• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 21:41:42
Алматы
+35°

10 Қаңтар, 2018 Аймақтар

Мұхтар Құл-Мұхаммед Алматы облысында бірқатар кәсіпорын жұмысымен танысты

Қазір біз тұрған бір ғана индустриалды аймақта 17 жаңа кәсіпорын іске қосылды.

Бүгін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Алматы облысына келді деп жазады Qamshy.kz. Мұхтар Құл-Мұхаммед Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында айтылған басымдықтарды жүзеге асыруға бағытталған кәсіпорындардың жұмысымен танысты.

Мемлекет басшысы айқындап берген жаңа міндеттерге толық сай келетін өңірдегі бірден бір кәсіпорын – «Алматы-Стекло» ЖШС. Себебі, мұндағы қондырғылардың Қазақстан бойынша баламасы жоқ. Кәсіпорында бес бірдей технологиялық машина желісі жұмыс істейді. Соның нәтижесінде банкі, құты сияқты әйнек ыдыстардың кез келген түрін дайындауға мүмкіндік бар. Тіпті зауыттың жекелей тапсырыстар бойынша да өнім өндіруге толық қауқары бар. Бұл жерде жылына 120 миллионға дейін шыны құтылар мен банкілер шығарылады. Кәсіпорын басшыларының айтуынша, бұл жердегі өнімдер сапасы жағынан әлемдік эталондарға толығымен сай келеді.

Серіктестіктің еңбек ұжымымен кездескен Мұхтар Құл-Мұхаммед Елбасымыз өзінің жаңа Жолдауында айтқан Төртінші өнеркәсіптік революция дәуірі өндіріс орындарынан соңғы үлгідегі технологияларды кеңінен енгізуді талап ететініне назар аударды. Бұл – жаһан көшінен қалмай, әлемдік өзгерістермен қатар дамуға үлкен септігін тигізетін маңызды қадам. Сондықтан «Алматы-Стекло» сияқты заманауи кәсіпорындар да Елбасы айтқан жаңғыру мен цифрландыруды жүзеге асыруда аса белсенді болуы тиіс.

– Елбасымыз өзінің бүгінгі Жолдауында ең жоғары цифрлық технология негізінде ел экономикасын дамытудың 10 басым бағытын айқындап берді. Ең бастысы, отандық кәсіпорындардың шығарған өнімдері экспорт талаптарына сай болуы тиіс. Осы тұрғыдан келгенде Австрия және Италия технологияларының негізінде жұмыс істейтін «Алматы-Стекло» зауыты қазірдің өзінде өнімдерін әлемнің көптеген елдеріне экспорттауда. Бұрын Алматы облысы негізінен аграрлық өңір ретінде саналып келсе, индустрияландырудың нәтижесінде аграрлы-индустриалды аймаққа айналды. Өткен жылы облыстың өндірістік өнім көлемі 750 миллиард теңгені құрады. Қазір біз тұрған бір ғана индустриалды аймақта 17 жаңа кәсіпорын іске қосылды. Сондықтан Елбасымыз экономиканы жаңғыртып қана қоймай, алдымызға әлемдік бәсекеге қабілетті өнім шығаратын осындай кәсіпорындарды көптеп ашу жөнінде жаңа міндеттер қойып отыр, – деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Сонымен қатар, партия Төрағасының Бірінші орынбасары облыс әкімі Амандық Баталовпен бірге кондитерлік өнімдер шығаратын «A Product» ЖШС-да болды. Одан бөлек, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында салынып, 2017 жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілген «Батыр бабалар» мемориалды кешені мен Шамалған ауылында жаңадан ашылған Елбасы, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында болды.

Сапар соңында Мұхтар Құл-Мұхаммед «Нұр Отан» партиясының облыстық, аудандық, қалалық филиалдары мен бастауыш партия ұйымдарына Елбасы Жолдауындағы барлық басым бағыттың жүзеге асырылуын қатаң бақылауға алуды және бұл маңызды құжаттың мәні мен мағынасын Алматы облысының әрбір тұрғынына түсіндіру жүмыстарын жүйелі түрде жүргізуді тапсырды.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір