• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 21:59:44
Алматы
+35°

06 Желтоқсан, 2017 Аймақтар

Мұсылмандық бес парызбен толықпайды

Бүгінгі күннің әрбір мұсылман баласына ой салатын әңгімені филология ғылымының кандидаты, профессор Омар Жәлел тарқатып берді

Мұсылманның парызы қайсы? Міндеті не? Құлшылық пен тіршілік қайтсе қабысады? Бүгінгі күннің әрбір мұсылман баласына ой салатын әңгімені филология ғылымының кандидаты, профессор Омар Жәлел тарқатып берді. Назарларыңызға ұсынамыз. 

– Аға, жақында жарық көрген «Харекет» кітабыңыз оқырмандар арасында қызу талқылануда.  Осы кітабыңыз шыққаннан кейін өзіңізде қандай ой пайда болды? «Әттеген-ай» деген тұсыңыз болды ма?

– Жоқ. Ешқандай да өкініш болған жоқ. Себебі, бұл о баста еленіп-екшелген, талқылаулардан өткен диссертациялық жұмыс болатын. Шынымды айтсам, «Харекетті» дәл осылай қоғамдық пікір тудырады, оқырмандар тарапынан үлкен қызығушылық болады деп ойлаған жоқпын. Жазылғаннан кейін алты жылдай жатқан дүниемді шәкірттерімнің өтінішімен, айтуымен кітап қылып шығардым. Өкінетіндей бұл әдеби шығарма емес, ғылыми жұмыс. Бірақ, осы «Харекеттен» кейін осы кітапқа енбеген, Абайдың жаңа қырлары, жаңа ойлар келіп жүр.

 

– Кітабыңыз Абайдың «Адам бол, мал тап» деген қағидасын негізге алады.  Адам қайтсе адам қалпында қала алады?

– Шынын айтқанда, кейінгі кезге дейін Абайдың осы «Адам бол, мал тап» деген сөзін назарға алмай келдік. Абай бұл сөзді ештеңеге сүйенбей ата салғандай сезіндік. Бірақ, Абай анық айтып тұр екен. Жалпы, кешегі Кеңестік кезеңде тәрбиеленген ұрпақ адам болуды мал табумен еш байланыстырған емес. Себебі, ол кезде кәсіппен айналысуды намыс санайтын. Тіпті, «саудагер» деп кемсітіп айтатын. Себебі, идеология солай болды. Ал қазір адамның адам болуы мал табумен байланысты болып тұр. Заманның өзі соған алып келді. Мал – капитал. Қазақ бұрын «мал-жан аман ба?» деп амандасқан. Неге қазақ ең ардақты жанының алдына малды шығарып тұр дейсіз? Ол мынадай үш жағдайға байланысты екен. Біріншісі, мал адамның жанын аштықтан, суықтан, ыстықтан сақтайды. Яғни, физикалық тұрғыдан сақтайды. 

Екіншіден,  мал адамның ұятын, ұжданын сақтайды. Егер малың жоқ, кедей болсаң еріксіз біреудің дүниесіне көз тігесің. Ұятты қойып одан нан сұрайсың, қарыз сұрайсың. Бұдан кісінің қадірі кетеді. Шәкәрімнің де «мақтан үшін мал жима, жан үшін жи, Біреуге көзсүзбестің қамы үшін жи» дейтіні осы.

Ал үшінші мағынасында мал адамның бойындағы адамдық қасиеттерін жүзеге асыруға көмектеседі. Абай айтады «малды ихсанда қолың қысқа болмас үшін жи» дейді. Ихсан ислам дініндегі бір мағнасы мұқтажға көмектесу дегенді береді. Адам біреуге жақсылық жасау арқылы ғана өзінің бойындағы жақсы қасиеттерін сыртқа шығара алады екен.

Міне, қазақтың «Мал-жан аман ба?» деген бір ауыз сөзінің астарында: «Харекетің бар ма? Кәсібің бар ма? Қалтаң қалын ба?» деген сөздер жатыр.

 

– Жалпы адам бай болу үшін білімді болу керек пе әлде ақылды болу керек пе?

– Қолыңда түк жоқ болса құр ақылдан пайда жоқ. Мәшһүр Жүсіп «ақыл малда» дейді. Бір қарағанда құлаққа түрпідей естіледі. Бірақ, шындығы сол. Мәселен, анаңыз қатты ауырып жатса, сіздің қолыңызда сол анаңызды емдететін мал болмаса құр ақылмен не амал қылмақсыз. Мәшһүрдің «Ақыл малда» деп отырғаны осы.

Қазақта «Адамнан сұрағанның екі көзі шығады, Алладан сұрағанның екі бүйірі шығады» деген нақыл бар. Біз қазір «айлығымды көбейтші, сыйақымды көбейтші» деп адамдардан сұрап жүрміз. Осыдан біздің екі көзіміз шығып жүр. Яғни, нәтижесіз. Негізінде, малды иесінен сұрау керек. Ал малдың иесі кім? Әрине, Алла.  Абай: «Құдайдан мал сұрайсыңдар, берсе алмайсыңдар» деді. Құдай не берді дегенге, Абай: «Алла Тағала сендерге мал табарлық қуат берді» дейді. Сонда адамзатқа денсаулық мал табу үшін берілген екен. Ешкімге жалтақтамай, тіленбей өмір сүру үшін Алла адам баласының он екі мүшесін сау, қуатты қылып жаратты. Негізі, әрбір ата-ана ұл баланы мал табуға, қыз баланы ана болуға тәрбиелеу керек. Қазір тепсе темір үзетін қаншама жігіттер кедей. Неге? Себебі, оларға басында тәрбие дұрыс берілмеген. Қазақта «он екі мүшең сау болса, кедеймін деп айтпа»  деген мақал осы жайттарға қатысты айтылса керек.

 

– Сіз қазір мешіт медресесінде де шәкірттерге дәріс бересіз. Қазір сол шәкірттерге дінді тек 5 парыздың төңірегінде ғана түсіндіріп жүрген жоқпыз ба?

– Рас, қазір шәкірттерге дінді тек 5 парыз шеңберінде түсіндіріліп жүр. Бірақ, мұсылманшылық бұл бесеуімен толықпайды. Мәселен, ДАИШ-тың содырлары ауыздарынан Алланы тастамайды. Ал, жасап жүргендері мұсылмандықтың маңайына да жуықтамайды. Мәшһүр Жүсіп: «Мұсылманшылық ең бірінші уағдаға опалы болумен болады» дейді. Уағда деп отырғаны уәде ғой. Қазақ «Айтсаң уәдеңе жет, уәдесіз Құдайға шет» дейді. Біздің Алла Тағалаға берген ең алғашқы уәдені «әлмисақ уәдесі» дейді екен. Алла Тағала адамды толық жаратпай тұрып «Раббыларың кім?» деп сұрады. Сонда, «Я, Раббым сенсің» деді. Біз осылайша Құдайға уәде бердік. Біз енді сол уәдеге адал болуымыз керек. Алла Тағала Құран Кәрімде бірнеше мәрте, «Мен уәдемнен таймаймын, сендер уәделеріңнен таймаңдар» деп ескертеді. Бірақ, біз ұмытшақпыз. Құдайдың алдындағы уәдемізді ұмытып кетеміз. Мәшһүр Жүсіптің: «мұсылманшылық ең бірінші уағдаға опалы болумен болады» деп отырғаны осы.  Біз қазір бір-бірімізге берген уәдені орындамаймыз. Сонда біздің қай жеріміз мұсылман. Сайд Нұрси деген түріктің ғұламасы Англияға барған кезде «слова джентльмен» дегенді көріп таң қалып, «ағылшындарда дін жоқ, мұсылмандық бар екен, ал бізде дін бар, мұсылмандық жоқ» депті. Яғни, ағылшындар бір дүниеге уәде беріп, «слова джентльмен» деп айтса болды. Оған қолхат, келісімшарт дегеннің қажеті жоқ. Міндетті түрде уәдесінде тұрып, орындайды екен. Ал, бізде қол хат жазып беріп тұрып алдап кететіндер бар ғой.

Яссауидың да айтатыны осы. «Басыңа шалма орадың, үстіңде сүннет көйлек, қолыңда тасбих. Бірақ, мұсылман болмадың» дейді Яссауи.

Мұсылмандық екінші сипатын тағы да Мәшһүр айтады: «Пайдамен зиян қатар келгенде пайданы өзгеге беріп, зиянын өзіңе қалдыру» дейді. Бұл өте қиын жағдай. Себебі, біздің нәпсіміз өте күшті. Егер алдымызға бір арзан, бір қымбат зат келіп, соның біреуін өзгеге беру керек болса, сапалысын, тәуірін, қымбаттауын өзімізге алып қалғымыз келіп тұрады. Яғни, нәпсінің қалауын жасаймыз.

Ал бұл да мұсылмандыққа жатпайтын қылық. Қазақ «Пайда зиянның арғы жағында» дейді. Егер әлгі заттың сапалысын біреуге беріп, нашарын өзің алып қалсаң сенің нәпсің зиян шегеді де, рухың байиды екен. Ал, мұсылмандықтың үшінші сипаты, жомарттық, төртінші сипаты, мұсылмандықтың шыңы, барша адамды Адам ата мен Хауа ананың баласы, менің бауырым деп қараумен болады дейді. Қазір біз өзге ұлтты былай қойғанда өз қазағымызды жақтырмаймыз ғой.

Одан кейін жалпы жұртқа пайдалы болсаң мұсылмансың дейді. Яғни, жақсы ұстаз болсаң, жақсы етікші болсаң. Жұрт сенің ісіңнен ләззат алса сен шынайы мұсылмансың. Осы ойын қорыта келе Мәшһүр атамыз айтады: «Әйтпесе, құр намаз оқумен, құр ораза ұстаумен, домалақ-домалақ тастарды жіпке тізіп алып санаумен мұсылманшылық болмайды».

Дін өзі үш нәрсемен болады. Ол ақида, амал, ақылақ (ахлақ). Ақылақ деп айтып отырғаны – мінез.  Дәл қазір бізде осы соңғы ақылақ мәселесі ақсап тұр. Бұны имамдар да түсінді.

 

Сұхбаттасқан Олжас СӘНДІБЕК

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір