• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 13:03:59
Алматы
+35°

30 Қыркүйек, 2017 Айтты-ей, бауырың!

Обалы бұның саған-ей, министр бала Сағади...

Ерте өлгің келсе мұғалім бол! Мектептің жұмысына жалдамалы өзбек «әкәләр» да шыдамайтын болар. Сонша қинайтындай, аямайтындай, сонша өш ...

Ерте өлгің келсе мұғалім бол! 

Мектептің жұмысына жалдамалы өзбек «әкәләр» да шыдамайтын болар. Сонша қинайтындай, аямайтындай, сонша өш алатындай мұғалімдер Гитлердің қарындастары ма еді? Мұғалімдердің арасында «келін» дейтіндер жоқ шығар. Себебі, таңның атысы, күннің батысы қағазбен атысып жүретін майдангер келіндер үйіне ауыспайды ғой. Сонда мұғалімдер бала туып қазақ санын көбейтпеу керек пе? Оған кім кедергі дейсіздер ме? Мектептен ауыспайтын мұғалімдердің балаларын кім бағады? Енді қараңыз, өз баласына тәрбие беруге, ата-ене, күйеуін күтуге, үй шаруашылығына уақыты жоқ мұғалім өзгенің балаларына тәрбие бере алады  ма? Әр үйдің еркесі мен ырбық тентегі аз болғандай мұғалім мойнына қосымша бұғау салатындай не көрінді сендерге, Сағадиевшылар? Итке таланып үй аралау, санақ алу, арасында «суботник» деген сылтаумен көше тазалау, т.с.с жұмыстар мұғалімнің мойнында ма? Сонда мұғалімдердің өзіндік жеке өмірлері жоқ па? Қазіргі мұғалімдердің көбі ызақор, ашушаң. Себебі, мектептің саяси бағдарламасында «бала құқығы» деген бап бар. Бұл шетелдік бағдарламаның желісі, соның көшірмесі, тіпті соның нақ өзі. Демек, бұл жерде оқушыға қомпитып дүлей күш беріп қойған. Оқушы мектеп жапқышын кесіп тастаса да, есікті тесіп тастаса да, аяғын мұғалімнің басына қойып қойса да оның құлағын бұрамақ түгілі оған зекуге қақың жоқ! (Ендігі жетпей тұрғаны мұғалім басына оқушының дәрет сындыруы).

Балаға жұдырық емес, қабақ түйген мұғалімдерге жауапкершілік, заң бұзушылық, шара, жаза секілді тоқпақтар көзделген? Енді, көзі ашық көрсоқырлар дайындаған бағдарламада «мұғалім құқығы» деген бап неге жоқ? Оқушыға жел беріп, мұғалімге «тәйт» деген ошақта тәрбие бола ма? Оның үстіне мұғалімнің бәрі түгел әйелдер. Бұл – оқушыны мұғалімнен биік қылу. Ал биік адам өзінен деңгейі төмен адамға бағына ма? Бұның арғы жағы білім ордасынан яғни құлтемір зауытынан «өзім білем» дейтін әпербақан оқушылар шығару. Ал ондай тәрбиесіздердің қоғамды бұзуға үлесі зор. Мұндай азапқа шыдамай қанша дипломы бар білікті мамандар базарда картоп  сатып жүр. Қайтсін енді, бозала таңнан кетіп,  ымыртта үйіне қайтатын мұғалімдерді күйеулері түсінеді, аяйды. Өзі ызадан жарылардай болып мектептен шыққан әйелінің ешкім ұнжырғасын түсіргісі келмейді. Күйеулері балдарын тамақтандырады, киіндіреді, мектепке, балабақшаға тасиды, тамақ жасайды, т.с.с әйелдеріне тән барлық шаруашылықтарды мойындарына іліп алған. Ал үйге келген әйелдері тамақтанып алғаннан кейін түнімен қағаз шығарып,  компьютерде отырады. Күтіп-күтіп сарылған бейшара күйеулері амалсыз ұйқыға кетеді. Бара-бара бұдан жанұя бұзылмай қайтеді? Ығыр болған күйеулері «Біздің ағай тамаша» деген әннің авторына лағынет айтуда.

Мұғалімдер турасында қанша сындар айтылып жатыр, қанша әзіл-қалжыңдар да айтылып жатыр, билік бір шімірікпейді-ау! Бір әзіл-қалжың келтіре кетейін. 
Бір мұғалім мектеп зорлығына шыдай алмай көз жұмыпты. Иә, ол тым жас еді, ерте кетті. Артта шиеттей бала-шаға қалды. Үйіндегілері, ағайын-тума көз жастарын көлдетіп ботадай боздапты. Еңіреген енесі келінін былай деп жоқтапты: 
Мектепке ұстаз болғалы, 
Құлдырап кетті-ау ажарың. 
Кешегі-ау түскен ақ келін, 
Қағаздан болды-ау ажалың! 
Қағаздан өлген жаман-ей, 
Ызам бір күйіп барады-ей! 
Обалы бұның саған-ей, 
Министр бала Сағади. 
Үш тілде жоқтау айтсаңда, 
Көл болып көз жас ағады-ей! 
Бір кезде ауыл ақсақалдары: «Сабыр қалқам сабыр, Алланың ісі енді, қайтерсің», ― деп жатса, өлген келіннің күйеуі: «Ау, ақсақал, ажалынан кетсе бір сәрі, бұның ажалы қағаздан болып тұр ғой, қағаздан. Түнімен қағаз шығарып, шығарған қағаздары дұрыс емес болып шыққан еді, миына қан құйылып «насмерть» кетті ғой», ―  деп, басын шайқап жылайтын көрінеді. 

Өлген адам өлді, тірілер тірлігін жалғастырады ғой. Өлген келінді періштелер қаумалап: «Жастай келген екенсің, жәннатқа барасың ба, жәһәннамға барасың ба?», ―  деп сұраса, келін: «Маған бәрібір, мектепке жібермесеңдер болды», ― депті. Ал өлмей көр, күлмей көр! 

Бір күні директор мұғалімдерді жексенбі күні де жұмысқа шақырыпты. Бір жас мұғалім: «Тфу, демалыс күні де демала алмайтын болдық қой, оданда асылып өлейік те», ― десе, директор: «Әңгімені қой, ақшаңды қысқартам, жұмыстан шығарам, жұмысқа кел, асылсаң мектепке келіп асыл» - депті. Сонда есін жинап алған мұғалім: «Асылатын жіпті де өзіміз ала келейік пе?», ― депті. 

Қорыта келе, мұғалім, мектеп, бағдарламада құпия, саяси, астарлы құйтырқылар жатқан сыңайлы. Әліппе, тарих пәндерін жоқ қылып, үш тілді енгізіп, оны оң солын айыра алмайтын нәрестеден яғни нөльден бастап оқытып, орамалды бастан зорлықпен сыпырып, ұстаздың бәрін әйел адам қылып, оны құлша жегіп, т.с.с ақылға сыймайтын іс жасап отырған ақылгөйлерге енді не айтуға болады? 

 

Тұрар Шапқара 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір