• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 19:02:07
Алматы
+35°

19 Қаңтар, 2018 Саясат

«Мусин мен Әбіқаев құйрықтарына қоңырау байлап жібермегеніне тәуба десін»

Ұзақ жылдар бойы Қазақстанда лауазымды қызметтер атқарған шенеуніктердің аты қазір көп аталмайды

Саясат сахнасында көрінбей кеткен тұлғалар туралы айтқанда Аслан Мусин мен Нұртай Әбіқаев ойға оралады. Ұзақ жылдар бойы Қазақстанда лауазымды қызметтер атқарған шенеуніктердің аты қазір көп аталмайды.

Жақында Аслан Мусиннің ұлы шетелде көз жұмғанда БАҚ беттерінде бұрынғы президент аппараты басшысының есімі қайта атала бастады.

Естеріңізге сала кетейік, 24 желтоқсанда 38 жастағы Асылбек Мусин Рига қаласында ғимараттың 15-қабатынан құлап қайтыс болды. Аслан Мусиннің ұлы өзіне қол жұмсады деген болжам бар.

Осы қайғыла оқиғаға дейін Аслан Мусин төңірегіндегі дабыра біраз бәсеңдеп қалған еді. Былтыр зейнет жасына жеткен шенеунікті Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға жіберген.

Аслан Мусин

Өкілеттілігі тоқтағаннан кейін Аслан Мусинді белсенді қызметте көрмедік. Ол қазір шетелде тұрады деген ақпарат бар. Кейбір сарапшылар Мусиннің шетелге кеткені оның өзі үшін тиімді екенін айтады. Бейресми деректерге сүйенсек, ол бала-шағасымен Германияда тұрады екен. Саясаткер Әміржан Қосановтың пікірінше, Аслан Мусин саясат сахнасынан кетсе де, Назарбаев оны кез келген уақытта билікке қайта шақыруы мүмкін.

– Бізде кез келген шенеуніктің тағдыры Елбасының құзырында, ол қалай шешеді – солай болады. Оған еш таң қалуға болмайды, - дейді Әміржан Қосанов.

Нұрсұлтан Назарбаев алпысты алқымдаған Аслан Мусинді қызметінен босатқанда одан саяси астар іздегендер болды. Дегенмен көбі бұл жаңалықты оң өзгеріске балады. Себебі ұрпақтар сабастығы, буын алмасу секілді үрдістер сақталғанына риза болды. Кез келген салада зейнет жасындағы азаматтардың жастарға орын босатқаны – құптарлық әрекет.

Зейнет жасындағы шенеуніктер қызметін жалғастыра берсе, бұл – халықтың қалтасын қағып, қазынаны ысырап ету. Себебі мемлекет қызметтегі зейнеткерлерге екі есе шығындалады. Оған зейнетақы төлейді – бір, жалақы төлейді – екі. Шенеуніктердің жалақысы орташа жалақыдан әлдеқайда жоғары екенін де ескеру керек.

Буын алмасудың жаңашылдық пен жаңа көзқарасты қалыптастыру жолында маңызы зор. Себебі жастар жұмысқа тың идеямен келеді. Сәйкесінше, қазіргі заман талабына сай қолайлы жағдай жасап, оң өзгерістер енгізуге қауқарлы. Осы орайда Аслан Мусиннің мемлекеттік қызметтен кетуі – құп алатын жағдай.

Айта кетейік, Аслан Мусин 2008-2012 жылдары президент аппаратын басқарды. Атырау облысының әкімі болды. ҚР экономика және бюджетті жоспарлау министрі қызметін атқарды. Есеп комитетінің төрағасы, Қазақстанның Хорватиядағы елшісі болды.

Нүртай Әбіқаев

2017 жылы біраз шенеунік өкілеттілігін тоқтатқан еді. Соның бірі – Нұртай Әбіқаев. Кезінде «Сұр кардинал» атанған сұсты тұлға Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді серігі ретінде есте қалды.

Саясаттанушы Сейдахмет Құттықадам Нұртай Әбіқаевты президенттің барлық құпиясын білетін адам деп сипаттайды. Екеуінің бір рудан, бір отбасынан шыққанын меңзейді.

Қоғам белсенділерінің бірсыпырасы Нұртай Әбіқаевтың 70 жасында саяси аренадан кетуін қалыпты құбылыс ретінде қабылдады. Алайда шенеуніктің биліктен шеттетілуін элиталар қақтығысының салдары дегендер де табылды.

Нұртай Әбіқаевтың отбасы шетелде тұрады деген ақпарат бар. Бұрынғы шенеуніктің өзі де жақындарының жанында болуы ықтимал.

Былтыр Нұрсұлтан Назарбаев сол кездегі Сенат депутаты Нұртай Әбіқаевты қабылдағанда көпшілік оны жақсылықтың нышаны деп ойлады. Нұртай Әбіқаев жаңадан жоғары лауазымға тағайындалуы мүмкін деп топшылады. Алайда көп уақыт өтпей Әбіқаев зейнет жасына жетуіне байланысты қызметінен босатылды.

Әміржан Қосанов зейнетке шығудың өзінде кландық-саяси астар бар екенін айтады.

– Әбіқаев пен Мусиннің, әрине, орны бөлек, өйткені олар Елбасының ең жақын серіктестері болды. Биліктің ішінде не болып, не қойып жатқанын жақсы біледі, талай құпияға куә болған. Бұлар саяси аренадан кетсе, оның есесіне олардың талай құрдасы әлі де мемлекеттік, басшылық қызметтерде жүр. Мусин мен Әбіқаев құйрықтарына қоңырау байлап жібермегеніне тәуба десін, тып-тыныш кетпей, істі болып кетулері де мүмкін еді, - деді Әміржан Қосанов.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір