• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 04:00:40
+35°

Оғыз Доған Qazkom банкі қызметкерлерінің кешірім сұрағанын күтіп жүр, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Ол әлі банкті сотқа бермеген.

– Бұл – кеше ғана болған оқиға. Қазір біз банктің тұтынушылармен жұмыс істейтін бөліміне хабарласып жатырмыз. Егер олар қазақ халқынан, менен кешірім сұрайтын болса,  әрине, сотқа бермейміз. Air Astana оқиғасында да солай болған. Алайда банк қызметкерлері Air Astana секілді кешірім сұраудан бас тартатын болса, онда сотқа жүгінуге мәжбүр боламыз, – дейді Оғыз Доған.

Ол банктің кешірім сұрауын қанша уақыт күтетінін кесіп айта алмады.

– Мен олармен әлі сөйлеспедім. Телефон соғып шағымданған азаматтарға банк өкілдері: «Бұл іс қаралып жатыр», – деген көрінеді. Бүгін өзім де хабарласамын. Жағдайға қарап, сотқа беру-бермеу туралы шешім шығарамыз. Бірақ олар кешірім сұрайды деп үміттенемін, – деді Оғыз Доған.

Ел арасында Оғыз Доғанға қатысты екі түрлі пікір бар. Басым көпшілік оны тіл күрескері деп құрметтесе, кейбірі оны қазақ тілінің атын жамылып, арзан пиар қуалап жүр деп санайды.

– Мені пиар жасап жүр дейтін адамдардың саны аз. Мен қазақ тілінің маманымын. Менің «Қазақ тілінің грамматикасы» атты еңбегім бар. Ол – қазақ тіл білімі саласындағы Түркияда жарияланған алғашқы һәм жалғыз кітап. Ғылым жолында жүрген біздей адамға пиардың ешқандай қажеті жоқ, - деді Доған.

Қазақ тілінің мәртебесі үшін ширек ғасырдан астам уақыт жұмыс істеп жүргенін айтқан Оғыз Доған бүгінде күрес тәсілін өзгерткенін айтады.

– Мен жаңа технологияны қолданып күресе бастадым. Бар айырмашылық – осы.  Қазір кез келген адамның қолында ұялы телефон бар. Осы мүмкіндікті тіліміздің абыройын қорғау жолында пайдаланып жатырмын. Сіздер де білетін шығарсыздар, қазақ тілі тек менің көзімше ғана емес, басқа да азаматтардың алдында қорланып, тапталып жатыр, – деді ол.

Айта кетейік, Оғыз Доған Қырғызстанда да тіл мәселесін көтерген болатын. Бұл жөнінде ол өз ұстанымын нақты білдірді.

– Бұл ақпарат – рас. Қырғыз тілі де – біздің тіліміз. Қазақ тілі ғана емес, түркі тілдерінің әрқайсысы біздің ана тіліміз деп есептеймін. Түркі тілдерінің қай-қайсысы тапталып жатса да, мен қолымнан келген көмекті аямаймын. Ертең Өзбекстанда да осыған ұқсас жайт болса, Татарстанда татар тілі қорланатын болса, жәрдем жасауға дайынмын, – деді Оғыз Доған.

Түркиялық БАҚ-тарда Оғыз Доғанның студент қызды зорламақ болды деген айыппен жауапқа тартылғаны жарияланған болатын. Сол туралы сұрағымызға:

– Бұл – өтірік, жала. Бұл ақпаратты жариялаған мекемені сотқа бергенбіз. Осы мәселені қозғайтын азаматтарды заңды түрде сотқа беретін боламыз. Бұл туралы басқа айтарым жоқ. Осындай ақпарат тараса да, бұл жалған ақпарат болғаннан кейін қоғамдық мәселеге араласа беремін. Бұған ешқандай кедергі жоқ, – деп жауап берді Оғыз Доған.  

Әсел Болатқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір