• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 17:36:22
Алматы
+35°

04 Шілде, 2017 Сұхбат

Өмірхан Алтын: Ұлттық мемлекет қалыптастыру жолында тер төгу керекпіз

«Қаны қазақ деп қайнаған Сізге бір мәселені айтқым келіп отыр. Қадірлі ағайын, осында отырған және сырттан келген ағайындардың көбісі өзінің байырғы...

«Қаны қазақ деп қайнаған Сізге бір мәселені айтқым келіп отыр. Қадірлі ағайын, осында отырған және сырттан келген ағайындардың көбісі өзінің байырғы атамекенінде, ата қонысында өмір сүріп жатыр. Сол ата қонысында өмір сүріп жатқан Алтайда, Үрімшіде, Құлжада, жалпы Қытай елінің территориясында өмір сүріп жатқан  ағайындарымыз соңғы уақыттарда аса қиын жағдайды басынан кешіп келеді. Қытай үкіметі өзінің негізгі заңына әрі халықаралық заңдарға, халықаралық адам құқықтарына қайшы ағайындарымыздың құқықтарын таптауда. Олар бастарынан қиын-қыстау кезеңді өткізіп жатыр. Ондағы ағайындарымыз шырылдап жатыр. Менің айтарым, осындай киелі жиында «ана жақтағы шырылдап жатқан ағайындарды еске алып қойсақ. Сіздерге айтарым осы еді. Қытай елінен біз көп нәрсе сұрамаймыз». Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында Елбасыға осындай дат айтылды. Арғы беттегі Алаш баласының ауыр жағдайын Президентке жеткізген – Германияда тұратын қандасымыз Өмірхан Алтын. Қамшы тілшісі құрылтай делегатымен аз-кем сұқбаттасқан болатын. назарларыңызға ұсынамыз.
 

Өмірхан мырза, шетелдегі қазақтардың жағдайы елдің, Елбасының назарынан бір сәтке де түскен емес. Дейтұрғанмен соңғы айларды Қытайдағы қазақтардың қиын жағдайда қалғаны туралы ести бастадық. Көші-қон, әлеуметтік мәселелерге қатысты онда жергілікті билік тарапынан қандастарымызға қысым деп бағалауға болатын әрекеттер жасалғаны туралы әлеуметтік желіде хабар тарады. Одан өзіңіз де хабардар екенсіз. Құрылтайда Елбасыға дат қылып айттыңыз. Сол датыңыздан қандай да бір нәтиже болды ма?

Нәтиже дегенде Елбасының сол сәттегі жауабынан-ақ біраз дүниені аңғарасыз. Елбасы не деді? Елбасы: "Бүгін Қытаймен қазақ елінің қарым-қатынасы өте жақын. Үлкен түсіністікте. Ол жердегі Синьцзянда болған неше түрлі жағдайлар бар. Терроризм де, сепаратизм де бар. Бірақ та қазақтарға жасалып жатыр деген қиянат менің құлағыма келген жоқ. Бар болса, елшілік арқылы біліп, Сыртқы істер министрлігі арқылы оған біз тиісті көңіл аударатын боламыз", — деді. Яғни, тиісті орындар тиісті тапсырма алды. сондықтан, нәтиже жоқ деуге келмейді. Мемлекеттік органдар, ел ішіндегі белседі азаматтар ол жағдайдан осыған дейін хабарсыз болғандарын айтуда. Бастысы осы мәселе төңірегінде қоғамдық пікір қалыптасты. Елбасыға жеткен соң бұл жағдай ресми сипат иеленіп, журналистердің де осы мәселені батыл қозғауына, індете зерттеуіне мүмкіндік туды десе де болады. Бұл нәтиже емей немене?

Құрылтайда айтқан сөзіңізден соң ел ішінде Сізге ризашылығын білдірген ағайын да көп болған шығар?

 

Иә, біраз ағайын қонақ қылып, дастархан жайып, шапан жабуда. Онысына Алла разы болсын! Енді мен ол сөзімді сондай бір ерлік, не болмаса ешкімнің қолынан келмейтін бір керемет демеймін. Азаматтық пікірімді айттым, қазақ ретіндегі борышымды орындадым. Бұл – дамыған, демократиялы елдерде қалыпты жағдай. Оған тіпті таң қалып, ерекшелеудің де реті жоқ. Тек осы бүкіл қазақ құрылтайында Қытайдағы бауырларымыздың басындағы жағдай туралы Елбасыға жеткізу мүмкіндігі туғанына қуанамын. Қазақ мәселесі осы құрылтайда айтылмағанда қашан айтылады? Бұл құрылтайда қазақ халқының ең өзекті деген мәселелері сөз болып, шешім табуы тиіс. Мен сол құрылтайда сөйлеушілер тізімінде де жоқ едім. Сөз тисе айтайын, мемлекет басшылығына жетсе, мәселенің оң шешімін табуға сеп болады дедім. Мүмкіндік туды, айттым. Бұл жерде көрші мемлекетті сынау, мінеу емес мақсат. Мақсат орын алған түсініспеушіліктің түпкі себептерін анықтауға атсалысу, екі жаққа да тиімді тоқтамға келудің жолын іздестіру. Бұл келеңсіздік мемлекеттік деңгейде, мақсатты түрде жасалып отыр деуге келмейді. Бәлкім ұйымдастырушылық жағынан ағаттықтар болған шығар, жекелеген шенеуніктердің шалағайлығынан болар дегендей. Бастысы мәселе жетер жеріне жетті. Енді жағдайды ушықтырмай, нәтижесін күту керек.

 

Ал, сол Қытайдағы қазақтардың жағдайы туралы ең алғаш қалай естідіңіз. Нақты тексерілген ақпарат болды ма өзіңізде?

 

Енді арғы бетте де біраз ағайын бар. Хат алмасып, хабарласып тұрамыз. Солардан жеткен ақпарат қой. Біраз мәселеге қатысты мәлімет жинадым. Қазір соның бәрін асықпай електен өткізіп, сараптау керек деп отырмын. Сондай-ақ, батыстағы адам құқығын қорғау жөніндегі ұйымдарға, танымал құқыққорғаушы азаматтарға жеткіземін деп отырмын.

 

Жалпы қазақ көші, атажұртқа оралған ағайынның хал, ахуалына қатысты сөз қозғала қалған жерде осы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының жұмысына, оның басшылығына қатысты түрлі пікірлер айтылады. Өткен жолы журналистердің осы төңіректе қойған сауалына қауымдастықтың сол кездегі басшысы Т. Мамашев мырза «Басымды қатырмашы» депті. Сонда қазақтың ісіне қауымдастық бас қатырмаса, кім бас қатыруы керек?

 

Енді ол жағын оның өзінен сұраңыздар. Ол сөздер қашан, қандай жағдайда айтылғанын білмеген соң пәлен деп айту қиын. Әрине, Президент пәрменімен құрылған қауымдастық көші-қон, отандастар мәселесінде алдыңғы шепте жүруі керек. Оған кедергі де көріп тұрғам жоқ. Сонымен бірге, қауымдастық қана емес, басқа да мемлекеттік органдар қазақ көшінің қамынан сыртқары қалмауы керек және солай болады деп сенемін. Көш жүре түзеледі деген қазақ. Айналдырған 25 жыл ішінде мемлекеттің іргесін бекітіп, осындай қуатты ел болу – үлкен жетістік. Мысалы Германияның мемлекеттілік тарихы бірнеше жылмен өлшенеді. Сол тұрғыдан алғанда Қазақстанның бүгінгі даму қарқыны көз қуантады. Тәуелсіздіктің басты мақсаты – ұлттық мемлекет қалыптастыру. Сол жолда бәріміз бір адамдай тер төгуіміз керек. Ал, өз басым 80-жылдардан бері Қазақстанға келіп кетіп жүрмін. Содан бері көп өзгеріс болды. Оған бар қазақ шүкіршілік айтуы керек.

 

Ал, енді сол құрылтайдан соң, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Зауытбек Тұрысбеков мырза Сізді қабылдады ма?

 

Құрылтайдан соң Зауытбек Тұрысбеков мырза жеке қабылдау өткізді. Бірақ, ол жерде уақыт тығыз болып, көп мәселені кеңінен талқылай алмадық.

 

Сыртта жүрсеңіздер де елдегі ахуалдан хабардар болып отыратын шығарсыздар?

 

Әрине, қазір интернет заманы. Хабар алу, ақпарат алу жеңілдеді. Әлемнің әр түкпірінде отырсақ та Қазақстандағы, басқа елдердегі қазақтардың жағдайынан хабардармыз. Бұл техникалық мүмкіндіктер елдер арасындағы алыс-беріс, қарым-қатынасқа да, ағайынының араласуына да оң ықпалын тигізуде. Шетелде жүрсек те қазақ елінің болашағына алаңдаймыз, шамамыз келгенінше атажұртқа көмек көрсетуге тырысамыз.

 

Кешегі құрылтайдан соң ел ішінде бұл Өмірхан Алтын деген кім деген сұрақ басты сұрақ болып отыр? «Қамшы» оқырмандарына өзіңіз туралы да айта отырсаңыз.

 

Біздің әкелеріміз Шығыс Қазақстаннан Қытайға өткен екен кезінде. Одан Шығыс Түркістанға біраз тұрақтап, артынан сол Тибет арқылы, Гималай асып Үндістан, Пәкістан арқылы Түркияға жеткен екен. Негізінен Зуқа батырдың ұрпағымыз. Өзім Батыс Германияға жоғары оқу орнына оқуға барғам кезінде. Оқуымды бітіріп Түркияға қайтайын деп отырғанда, Азаттық радиосы жұмысқа шақырды. Ол кезде Азаттық Мюнхенде болатын. 1995 жылдың соңында радио редакциясы Прагаға көшкенге дейін сонда он жылдай қызмет еттім. Радио Прагаға көшкен соң біз онда бармадық. Германияда қалып, жеке кәсіппен айналысып жатырмыз содан бері. Бос уақытта шығармашылықпен айналысып, журналист екенімізді ұмытпай, қолға қалам да аламыз. Еркін журналист ретінде қоғамдық мәселелерге қатысты ойымызды айтып, түрлі мәселелерге орай пікір білдіріп жүреміз.

Сұхбаттасқан: Ерлан Төлеубай

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір