• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

16 Сәуір, 11:37:45
Алматы
+35°

13 Қазан, 2017 NEWS

Министр Торғай жері жайында: Жер уақытша пайдаланылатынын түсінуіміз керек

«Тек зымыранды ұшыру кезінде жер телімі қысқа мерзімге 1-2 тәулікке ғана пайдалануға беріледі» - дейді Бейбіт Атамқұлов

Бірнеше күн бұрын әлеуметтік желілерде және отандық БАҚ-та Торғай жерінің 76 мың гектары ресейліктерге ракета қалдықтарын төгуге берілетіндігі жайлы ақпарат тараған болатын. Бұл мәліметтің рас-өтірігін анықтау мақсатында Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Бәкірұлына сауалдар жолдап, мәселенің анық-қанығына көз жеткізуге тырысты.

Бейбіт Атамқұлов

Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің жауабы төмендегідей.

– Торғай қаласында 78 мың гектар жер ресейліктерге ракета қалдықтарын төгуге беріледі деген ақпарат қаншалықты рас?

– Ең алдымен жер тек уақытша пайдаланылатынын түсінуіміз керек. Ол ешкімнің меншігіне өтпейді, жалға да берілмейді. Яғни, ешкімнің толықтай пайдалану құқығы жоқ. Жангелді ауданының белгілі бір бөлігі бүкіл зымыранның құлау ауданы ретінде емес, «Союз-2» зымыран-тасығыштың алғашқы сатысының бүйірлік блоктарының құлау ауданы ретінде ғана пайдаланылатынын айта кету керек. Және 78 мың гектар емес, 76 мың гектар жерді ұшыру кезінде ғана пайдалану қарастырылуда. Одан кейін ол жер бөлігін халық өз қажеттіліктері үшін пайдаланады.

Қазақстан Республикасы аумағында жаңа құлау ауданын ашу мәселесін қарастыру рәсіміне келетін болсақ, соңғы шешім қабылдағанға дейін жаңа құлау ауданын ашу мәселесі мамандармен көптеген критерийлер (техникалық, экологиялық, құқықтық және т.б.) бойынша жан-жақты қарастырылады, мүмкін болатын барлық нұсқалар есептеліп, жоспарланатын қызметінің аймаққа әсер ету дәрежесі болжамдалады.

Негізгі бағалау критерийлерінің бірі – экологиялық қауіпсіздік. Бұл мақсатта эколог мамандармен Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес қоршаған ортаға әсерді бағалау құрастырылады. Бұдан соң қоршаған ортаға әсерді бағалау материалдары көрсетіледі және мүдделі қоғамдастықпен талқыланады, кейін олар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік экологиялық сараптамасына жіберіледі.

Бүгінгі күні Жангелді ауданында жаңа құлау ауданын (ҚА 120А) ашу мүмкіндігін қарастыру бойынша жүргізіліп жатқан іс-шаралар жоғарыда көрсетілген тәртіпке сәйкес жүзеге асырылуда. Бұл бағытта түрлі мемлекеттік органдар мен жергілікті басқару орагандары мамандарының қатысуымен бірталай жұмыс атқарылды.

Торғай даласы

– Бұл ақпарат рас болған жағдайда Елбасының жер мәселесіне қатысты жариялаған мараторийіне қатысты не айтасыз? Бұл заң бұзушылық болып кетпей ме?

– Жоғарыда айтып өткенімдей, бұл ешқандай жалға беруді және жерді беруді білдірмейді. Тек зымыранды ұшыру кезінде жер телімі қысқа мерзімге 1-2 тәулікке ғана пайдалануға беріледі. Адамдардың қауіпсіздігін сақтау үшін зымыранды ұшыру кезінде ғана құлау аймағы 1-2 күнге жабылады. Қалған барлық уақытта ол жер бос болады. Яғни, еркін қатынай беруге және ел игілі үшін пайдалана беруге болады.

Тиісті Үкіметаралық келісім жобасын қоса алғанда ол жер сервитут шарты бойынша «Бәйтерек» бірлескен кәсіпорнына құлау аймағы ретінде тек уақытша пайдаланылатынын тағы бір айта кеткім келеді.

– Егер ресейліктерге ракета қалдықтарын төгуге 76 мың гектар жерді жалға беру мәселесі қарастырылса, халықтың пікірімен санасады ма?

– Әрине, санасады. Бірақ, бұл жер беруді де, жалға беруді де білдірмейтінін қайталап айтамын. Тек уақытша пайдаланылады. Ал, құлау аймағын уақытша пайдалану туралы түсіндіру және ақпараттандыру жұмыстары осы жылдың көктемінен басталып, жергілікті тұрғындармен көптеген кездесулер ұйымдастырылды.

Мәселен, ағымдағы жылдың 22-мамырында «Бәйтерек» бірлескен кәсіпорны өкілдері Ақкөл ауылы мен Қарасу ауылының тұрғындарымен кездесу өткізді. Ақкөлдегі мектептің акт залында өткен жиынға 50-60 адам, ал Қарасудағы клубта өткен кездесуге 30-40 адам қатысып, өздерінің ойларын жеткізді. Сұрақтар қойылып, пікір алмасылды. Қойылған сұрақтарға толықтай жауап берілді.

Және мамыр-маусым айларында «Қостанай таңы», «Біздің Торғай» сияқты жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында да ақпараттық жарияланымдар жарық көрді.

«Бәйтерек» бірлескен кәсіпорынының ресми сайтында (www.bayterek.kz) жүргізілген жұмыстар туралы ашық ақпарат жарияланып, фото-видео есептер де қойылды және осы сайттан ақпараттық мәліметтерді де табуға болады.

Ал, 8-тамыз күні Қостанай қаласында Қазғарыш мамандары мен Қостанай облысы әкімдігінің қатысуымен жиын өтті.

Осындай ақпараттық-түсіндіру жұмыстары көптеп ұйымдастырылды. Оның бәрін тізбелей берудің қажеті жоқ шығар. Ең бастысы – жергілікті тұрғындардың түсіне білуі.

Күні кеше ғана, яғни 6-қазанда Қостанай облысы, Жангелді ауданы, Торғай ауылында қоғамдық тыңдалым өтіп, тұрғындармен пікір алмасылды. Барлық ұсыныс-пікірлер ескеріліп, Хаттама толтырылды.

 Жер телімін уақытша пайдалануға беру механизмі алдын-ала дайындалып, Қостанай облысы және Жангелді ауданы әкімдігімен келісілді. Нәтижесінде өзара түсіністік пен уағдаластыққа қол жеткізілгенін де айта кеткім келеді.

Қазіргі таңда «Ғарыш-Экология» ҒЗО» ЖШС экология және ғарыш қызметін бақылау саласында мамандандырылған ұйымы Биотүрлілікті сақтау қазақстандық ассоциациясымен бірлесіп жасаған қоршаған ортаға әсерді бағалауы 6-қазанда өткен қоғамдық тыңдалым Хаттамасымен бірге экологиялық сараптамадан өткізу үшін мүдделі орталық мемлекеттік орган – ҚР Энергетика министрлігіне жіберілуге дайындалуда.

– Торғай жеріне төгілетін ракета қалдықтары қаншалықты зиян?

– «Союз-2» зымыран-тасығышы – бұл отынның уыты жоқ бөлігі үшін жұмыс істейтін және халықаралық уәкілетті ұйымдардың барлық экологиялық стандарттарына сай келетін өте сенімді зымыран.

Оның негізгі отыны сұйық кислород пен керосин, гептил туралы ешқандай сөз жоқ. «Союз-2» зымыран-тасығышы экологиялық таза отын (кислород пен керосин) арқылы жұмыс істегендіктен оның қоршаған ортаға тигізер кері әсері өте төмен, тіпті жоқ десе де болады. Бұған өткізілген экологиялық сараптама нәтижесі дәлел бола алады.

«Союз-2» зымыран-тасығышының алғашқы сатысының құрамында жоғары уытты және радиоактивті заттар мен сәулемен иондау жоқ.

Зымыранның осы түрін ұшырудың сан жылдық тәжірибесі көрсеткендей оның сенімділігі жоғары және анологті түрлендіру халықаралық ғарыш станциясына ғарышкерлерді жеткізу үшін қолданылады.

Осы жерде бір ғана мысал келтіре кетсем деймін. Кез-келген ірі қалада 1 күнде  15 мың автокөліктен бөлінетін зиянды газдың көлемі зымыран-тасығыштан бөлінетін қалдықтың 1 жылғы көрсеткішіне тең.  Сондықтан «Союз-2» зымыран-тасығышынан келетін зиян минималды деп айтуға болады. 

Назерке Лабихан

Nazerke Labihan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір