• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 13:00:26
Алматы
+35°

26 Шілде, 2017 Саясат

Нұрсұлтан Назарбаевтан кейінгі Қазақстан...

«Нұрсұлтан Назарбаев болмаса, Қазақстанның күйі не болмақ? Билікке кім келеді?»

«Нұрсұлтан Назарбаевтан кейінгі Қазақстан қандай болмақ? Билікке кім келеді?»

Дәл осы сұрақ бүгінде көптің алаңдаушылығын тудырған. Қазақстан тәуелсіздік алғалы елді басқарған бір ғана президент болды. Егемендікке қол жеткізгелі Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізген билігінен өзгені көрмеген халық Елбасынан кейінгі Қазақстанның хал-ахуалын әр түрлі болжайды.  

Елбасының халық үшін істеген әрбір ісі қазақ тарихының бетінде мәңгіге қалары сөзсіз. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы ішінде де, шет мемлекеттер арасында да өз беделі мен абыройын қалыптастырған сый-құрметке ие тұлға.

Алайда, мойындау керек бір мәселе бар: бар дүниенің шегі бар, бәрі өлшеулі. Сол секілді адам баласы да. Бүгін болса, ертең жоқ... Десе де,  ол да билігін қазақтың өзге азаматының қолына өткізері хақ. Сол кезде қазақ елін не күтіп тұруы мүмкін? Міне, дәл осы сауал қазақ халқын қызықтырары сөзсіз.

Осыдан бірнеше жыл бұрын шетелдік басылымдар Нұрсұлтан Назарбаевтан кейінгі Қазақстанды өзіндік нұсқаларын, болжамдарын келтіре отырып, жазып көрген. Біріншіден, Қазақстанның солтүстік аймағындағы саяси-этникалық ахуалға мән бере келіп, «биліктен Назарбаев кеткен соң қазақ жеріне Ресей Федерациясы көз тігеді» деген болжам жасайды. Ресейдің емес, Қазақстанның территориясына кірсе де, орыстілділердің көбін ескеріп, радикалды бағыт ұстанған ресейлік саясаткерлердің еліміздің солтүстік аймағын басып алуы мүмкін деген болжам жасады. Сөйтіп, «Қазақстан екінші Украинаға айналуы мүмкін» деді. Шетелдік сарапшылардың пікірінше, Қазақстандағы шетел инвесторлары үшін «ең үлкен саяси қауіп» - биліктің ауысуы екен.

Жалпы алғанда шетел басылымдарының пікіріне сүйенсек, елде басқаруға келмейтін аласапыран басталады немесе «Украина сценариі» орнайды.

Бұл шетелдік сарапшылардың болжамы ғана. Өзбекстандағы жағдайды да сөз еткен олар Ислам Кәрімовтен кейін елдегі билік жүйесі түбегейлі өзгеретіінін әрі қауіпті кезең күтіп тұрғанын жазған. Алайда Мирзиеев басқарып жатқан Өзбекстанда жағдайдың бір қалыпты екенін ескере кеткен жөн.

Ал келесі биліктің төсіндегі Қазақстанның жағдайы қандай болуы мүмкін деген сауалды Qamshy.kz ақпарат агенттігінің журналисі қазақстандық сарапшыларға қойып көрді. Саясаткер Әміржан Қосанов Қазақстандағы жағдайды Украинамен салыстыруға мүлдем келмейтінін айтты.

Саясаткер, Әміржан Қосанов: «Билік ауысуы кезінде елімізден айырылып қалмайық!»

Тәуелсіздік алғалы елімізді бір ғана президент басқарып келеді. Алайда, ештеңе мәңгі емес, адам баласы да... Күндердің бірінде елді басқа президент басқаратын күн туады. Сол кезде не өзгеруі мүмкін?

«Қазіргі президент орнынан кетсе немесе өмірден өтсе, күніміз қараң болады» деген пессимизммен біржолата қоштасуымыз керек! Елбасына дейін де мемлекет басшылары болған, одан кейін де басшылар болады.

Әрине, жеке адамның факторы тағы бар, онсыз болмайды. Сондықтан бас билік ауысқаннан кейін белгілі бір өзгерістер болары сөзсіз. Оны тек Назарбаевтан кейін келген адам ғана емес, сол тұста үстемдік ететін саяси жүйе, мемлекеттің формасы (суперпрезиденттік пе, президенттік-парламенттік пе) анықтары хақ.

Нұрсұлтан Назарбаев қалыптастырған билік жүйесі сақтала ма?

Қазіргідей шектен тыс өкілеттігі бар кез келген басшыны болашақ саяси жүйе көтере алмайды. Билік жүйесінде де өзгерістер болады. Бірақ ол реформа билік тармақтарының өкілеттіктерінің тепе-теңдігін қалпына келтіру бола ма, әлде нақты кландардың мүддесін қорғау жөніндегі жасанды құрылымдар бола ма, уақыт көрсетеді. 

 Елбасының (2030, 2050) жоспарлары орындала ма?

«Құдайды күлдіргің келсе, оған өз жоспарларың туралы айтып бер» деген қанатты сөз бар. Және де оның тек қана тұрмыстық астары емес, тұтас мемлекеттерге де қатыс тәлімі бар. Әрине, Назарбаевтың орнынан дәметкендер оған «Сіздің жоспарларыңыз мүлтіксіз орындалады!» деп уәде берері анық. Бірақ, уақыт бәрін өзі реттейді...

Билік басына кім келуі мүмкін (сіздің болжамыңыз)?

Ол жағын білмедім, өйткені қазіргі жағдайда бәрі де мүмкін. Қазір әртүрлі сарапшылар әртүрлі болжам айтып жатыр ғой. Бас тақтан дәметушілер де жетерлік. Сол үшін тиісті заңдар да аяқ астынан, нақты тұлғалардың қажетіне жаратылып, өзгертіліп жатыр. Мәселен, болашақ президенттің міндетті түрде 5 жыл шенеуніктік қызмет өтімі болу туралы талап пен азаматтардың өз-өзін ұсынуы құқына алып тастау секілді күмәнді түзетулер.

Меніңше, бізде екі сценарий бар.

Бірі – президент көзі тірісінде өзінен кейінгі билік жүйесінің негізін қалап, негізгі тұлғаларды белгілеп, тағайындап кетеді немесе бізде түрікмендік, өзбектік сценарий боп кетуі әбден ықтимал...

Елде азаматтық қоғам қаншалықты пісіп-жетіледі?

Азаматтық  қоғам, сөзсіз, бізде қалыптасып қалған. Оған қазіргі заманның ақпараттық, технологиялық мүмкіндіктері өз әсерін тигізуде. Оның үстіне, билікте алдағы уақытта болатын өзгерістер де әрбір қазақстандық азаматтың саяси белсенділігін арттыратыны түсінікті: бұрын саясатпен мүлдем қызықпайтын адамдардың өзі «ертең кім билікке келеді? Жағдайымыз не болар екен?» деген сауалдар төңірегінде ойланып жатыр.

Бірақ, биліктің қолдан жасаған кедергілерінің кесірінен бізде сол азаматтық қоғамның өркениетті институттары жойылған дерліктей. Балама пікір білдіре алатын партиялар мен тәуелсіз БАҚ жоқтың қасы. Ресми билікке тым жақын квазиазаматтық құрылымдардың бәрі жасанды, олардың ел ішінде беделі жоқ. Мұндай құбыжық аухал мемлекеттің демократиялық дамуына өзінің теріс ықпалын тигізіп жатыр.

Кезінде шетелдік басылымдар Қазақстанды Назарбаевсыз елестетіп көрді де, Украинаның күйін кешуі мүмкін деген болжамға келген. Бірінші кезекте Қазақстандағы тіл мәселесін назарға алған екен. Осыған байланысты пікіріңіз.

Тіл мәселесі Қазақстанда өркениетті түрде шешіліп жатыр деп ойлаймын.

Ал Украина сынды елдердегі революцияларға келсек... Ондай салыстырудың өзі орынсыз! Биліктің ауысуының формалары әртүрлі болады.

Соның ішінде радикалды, бет-жүзге қарамайтын, бәрін де қырып-жоюға шақыратын деструктивті күштер күш алып кетсе, ол анархияға ұласып кетуі әбден мүмкін. Өз басым билік үшін таласқан олигархтар өз мақсатына жету жолында қарапайым халықты пайдаланып кете ме деп те қорқамын! Олар тіпті ұлттық мүдделерді де ағымдағы мәселелерді шешуде тәрк етуі де ғажап емес!

 Сондықтан биліктегі де, оппозициядағы да, осы екеуіне де кірмейтін қоғамдық күштер мен тұлғалар өздерінің тарихи жауапкершілігін сезініп, биліктің ауысуы тұсында Қазақстанның түпкілікті әрі түбегейлі мүдделері төңірегінде (мемлекеттің Тәуелсіздігі, жер аумағының тұтастығы) топтасуы керек деп санаймын!

Саясаттанушы, Айдос Сарым: «Ислам Кәрімовтен кейінгі Өзбекстан қандай болса, Қазақстандағы жағдай дәл сондай болады»

Осы мәселе бойынша саясаткер Айдос Сарымның да пікірін біліп көрдік. Ел азаматы бәрі бәз қалпынша жалғасады деген болжам жасады.

Ислам Кәрімовтен кейінгі Өзбекстан қандай болса, Қазақстандағы жағдай да дәл сондай болмақ. Билікке жаңа келген адам мемлекет басшысының жоспарларын міндетті түрде қайта қарайды.  Қандай сала болмасын, жұмыс жалғасу қажет. Мәселен, жол салыну, ауылдардың бәрін цифрландыру деген сияқты әр түрлі саладағы жұмыстар өзінен-өзі істелуі керек. Кім келсе де мейлі...

Бірақ мәселе жоспардың жақсы жазылғандығында емес, оның жүзеге асқандығында. Элитаның бүгінгі күнмен ғана өмір сүруге тырысатыны, жемқорлыққа, немқұрайлылыққа, ішіп-жеуге жақындығы сынды дүниелер кез келген бағдарламаны, орындалу керек жоспарды жоққа шығарып жатыр.

Саясаткер Назарбаевтан кейін билік басына келетін адамның беделі мен атақ-дәржесінің болмайтынан ескеріп, оның билікті екі жағдайда жүргізуі мүмкін екенін айтады.

Назарбаев әлі күнге дейін елді басқарып отыр. Билігін өзгемен бөлісуге әлі де дайын емес. Өйткені мүмкіндігі барына сенеді. Шамалап қарасақ, Өзбекстандағы жағдай сияқты болуы ықтимал. Одан кейінгі келен адам әділ сайлауда жеңетін әлеуеті бар. Алайда келесі адамның Назарбаевтікіндей атақ-дәрежесі, даңқы, тарихы болмайды. Сондықтан ол амалсыздан «Мен Нұрсұлтан Назарбаевтың әділ шәкіртімін!» деген оймен «Елбасының айтқандарын бұлжытпай орындаймын» деген саясат жүргізуге мәжбүр.

Екінші жолы бар: өзіне жетіспейтін атақ-даңқты күштеу арқылы алуы мүмкін. Бірақ XXI ғасырда диктатура орнаған заманда халықты күшпен билеу аса қиын. Мирзиеев мырза Өзбекстанда өткізіп жатқан саясатты шамалап жас Кәрімов форматына түсіруге тырысатын сияқты. Мен жастаумын, сол кісінің қателіктерін ескердім, сол кісінің айтқандары дұрыс деген ойда болды.

Біздің жағдайда элиталар билікке, таққа ең күшті адам да емес, олардың түсінігіндегі «ең әлсіз», ертең басқаларды жағадан алмайтын, тісін батырмайтын адамды таңдауға тырысады. Әлсіз адамның келсе, елде нақты бағдарлама болмайды.

Қазақстанда азаматтық қоғамның қалыптасу жағдайы қандай болмақ?

Екінші мәселе, басқа президенттің кезінде біздің азаматтық қоғам қаншалықты пісіп-жетіледі? Жаңа басшының ұлт алдындағы атқаруы міндетті істерді жүргізуге, жауапкершілікті алуға қоғамның ішіндегі саяси күштер қаншалықты дайын болады? Біздің елдегі үлкен мәселе – жауапкершілік. Бәріміз сөзбен қатырамыз, бірақ іске келгенде тайып кетеміз, жауапкершілік алудан қашамыз. Жауапкершілікті сезінетін саяси, бизнес элиталар қалыптасса, онда қоғамның бірте-бірте трансформацияға түсуіне мүмкіндік туады.

Әлсіз басшы келсе, елдегі жағдайды көз алдына елестетіп, күрделі кезеңнің де басталып кету мүмкіндігін болжады.

Әлсіз басшының ең жаманы – ештеңе жасамайтындығында, қозғалмайтындығында. Тек қоғамның әрі қарай іріп-шіруіне жол ашады.

Бүгінде Назарбаевтың беделінің арқасында жылы жабылған, айтылмаған дүниелер бар, талқыланбағаны, кейінге қалдырылғаны да жетерлік. Әлсіз басшының тұсында осылардың бәрі ашыла бастайды. Өйткені Назарбаевтың қазіргі билігі, беделі осы сынды мәселелерді жауып тастауға жететін болса, жаңа басшының оған күші жетпеуі мүмкін. Сол кезде күрделі кезеңнің басталып кетуі ықтимал.

Қарапайым адамдардың өмірінде өзгеріс болады деп ойламаймын. Сталин де өлді, Брежнев те өлді... Басшы өлгеннен кейін халқы онымен бірге өлмейді.

Алайда халықта үрей болатыны да анық. Мәселен Өзбекстан бізден артық-кемшілігі жоқ ел. Шамамен тілі, ділі, діні, тарихы ұқсас халық, мемлекет. Ол жақта да еңіреп жылағандар, қиналғандар болды. Мінекей, бір жылға таяп қалды, сол арада ескерткіштерін орнатып, музейлерін ашып, тіршіліктерін жалғасып жатыр. Жолдар салынады, дүкендер ашылады, ұшақтар ұшады – мұның бәрі өмірдің өзіндік диалектикалық заңы.

Нұрсұлтан Назарбаевтан кейін президенттікке кім келуі мүмкін?

Бір ғана жауап айтамын: Назарбаевтың қай күні кететінін білсеңіздер, маған айтыңыздар. Сол кезде үкімет басшысы кім, президент аппаратының жетекшісі кім, мәжіліс, сенат төрағалары кім, президенттің айналасын кімдер қалыптастырып жүрді деген тізімді қараймын да, ойланып, саралап, өз жауабымды айтармын. Ал әзірге қандай да бір болжам жасауға ерте. 

Қамшыгер: Гүлім Жақан

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір