр.

Сөз соңында ведомство басшысы көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасын шетелдегі қандастарға сол мемлекеттегі Қазақстан елшіліктері түсіндіру жұмыстарын жүргізу қарастырылып отырғанын айтты.

«Сонымен бірге үкімет айқындаған солтүстік өңірлерде қоныс аударушыларды бейімдеу, кіріктіру қызметін көрсететін орталықтар құру немесе қазіргі жұмыспен қамту орталықтарының функциясын кеңейту ұсынылып отыр. Елімізде іске асырылып жатқан көші-қон саясатын және оның тетіктерін сыртта жүрген қандас бауырларымызға толыққанды және уақытында жеткізу мақсатында шетелдегі біздің елшіліктер арқылы белсенді ақпараттандыру жұмысын жүргізу де қарастырылды», - деді Тамара Дүйсенова.

Көші-қон саясатын дамытудың алдағы стратегиясын анықтауда ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесі пайдаланылды, онда көбіне ұзақ мерзімді немесе гибридтік көші-қон пайдаланылады. Бұл экономиканың инновациялық секторларына білікті мамандарды тартуға және іскерлікті дамытуға мүмкіндік береді. Белгілі бір шығын жұмсалатынына қарамастан мұндай саясат нарықтық экономикаға қажетті «қауіпсіздік көпшігі» болады, деп баса айтты ведомство басшысы.  

Осыған байланысты Тұжырымдамада полиция жүзеге асыратын көші-қон бақылауын одан әрі жандандыру және жетілдіру қарастырылған. Атап айтқанда, Тұжырымдама жобасында елдегі құқықтық базаны және көші-қон бақылауы жүйесін дамыту, заңсыз көші-қонның ұйымдастырылған арналарын бұлтартпау, еңбек мигранттарын алдағы «көлеңкеден» шығару, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты жалғастыру және реадмиссия туралы келісім жасау қарастырылған.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір