• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 22:58:22
+35°

16 Қаңтар, 2018 Саясат

Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа сапарынан не күтеміз?

Трамп пен Назарбаев бірқатар халықаралық мәселелерді, соның ішінде Қазақстан БҰҰ ҚК Төрағасы ретінде Ауғанстандағы шиеленіскен жағдайды сөз етеді

Қазақстан Президенті 16 қаңтарда Америка Құрама Штаттарына ресми сапармен барды.

Ақорданың мәліметіне сүйенсек, Мемлекет басшысының ресми сапары 3 күнге созылады. Сапар барысында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ  Президенті Дональд Трамппен 16 қаңтарда Ақ үйде кездеседі. Жүздесуде қос президент аймақтық қауіпсіздік пен экономикалық ынтымақтастық бойынша стратегиялық әріптестікті нығайту жолдарын талқылайды.

Трамп пен Назарбаев бірқатар халықаралық мәселелерді, соның ішінде Қазақстан БҰҰ ҚК Төрағасы ретінде Ауғанстандағы шиеленіскен жағдайды сөз етеді.   

Мемлекет басшысының АҚШ-қа сапарын екіге бөліп қарауға болады.

Бірінші бөлігінде Мемлекет басшысы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысына қатысады. Әлемнің әр қиырынан лауазымды тұлғалар келетін Кеңестің кезекті жиынында нақты үш мәселені талқыланады:

− Ядролық қаруды таратпау мәселесі қозғалады;

− Жаппай қырып-жою қаруларын таратпауға арналған жоғары деңгейдегі тақырыптық брифинг өтеді;

− Таяу Шығыс, соның ішінде Палестина мәселесі әңгімеге арқау болады.

Сонымен қатар, Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері Сириядағы жағдайды шешу жолдарын ақылдасады. Айта кетсек, 2017 жылы желтоқсанда Сирия мәселесіне байланысты Астанада кезекті кездесу өткен еді.

Ал ресми сапардың екінші бөлігінде Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Президенті Дональд Трамппен, сонымен бірге АҚШ-тың ресми және іскер топтарының өкілдерімен Ақ үйде жолығады.

Назарбаев пен Трамп кездесуі әлем назарында

Forbes басылымы Назарбаев пен Трамптың Ақ үйде кездесеуі жайында егжей-тегжейлі жазды.

«Назарбаев АҚШ президенті Трамптың жаңа Оңтүстік Азия стратегиясын қолдады. Бұл туралы қыркүйекте Ақ үй хабарлады. Жаңа стратегияның ішінде Ауғанстандағы тәлібтермен күресті күшейту, Ауғанстанға қарсы содырларды өздерінде жасырғаны үшін Пәкістанға санкция енгізу деген тармақтар бар. Трамп пен Назарбаев телефон арқылы сөйлескенде АҚШ президенті Қазақстанның аймақтық және ғаламдық көшбасшылығы, әсіресе, қаңтардағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық ететіні үшін алғысын білдірді», - делінген мақалада.

Шетелдік басылым Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық мәселелерді шешудегі арағайындық рөлін атап өткен.

«Қазақстан ядролық қаруға тыйым салу жөніндегі кампанияны басқарып, Астанада Сирия бойынша бірнеше мәрте бейбіт келіссөз жүргізуге ұйытқы болды. Назарбаев өзіне Орталық Азиядағы делдал ретінде қарағанды қалайды. Бұл тұрғыда ешкім оған бәсекелес бола алмайды», - дейді автор.

Мақала авторы Қазақстандағы саяси тұрақтылықты дәл байқаған.

 «Вашингтонға сапары қарсаңында Назарбаевтың «көңілі күпті емес». Елге Ресейдің баса-көктеп кіру қаупі жоқ. Төңкеріс жоқ. Қытайдың немесе «Шеврон» компаниясының инвестициялары басқа «стандарға» емес, тап осы Қазақстанға құйылып жатыр. Бұл инвестициялар азаматтық шиелініс себебінен Украинаға да бұйырып отырған жоқ», - деп тәмамдайды Forbes.

Айта кетсек, ел Президентінің АҚШ-қа сапары барысында Астана мен Вашингтонның сауда байланысына баса назар аударылмақ. ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кіріс комитетінің ақпараты бойынша, 2017 жылдың 10 айында АҚШ Қазақстанмен сауда байланысында тоғызыншы орында тұр, яғни 2,9 пайыз, ал жалпы  сауда айналымы – 1,4 миллиард доллар.

Бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 4,5 пайызға төмен. АҚШ пен Қазақстан арасындағы сауда-саттық көлемі көңіл көншітерлік деңгейде емес.

Саясаттанушы Расул Жұмалының ойынша, келіссөздер тек күн тәртібінде ресми жарияланған мәселелермен ғана шектелмейді.

– АҚШ – ғаламдық үлкен маңызға ие мемлекет, оның ішінде Қазақстан үшін ең ірі инвесторлардың бірі, алпауыт экономикалық, технологиялық әріптес. Дағдарыс жағдайында Қазақстан  үшін АҚШ-тың қолдауына ие болу өте қажет. Бірақ Трамп администрациясы Американың дамуына қатты мән беріп, активтерді өз еліне қайтаруға баса назар аударып отыр.  Сондықтан аталған кездесуде айтарлықтай нәтижеге қол жеткіземіз деп санамаймын», − дейді саясаттанушы. 

Расул Жұмалы екі ел президенттерінің кездесуі барысында қаралуы мүмкін деген мәселелердің бірқатарын айтып өтті.

– Батыстың қаржы институттарында біздің шамамен 22 миллиард доллар көлемінде қаржымыз бұғаттаулы. Бұл  жекелеген қаржы орталықтарының ғана шешімі емес. Жеке қаржы орталықтары Америка басшылығымен келісіп, соның қолдауына ие болып барып қабылданған шешім. Ал бұғаттауды қайта алып тастату үлкен мәселе болатын түрі бар. Қазақстан тарапынан қандай төлемі  болады, АҚШ тарапынан қандай шарттар қойылады, қандай талаптар болатыны жайында тек жорамалдар жасауға болады. Бұл жабық есік жағдайындағы келіссөз болмақ», − дейді саясаттанушы. 

Ал «Қазақстан» РТРК» АҚ басшысы Ерлан Карин өзінің Telegram каналында «Назарбаев пен Трамптың кездесуі бұқаралық ақпарат құралдарының назарында өтеді» деген пікір білдірді.

– Нұрсұлтан Назарбаев пен Дональд Трамптың кездесуі АҚШ президентінің кезекті жанжалды жағдайы аясында өрбиді. Бірнеше күн бұрын АҚШ президенті мигранттар туралы қатаң мәлімдеме жасаған. Трамптың  мәлімдемесін БҰҰ шенеунігі де нәсілшілдік деп бағалады. Ал қазір барлығы Трамптың келесі мәлімдемесіне елеңдеп отыр. Нұрсұлтан Назарбаев – биыл Трамп Ақ үйде қабылдайтын бірінші шетелдік көшбасшы. Сондықтан Трамптан халықаралық саясат жайындағы пікірін білу үшін бұл кездесуді журналистер асыға күтеді, − деп жазды.

Естеріңізге салсақ, өткен бейсенбіде Дональд Трамп Гаитиден және Африка құрлығынан келген иммигранттарды сынаған болатын. Ол: «Нәжіске батқан елдің адамдарын біз не үшін қабылдауымыз керек?», - деген еді.

Бірқатар заң шығарушы-демократтар президенттің сөзіне наразы болып, оны нәсілшіл деп айыптаған. Ал республикашыл депутаттар президенттің сөзінен көңілдері қалғанын айтқан.

Назарбаев пен Трамптың кездесуінен не күтеміз?

Саясаттанушы Расул Жұмалының пікірінше, Назарбаев пен Трамптың кездесуінде тек экономикалық, қаржылық мәселелер ғана емес, геосаяси түйткілдер де тілге тиек етіледі.

− Батыс пен Ресейдің арасындағы байланыс әңгіме болуы мүмкін. Қазақстан мен Ресей одақтас мемлекеттер болғандықтан өте сезімтал мәселелер қозғалады.

Бұл Президенттің Америкаға бірінші сапары емес. Бұған дейін де бірнеше рет АҚШ-қа ресми сапармен барды. Ал алдыңғы сапарлардың тәжірибесіне үңілсек, бұл сапардан да айтарлықтай нәтиже күтудің қажеті жоқ. Қазақстан басшылығы Американың моральдық қолдауына ие болса да жаман емес, − деп сөзін түйіндеді саясаттанушы.

Айгерім ТАУБАЙ

Aigerim Taubay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір