• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 06:00:42
Алматы
+35°

13 Қыркүйек, 2017 Мемлекеттік бағдарламалар

Облыстық басылымдардың ғасырлық тойы өтпек

Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің  100 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар өтеді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатырған шаралар нәтижелерін беруде. Бағдарлама аясында қазақ руханияты мен мәдениетінің одан әрі қарыштап дамуына үлес қосатын, тың жобалар мен ірі шаралар ұйымдастырылуда.

Соның бірі 2017 жылдың 14 қыркүйегінде Орал қаласында өтпек. Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің                               100 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар облыс басшылығы,                           ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің  өкілі, республикалық және облыстық баспа басылымдарының бас редакторларының қатысуымен ұйымдастырылады.

Алдымен еліміздің қалалары мен өңірлерінен баспасөз саласын зерттеуге сүбелі үлесін қосып жүрген ғалымдардың қатысуымен дөңгелек үстел отырысы өтеді деп жоспарлануда.

Басқосу барысында баспасөз тарихын зерттеу мәселелері талқыланып, арнайы ашылған «1911kz» сайтының таныстырылымы, сонымен қатар, газеттердің алғашқы жылдары латын қаріпімен басылған жинағының көрмесі өтеді.

Түстен кейін Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында облыстық газеттердің 100 жылдығына арналған салтанатты шара болады. 
Шара барысында қазақтың көрнекті ақыны Қайрат Жұмағалиевтің 80 және облыстық газеттердің 100 жылдығына арналған «Нарын құмын аңсаған Қайрат ақын» атты республикалық жыр мүшәйрасының, газеттердің ғасырлық мерейтойына орай магистранттар мен студенттер арасында жарияланған курстық жұмыстар байқауының қорытындылары шығарылып, жүлдегерлер марапатталды.  

АНЫҚТАМА ҮШІН: 

Облыстық газет 1918-1919 жылдары «Хабар-Известия», 1919 жылы «Дұрыстық жолы», 1920 жылы «Сахара таңы», 1920-1930 жылдары «Қызыл ту», 1931-1957 жылдары «Екпінді құрылыс», 1958-1964 жылдары «Октябрь туы», ал 1964 жылдан «Орал өңірі» деген атпен басылып келеді. 
«Жайық Пресс» ЖШС облыстық газеттердің осы бір ғасырлық шежіресін жинақтап, зерттеуді мақсат еткен болатын. «Қазақстан» мен «Ұран» өз алдына, «Хабар-Известия», «Киргизская правда» - «Қазақ дұрыстығы», «Дұрыстық жолы», «Ұшқын» (республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің бастауы) газеттері де жинақталып, кітап болып жарыққа шықты. 
Сондай-ақ ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай 1991 жылғы 16 желтоқсаннан бастап 2016 жылға дейінгі, яғни ширек ғасырды қамтитын өңірдің хронологиялық шежіресі де жасалып, екі тілде басылып шықты. 
Соңғы бес жыл ішінде облыстағы баспасөз тарихына байланысты он кітап жарық көрген екен, бұл аз табыс емес. Биыл «Қызыл ту» газетіндегі таңдаулы мақалалар іріктеліп, жеке кітап ретінде дайындалды. 
Оған қоса әр жерде жатқан газеттердің 100 жылдық тігінділері жинақталып, электронды нұсқалары жасалды. Қазіргі кезде арнайы бөлме жасақталып, жүз жылдық тігінді қойылды. Соның ішінде латын қарпімен шыққан газет тігінділері де бар. Электронды нұсқалардың жасалуы Қазақстан Президентінің «Цифрлы Қазақстан» жобасымен толық үндеседі. 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір