• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 13:01:01
Алматы
+35°

10 Сәуір, 2018 Әлеумет

Ми батпақтан көз ашпаған Алматы іргесіндегі Қызылқайрат ауылы (фото)

«Алып шаһар Алматының іргесінде орналасқанымен, аудан әкімдігі көз қырын да салмайды», - деген ауыл тұрғындары қапалы.

Талғар ауданындағы Қызылқайрат ауылының тұрғындары 10 жылдан бері ми батпақтан көз ашпай отыр. Қыстың суығы қайтып, көктемнің келгеніне ауыл тұрғындары қуанбайды. Себебі қар еріп, лай басқан көшелер халықты әбден мезі еткен. Ашынған жұрт Qamshy.kz ақпарат агенттігінің поштасына хат жолдап, көмек сұрапты.

Қызылқайрат ауылының маңындағы небәрі алты көшеден тұратын ауданды он жылдан бері халық «Келешек ауылы» деп атап кеткен. Алты көшенің біреуіне ғана асфальт төселіпті. Оның өзін басқа көшелердің балшығын басқан адамдар мен көліктер ары-бері жүрген сайын ластап кетеді.

Қызылқайрат ауылы

«Алып шаһар Алматының іргесінде орналасқанымен, аудан әкімдігі көз қырын да салмайды», - деген ауыл тұрғындары қапалы. Тұрғындар көшедегі шұңқырды өздері жамап, таспен тегістеп тұрады. Алайда жаңбыр жауған сайын беті лайланып, қайтадан батпаққа айналады.

«Көшеде адам түгіл көлік жүре алмайды. Жыл сайынғы есептік кездесулерде талқылайтын мәселеміз – осы. «Әне саламыз, міне саламыз» деген әкімнің сөзіне сенбейтін болдық. Ендігі үміт өздеріңізде!», - деп жазыпты ауыл тұрғындарының бірі.

Қызылқайрат ауылы

Алматы маңындағы ауылдардың мәселесі қашан шешіледі?

Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Алатау ауылдық округінің әкімі Қуатбек Смағұловпен сөйлесті. Әкімнің айтуынша, осы уақытқа дейін су құбыры жүргізілгендіктен, асфальт салу келесі кезекке жоспарланған. Ал халық бекер даурығып отыр.

«2016 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 517 млн теңге бөлінді. Ол қаражат былтыр қарашада бітті. Ол ақшаға ауылдың ішінде біз су құбырын жүргіздік. Былтырдан бері ауыл тұрғындары алғысын айтып, таза cу ішіп отыр.  Бұрындары халық таудың басындағы суды бұрып әкеліп ішетін. Қазір, Құдайға шүкір, судан тапшылық көріп отырған жоқ. 2016-2017 жылдары басталған жұмыс барысында көшенің бәрін қопарып, су құбырын жүргіздік», - деді әкім.

Смағұловтың сөзінше, ауылды дамыту, көркейту бойынша жоспар көп.

«Үкіметтен ақша сұраттық, өтініш жаздық Енді тек жауап күтіп отырмыз. Қазір газ тартылып жатыр. Бәрі біткен соң ендігі жоспарымыз асфальт болмақ. Бір ауылдың ішінде 80-90 көше бар, биыл Қызылқайраттың сегіз көшесіне, одан өзге де ауылдарда 2-3 көшеге асфальт салу жоспары тұр. Өтінішімізге жауап келсе, 2019 жылы бастап кетеміз. Жалпы, жобамыз дайын, жоспарымыз жақсы», - деді әкім.

Қызылқайрат ауылы

Қуатбек Смағұлов халықтан сәл шыдауын өтінді. Себебі су тартылмай жатып көшеге асфальт салынса, су құбырын тарту үшін көшені қайта қопаруға тура келеді. Ал бұл халық үшін де, үкімет үшін де тиімсіз. Оның үстіне, Алатау ауылдық округіне бір ғана Қызылқайрат емес, 10 ауыл қарайды. Әкімнің айтуынша, бәрінің жағдайын жасау үшін де уақыт керек. Ол алдағы бес жыл көлемінде бар мәселе оңынан шешіледі деп сендірді.

Айта кетейік, Елбасы шағын және орта бизнес үшін несие көлемін 20 миллиард теңгеге арттыру туралы  бастама көтерген. Басты межеде ауыл шаруашылығын дамыту мәселесі тұр. Осы ретте Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, ұлттық экономика, ауыл шаруашылығы, қаржы министрліктеріне және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына: бірінші, ағымдағы жылға республикалық бюджетті нақтылау кезінде қосымша 20 миллиард теңге бөлуді ескеруді; екінші, әсіресе, ауылдық жерлерде шағын несие беру үшін қаражатты одан әрі бөлу бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырған.

Яғни ауылды көркейтуге билік баса назар аударды. Бұл бастамадан нәтиже шықса, халық жұмыс іздеп қалаға сабылмай, гүлденген ауылда шаруасын дөңгелетіп отырар ма еді?!

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір