• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 22:54:18
Алматы
+35°

23 Сәуір, 2018 Саясат

«Нұр Отанның» бастамасымен елімізде жылына 150 мың бала ІТ саласы бойынша білім алатын болды

Ағылшын тілін еркін меңгерген 500 қазақстандық және шетелдік жас ерікті ауылдық мектептерге жіберіліп, клубтарда жергілікті жастарға тіл үйретеді

«Нұр Отан» партиясы жаңғыру аясында еліміз бойынша 1000 ІТ-сынып ашып, онда жылына 150 мың баланы оқытуды қолға алды. Одан бөлек, партияның бастамасымен 20 ІТ-орталық ашылып, жылына 35 мың қазақстандық осы сала бойынша арнайы білім алмақ. Бұл жөнінде «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев өзінің FACEBOOK әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында жариялады.

Айта кетейік, бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында «Нұр Отан» партиясының жаңа жобалары көпшілікке таныстырылды. Іс-шараға Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев пен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма төрағасы Аблай Мырзахметов те қатысты. Себебі, аталған партиялық жобалар Үкімет және бизнес қауымдастықпен бірлесіп жүзеге асырылмақ.

Аталған ІТ-сыныптарда 8-16 жас аралығындағы балалар бағдарламалау және робот техникасының негіздері жайында Еуропалық білім беру стандарты негізінде тереңдетілген білім алады. Бұл бастама мектептерге факультативті пән ретінде енгізіліп, үш айлық және алты айлық курс ретінде жүргізіледі.

Ал ІТ-мамандар даярлау бастамасы бойынша елімізде жұмыс беруші ІТ-компаниялар мен ірі жоғары оқу орындарының базасында 20 ІТ-орталық ашылып, жылына 35 мың адам білім алмақ. Осылайша «Нұр Отан» партиясы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп қазақстандықтардың цифрлық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың әлемдік ірі жобаларға қатысатын бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына жағдай жасамақ.

Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында «Нұр Отан» партиясы кәсіпкерлерге арналған Бірыңғай геоақпараттық онлайн қызмет ұсынатын портал құруды жоспарлап отыр. Оның басты мақсаты – бизнес саласындағы мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіру, дамыған елдердің ең үздік үлгілерін енгізу және бизнестегі шығындарды азайту. Нәтижесінде кәсіпкерлердің еліміз бойынша коммерциялық мақсаттағы жер телімдері мен аукциондар туралы толық мәлімет алуына, бизнес жүргізудің бірыңғай стандартын енгізуге және электронды үкімет жұмысын жандандыруға мүмкіндік туады.

Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы өңірлерде мемлекет пен бизнестің әлеуметтік саладағы ынтымақтастығын одан әрі арттыруға арналған бірнеше жобаны қолға алып отыр. Сол арқылы мектеп асханаларының жұмысын жаңғыртып, спорт алаңдарын қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмек. Одан бөлек, арнайы WEB-сайт арқылы бастауыш сынып оқушыларына арналған денсаулық сабағы оқытылады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша да партия бірқатар басым бағыттарды қолға алды. Бұл ретте ауылдық жерлерде ағылшын тілін үйренуге қолайлы орта қалыптастыруға және елімізде еріктілер қозғалысын дамытуға басымдық беріліп отыр. Соған байланысты ағылшын тілін еркін меңгерген 500 қазақстандық және шетелдік жас ерікті ауылдық мектептерге жіберіліп, олар арнайы құрылған клубтарда жергілікті жастарға тіл үйрететін болады.

Партияның бастамасымен отандық кітапханаларды заманауи білім орталықтары ретінде қайта құрып, олардың жұмысын жандандыру ісі де қолға алынбақ. Соның нәтижесінде бірыңғай онлайн кітапхана жүйесі қалыптасып, еліміздегі барлық кітап қоры электронды форматқа көшіріледі.

– Қазір бүкіл әлем қарқынды дамып қана қоймай, жедел өзгерістерге ұшырауда. Сондықтан біз де бүгінгі заман талаптарына сай бейімделуіміз керек. Осы мақсатта «Нұр Отан» партиясы нақты жобаларды қолға алып, жұмысты бастап кетті. Бұл жобалардың жүзеге асыру мүмкіндіктері жан-жақты сарапталып, тиімді тетіктері алдын ала мұқият зерттелді. Партия осындай нақты жобалар арқылы Елбасы айқындап берген мақсат-міндеттерді табысты жүзеге асырып, стратегиялық бастамаларға белсене қатысатын болады, – деді Мәулен Әшімбаев.

Брифинг барысында вице-премьер Асқар Жұмағалиев пен «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы Аблай Мырзахметов те аталған жобалардың маңыздылығына назар аударып, оларды жүзеге асыру үшін Үкімет және бизнес-қауымдастық тарапынан қажетті барлық жағдай жасалатынын жеткізді.

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір