• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 07:34:28
Алматы
+35°

12 Желтоқсан, 2012 Саясат

«Нұр» кемесі немесе қазақ "ақырзаманнан" алаңдамасын

"Біздің қазақ «ақырзаман» деп алаңдамаса да болады".

 

"Біздің қазақ «ақырзаман» деп алаңдамаса да болады".

Көрші қария мені осылай деп жұбатты.  Жарықтық, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлына құлай берілген. Шын сенеді, шын қадірлейді. Кейде ойлайсың, мына қазақтың бәрі осы қариядай болса, Нұрекең мүмкін қазақтың айын оңынан, күнін солынан туғызар ма еді?! Қарт айтады: «Егер ақырзаман болып жатса, басқа жұртты білмеймін біздің Елбасы ешқашан қазақ елін топан судың астында қалдырмайды. Тым құрыса үлкен кеме жасатып, Алаштың ұрпағын аман сақтап қалады». Дұрыс-ақ!

 

Мүмкін бұл кеме «Нұр кемесі» деп аталатын болар, мүмкін ол Қазығұрттың басында қалқайып тұрып, қазағын аман сақтап қалар. Әй, бірақ Елбасына оңай тимейді-ау! 130 ұлттан ер-әйелін жұптап, екі адамнан алатын болса, 260 адам. Бұл енді кемеге ауырлық әкелетіні сөзсіз. Неде болса өз қазағымнан алайын деп Ақорданың төрінен Алаш баласына көз қырын салатын шығар. Сондада қиын...

«Ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз. 14 облыс.  Орыстілді қазақ, қазақтілді қазақ. Бай қазақ, кедей қазақ. Оралман қазақ, жергілікті қазақ. Оралманның ішінде Қытайдан келгенін аламын ба, Моңғолиядан келгенін аламын ба, жоқ, әлде Өзбекстаннан келгендерін, әлде Түркменстан, әлде Ресей... Қайсысы дұрыс?

Мұсылман қазақты аламын ба, кәпір қазақты ма? Кәпірден алсам, христианы дұрыс па, әлде, кришнайттер дұрыс па? Қайсысын алғаным дұрыс? Неде болса мұсылманы дұрыс-ау! О дүниеге барғанда Алла Тағаланың алдында бетіміз жарық болатын шығар... Ал онда мұсылман қазақтың ішінен кімді аламын? Уахаббист пе, Құраниттер ме, Сопылар ма? Бұлардың қайсысы Исламды таза ұстанып жүр екен, ә...»

Бұл сұрақтардың өзі көзі ашық, көкірегі ояу адамға «ақырзаманнан» кем соқпайтын сұрақтар.

Елбасына қиын болды-ау! «Нұр кемесін» жасатпауға тағы болмайды. Шерағаңның, Шерхан Мұртазаның: «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев адамзатты топан судан аман алып шыққан Нұх пайғамбарға ұқсап, Қазақстанды сонау 90-жылдары Тәуелсiздiк жолында басталған күресте аман алып шығып, ел қылды...» деген сөзі бар.   «...Мен Нұрсұлтанды өзiм азамат тарихындағы ең ұлы адам деп бағалайтын Мұсылман жұртының ардақты перзентi Мұхаммед пайғамбарға ұқсатамын" деді емес пе Фариза Оңғарсынова.

Қайтпек керек? Кедендік одақтас Ресейдің өзі «Нұр кемесін» жасатуға ағаш беруден бас тартуы да мүмкін. Қазақ құтқарылып кетсе қиын ғой... Әлде, Белоруссия мен Ресеймен бірігіп жасаймыз ба? Жо, жоқ. Олар дер шағында Алашты айдалада қалдыруы ғажап емес.

Елбасы болуда қиын екен ғой... Әйтеуір жоғарыдағы абыз қария айтқандай, біздің қазақ «ақырзаман» деп алаңдамаса да болады екен. Қайткен күндеде «Нұр кемесі» қазақтың жерінде жасалатын шығар...

Хазірет Әбділда

Сурет ғаламтордан алынды

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір