• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 01:30:01
Алматы
+35°

17 Маусым, 2018 Әлеумет

Өмір-ай, надандығыңның шегі бар ма сірә !?

Надандықтың белгісі - өзін-өзі мақтайды Көкірегі соқырға - өмірде таң атпайды

Надандықтың белгісі - өзін-өзі мақтайды

Көкірегі соқырға - өмірде таң атпайды

Халық даналағы

«Атымды адам қойған соң,

Қайтып надан болайын.

Халқым надан болған соң,

Қайда барып оңайын...», - дейді хакім Абай. Данышпанның бұл толғауын бұрында сан айтып, жазып жүрміз-ау, ал бүгінгі күні қайта бір айналып соғуыма мына көрген жағдай себеп болды.

Өте сыйлы бір қария өмірден өтті. Қала сыртындағы қорымға жерлеп қайтқан ағайын мен дос-жаранға әдемі ресторанда түскі ас мезгілінде, мол дастархан жайылды. Бәрі де өзіміз көріп жүрген таныс жағдай. Он кісілік дөңгелек үстелді айнала, сегіз адам отырмыз. Бір-бірімізді жыға танымайтындықтан, үнсіз асымызды ішіп, марқұм туралы достары мен әріптестерінің сөздерін тыңдап отырмыз. Тек бір отбасының адамы секілді бір жұп жас- жұбайлар ғана әлде нені айтып, күлісіп отыр.

Мүмкін ештеңе де жазбайтын едім... кенет, ыстық ас әкелінді. Еттің қойылғаны сол еді, төрде отырған жасы жетпістен асқан, сақыл-шашы ағарған, алайда, тойға келгендей шыттай киініп, шедірейген кебеже қарын кісі орнынын тұрды да,  табақ үстіндегі сүйекті етке пышақты шанши бастады. Еңкейіп алуына қарыны кедіргі болған ол, қырынан тұрып пышағын арлы-берлі сұққылап жүріп, өз тәлеркесіне салды-ау әйтеу. Табақта бірер жапырақ ет пен қамырдан өзге ештеңе қалмады. Мен, үлкен кісі етті турап болған соң ортадағы ыдысқа салар-ау деп ойладым. Жоқ олай болмады, шетінен кертіп жеп отыра берді

 Екінші табақта туралған етпен палау келді. Басқамыз содан тамақтандық.

Бір де қасымдағы бос орынға марқұмның күйеу баласы, менің досым келіп жайғасты. Мен одан, әнеу кісі кім-деп әлгі адамды сұрадым. Ол, бұл лауазымды қызметте болған, облыстың, қаланың депутаты да болған кісі, аты-жөнін жақсы білмеймін,-деді. Міне жетіскен жеріміз-дедім ішімнен. Әбден жіліктің майлы басын жалғыз жеп үйренген жандар. “Ақсұңқар жан-жағына шашып жейді, жапалақ жамбасына басып жейді”-деген сірә осыда. Бір дастархан басында, бір табақтың бетіндегі жалғыз ғана кесек етті бір өзі, бірден иелеп, жұртқа жалғыз түйірін татқызбай жәркемдеуі, ел байлығын, мемлекет мүлкін тонаған шенділердің тойымсыз пиғылдарының шағын ғана көрінісіндей көз алдымнан сырғып өтті.

Көзім еріксіз екі жас жұбайға түсті, түсті де аңтарылып қалды. Олар бағана қолтелефондарын көріп, әлде неге мәз болып отырып еді, енді бірін-бірі жаңа көргендей құшақтасып отыр. Жігіт тіпті, еркін, әйелін құшып-сүйіп қояды. Марқұм туралы айтылып жатқан сөздер мен тілектерге “түкіргені” бар секілді. “Құлақтары керек, көздері соқыр” іспетті, маңайында ешкім жоқтай жайбырахат отыр. Мұнда не үшін, кімге бола келгені белгісіз. Мүмкін, марқұмға түк қатысы жоқ біреу ме? Әйтеу құр құлқын үшін “шақырусыз қонақ” болып, көппен бірге кіріп кеткен? Ондайлар да қазір бар дейді. Ал бұлар ондайларға да келіңкіремейді, тамаққа сараң қол созады. Сонда кім болғаны? Неде болса, жігітке дұрыс отыруды ескертейін деген оймен тамағымды керней бергенім сол еді, кебеже қарын:

- Міне қарындас, менің визиткам, кезінде бастық болған адаммын, бастық болған, ал, қане ал-деп жаңағы келіншекке ұсынды. Келіншек күйеуіне қарады да, еріксіз жымиып күлді де алды. Келіншектен соң қасында отырған екі жігітке ұсынды. Ал басқамызға бермеді.

- Визиткасынан көрі, бір тілім ет бергенде ғой-деп мыңқ етті маған таяу отырған жігіт ағасы. Осы сәт даяшы жігіттер пакеттерін таратып жатты. Кебеже қарын бағанағы сүйекті етті толығымен пакетке тоғытты, тағы бір пакетті алып, өзге дәмдерді толтырып алды. Сендер де алыңдар, үлкен кісінің дастарханы ғой - деп қасындағы жігітке де алдырды. Ол өз қасындағысына алдырды. Пакет бітіп қалып еді, даяшы жігітті шақырып тағы да бірнеше пакетті толтырды. Қасындағы екеуі де алғашында аздап тәтті-кәмпит алып еді, ананың үгіті мен тәлімі өтті ме, олар да “белшеше кірісті”. Жемқорлық деген жұқпалы дерт секілді екен-ау, алдымен аздап, содан соң маздап -деймін ішімнен.       

Ғылым гауһар —
          Бағасы жоқ,
          Надандық кесел —
          Дауасы жоқ.

Сонда деймін-ау, ғылым жоқ жерде, надандық тұрады-деп есептейміз. Ал мұнда отырғандар да білім мен ғылым жоқ деп қалай айтуға болады? Білім болмаса сондай жоғары деңгейлі қызметке қалай жетті? Кәрліктен басқа кеселдің дауасы бар демей ме халық, сонда, надандықты емдеудің шипасы жоқ па? Жоқ та шығар, бар болса, жетпіске келген ақсақал аузы дуалы сөз айтып, дастарханға ізгі ниетін айтып отырмай ма? Сол бір кесек етті жемегенде, аш қалар ма еді? Мұндайда ұлы Абай бүй дейді: Әуелде адам баласы, бір-бірінен ақыл, ғылым, ар, мінез жағынан озады, одан өзгемен озам демектік бәрі - ақымақтық/18 - қара сөз/. түсінікті, ғылымның алдында ақыл тұр. Демек ақылсыз ғылымның пайдасынан залалы басым болуы мүмкін. Ғылымның соңында ар мен мінез орныққан. Ақыл мен ғылымның болуы да жеткіліксіз, ар мен мінез "бауырлары" толық келіп жүректе жайғасса кемелдік деген сол болар. Ал ана екі жас жұбайды айтам, дәннен аздап алғаны болмаса, аналардай пакет толтырмады. Демек қарны тоқ, ұяты аш пенделер болғаны да. Ал кебеже қарының “қос шәкірті” дүниеқоңыз әйелдердей білек сыбанып, үстел үстін “тазалады”. Бәрі де көзге тым сорақы көрініп тұрды...

Абай хакiмнің «Менсiнбеушi ем наданды, өз-өзiмдi бек тұтып» -деп, көпшiлiкке ой тастағаны бар емес пе. Надандықтан сау болу пенделердің пешенесіне жазылмаған құндылық-ау сірә. Бірақ сол надандықтың үлкен, кішілігі, уақытшасы мен мәңгілігі, күштісі мен әлсізі болса керек. Алайда, кішісі үлкенді, уақытшасы мәңгілікті, әлсізі күштісін туындатып, бір-біріне айналып, жалғасып жататын көрінеді. Сондықтан ақылды адам, ұсақ кемшіліктен сақсыну керек, өйткені ол үлкен абройсыздыққа жетелейді. Жаңағы кебеже қарын менің санамда өмір бойы тойымсыз, ашкөздіктің, мақтаншақтықтың, анау ерлі-зайыпты парықсыз, намыссыз жандардың, ал екі еркек сабырсыздықтың, пайдакөстіктің бейнесінде қалды. Мүмкін біздер қайта кездесерміз, кездеспей кетерміз бәрі-бір, сол берген әсерінде, ойнаған “образдарында” менің жадымда жатталып қалды.

Бұл секілді көріністерді сіздерде көріп жүрсіздер. Өзім де бір неше рет куәсі болғанмын. Біреуін айтайын, бір кісінің асында бір топ адаммен бір үстелдің басында жиналдық. Тамақтан соң, шай келердің алдында, үстел үстіне тәтті-дәмді қойылды. Даяшының ұзағаны сол еді, бір қартаң әйел бәрін алды да, көбін өзіне, қалғанын қасындағы 2-3 әйелдің сөмкесіне салып үлгерді. Шәйнегін көтеріп келген даяшы жігіт:

- Сіздерге тәтті-дәмді қойылмаған екен ғой, кешіріңіздер -деді де үстел бетіне тағы да бәрін жайнатты. Сол кезде біреуі сүтсіз шай әкелші дей қалды. Даяшы кеткені сол еді, әлгі қартаң қатын әлгі тәсілімен үстел үстін біршама “тазалап” жіберді. Енді қара шайды әкелген даяшы жігіт бізге бір, үстелге бір қарап, желкесін қасып біраз тұрды. Ешкім де үн жоқ. Түк білмегендей әйелдер әңгімесін айтып жайбырахат отыр. Ал кінәлі баладай төмен қарап мен отырмын. Даяшы біраз тұрды да “мен қазір”-деп көзден ғайып болды. Содан қайтып аяқ баспады. Бәлкім енді бір айналып келсем, өзім де ғайып болып кетермін -деп қорықса керек.

Осы көріністе көпке дейін елес беріп жүрді. Енді ептеп ұмытыла бастағанда кебеже қарынының көрсеткені соны қайта еске түсіріп отыр. Осы жұртқа не жетпейді? Сыйлы дастарханға сыйымен келіп, қадірімен кетсе қандай жарасымды. Ал бұлардікі мынау. Осыдан біраз жыл ілгері Жапонияда алапат су тасқыны болды. Сауда сарайлары мен ресторандар шашылып қалды. Бірақ бір жапон барып көлденең затты қолына алмады. Қайта, ұйымшылыдық көрсетіп, бір-бірін қолдап, қорғай білгенін төрткүл дүние тамсана жазды. Ал біздің кей азаматтар ай мен күннің аманында, түкке тұрғысыз нәрселерге сұқтанып, суық қолдық танытады. Құдай бетін ары қылсын, сондай бір апат келсе, нағыз теңіз қарақшысының өзі болармыз-ау. Адамның сыртқы, материалдық дүниесі бай болуы үшін, алдымен ішкі дүниесі тоқ болуы керек секілді.

Сөз басындағы Хакім Абайдың өлеңінен екі нәрсені түсінеміз. Бірі - адамдық пен надандық екі басқа ұғым. Адам - надан болмауы тиіс. Бірақ, біз екі аяқтының бәрін “адам” санап жүрміз. Енді бірі  - біздің халық надан. Акедемиялық білім алғанымызбен, рухани кедейміз, жұтаңбыз. Сол Абай заманындағы қазақтардан қазіргі қазақтардың артып тұрғыны шамалы тәрізді. Қайда барсақта надандықтың өкпек желі өкпеңе еніп, бораны көзге құм шашады. Интернет бетін ашсаң да, телеарналарды қоссаң да ұялтатын, ашуландыратын, намысыңды таптайтын, кектене күлдіретін, жағаңды ұстап жылататын әр түрлі надандықты көріп келеміз. Айтыла, жазыла, естіле жүріп, надандық пен жамандыққа да етіміз үйір бола бастады ма қайдам, көп нәрсеге селк етпес болып бара жатқандаймыз. Осы ойлармен арпаласып үйге келіп “Қамшы.кз”-ге үңілгенім сол еді, тағы бір сұмдық хабардың үстінен түстім. 2018 жылдың қаңтар-сәуір айларында республикада 37 мың 904 неке қиылған болса, дәл сол мезгіл ішінде 17 мың 971 ажырасу фактісі тіркеліп үлгіріпті. Осыдан екі жыл ілгері жазған "Махаббат дағдарысы"-деген мақаламда көрсетілген деректер бойынша әр үшінші неке баянсыз болғанын айтып едім. Енді міне, әр екінші жұптың шаңырағы шайқалған екен. Бұлай жалғаса берсе "Неке туралы заңның да" қажеті болмас сірә. 18 мыңға жуық отбасы тағдырының артында орташа 50 мың адамның, оның ішінде бейкүнә сәбилердің талқыға түскен тағдыры жатқан жоқ па? Қаншама тірі жесір, тірі жетім? Бұл да бір халқымыздың  үлкен әрі күшті һәм  өмірлік сипатына айналып бара жатқан надандығының бірі емес пе?

Беу өмір-ай,  надандығыңның шегі бар ма сірә !?

Қастер Сарқытқан 

Абай атындағы ҚазҰПУ доценті

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір